Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров бастаған комитет мүшелерімен кездесті, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аталған комитеттің көшпелі отырысына Жетісуға арнайы келген депутаттарға ризашылығын білдірген облыс әкімі көшпелі отырыстың өңірдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың өзекті мәселелерін, құқық қолданудың тиімділігін және заңнамалық өзгерістер жөніндегі ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сол сияқты аймақта құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың, соның ішінде балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Мәселен, облыс мектептеріндегі «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы оқушылардың құқықтық тәрбиесіне оң ықпал етсе, өңірдегі 7 «Жанұя» отбасын қолдау орталығы бүгінге дейін өмірлік қиын жағдайға тап болған 205 отбасыларға әлеуметтік, заңдық, психологиялық қолдау көрсеткен. Сондай-ақ құқықтық тәртіпті сақтаудағы цифрландырудың рөлі, соның ішінде бейнекамералар орнату, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жайлы айтып, мұндай қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатын атап өтті.
— Жетісу облысы құқық тәртібін жүйелі түрде дамытуға мүдделі. Біз сындарлы ынтымақтастыққа ашықпыз, тәжірибе алмасуға және бірлескен шешімдер қабылдауға әрқашан дайынбыз. Комитеттің толық құрамымен біздің өңірге келгені, мәселені бірге талқылағанымыз өте орынды іс-шара деп санаймын. Парламент Сенаты, оның ішінде сіздердің Комитеттің жан-жақты қолдауы құқықтық реформалардың өңірлерде тиімді іске асырылуына қосымша серпін беретініне сенімдімін, — деді Б. Исабаев.
Өз кезегінде Сенат Комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Жетісу облысында өткізілген көшпелі отырысты ұйымдастыруда белсенділік көрсеткені үшін облыс басшылығына, облыстық мәслихатқа ризашылығын білдірді. Комитеттің көшпелі отырысын өткізу үшін Жетісу облысын бекер таңдалмағанын атап өтті. Облысты жаңадан қайта құру, қызметтерді үйлестіру, халықты ортақ іске жұмылдыру, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге жету үлкен жұмысты қажет ететінін, бұл орайда облыстың даму қадамдарын көріп отырғанын тілге тиек етті.
— Соңғы жылдары қолға алынған реформалардың нәтижесінде азаматтық қоғамды дамытуда үлкен өзгеріс бар. Біз аймақтардағы мәслихаттармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, өңірлерден бізге ұсыныстар жиі түседі, соның ішінде Жетісу облысының мәслихатының белсенді екенін атап өту керек. Бүгінгі көшпелі отырыста айтылған ұсыныстар мен пікірлердің барлығы назарымызға алынды, тиісті құрылымдарға жеткіземіз. Отырыс бәріміз үшін де пайдалы болды деп ойлаймын, — деді Н. Бекназаров.
Еске салсақ, бүгін Талдықорғанда ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өткен болатын. Онда Заңның үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев балалардың құқығын қорғау мәселесі бойынша баяндады. Сол сияқты облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, Жетісу облыстық сот төрағасы Ержан Кененбаев, облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев және басқа да лауазымды тұлғалар өз құзырындағы мәселелер бойынша баяндама жасады.
Фототілші: Жеңіс Ысқабай