Қыркүйектің 13-17 күндері аралығында еліміз бен шетелден келген тоғыз театр ұжымы бас қосып, өнер додасына түсті. Әр күн сайын сахна шымылдығы екі мәрте түріліп, түрлі жанрдағы, сан алуан тақырыптағы қойылымдар көрерменге жол тартты. Бес күн бойы жалғасқан өнер аламаны тек театрсүйер қауымды ғана емес, жалпы руханиятқа жанашыр жұртты да ерекше әсерге бөледі.
Фестивальдің басты ерекшелігі – қойылымдармен шектелмей, шығармашылық ой-пікірдің, кәсіби тәжірибенің тоғысқан алаңына айналуы. Шетелдік қонақтар мен отандық театр майталмандары шеберлік сабақтарын өткізіп, жас актерлер мен режиссерлерге бағыт-бағдар берді. Заманауи режиссурадағы жаңа ағымдар, актерлік ізденістер мен сахналық пластика мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл – театр өнерінің дамуындағы үлкен қадам, болашақ буынға жол нұсқайтын тағылымды мектеп болды.
Халықаралық театр фестивалінің жабылу рәсімінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз сөйлеп, театрдың ұлт руханиятындағы орнын атап өтті. Ол «BIKEN FEST ІІІ» қойылымдары көрерменге терең ой салып, өнердің өміршеңдігін айқындағанын жеткізіп, Бикен Римова есімімен өткен бұл мерекенің жастарға шабыт беріп, Жетісу мәдениетінде тарихи белес болып қалатынын тілге тиек етті. Бұл фестиваль келер жылы да жалғасатынын айтып, қойылымдарға төрелік еткен әділқазыларға шынайы алғыс білдіре отырып, фестиваль қонақтарына Алғыс хаттар табыс етті.
Халықаралық фестивльдің соңғы спектаклі Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Чарли-Чаплин» трагиокомедиясымен қорытындыланды.
Адамзат алдында өнерімен дараланып, ғасырлық мәдениет символына айналған тұлғаны сахнаға алып шығу – кез келген театр ұжымының ең күрделі де жауапты қадамы. Бұл қойылым – әлемге әйгілі комедия шебері Чарли Чаплиннің тағдырынан сыр шертетін спектакль. Алайда сахнадағы ізденістің бағыты мен шешіміне қатысты ой бөліскен қазылардың пікірі аз болмады. Бірі: «Біздің түсінігімізде трагикомедия – айқын жанр. Көрермен оны көзбен көріп, көңілмен түйсінеді. Бірақ бұл қойылымда трагикомедиядан гөрі эксцентрика басым болып кеткендей әсер қалдырды», – десе, келесі алқа мүшесі: «Чаплинді сахнаға шығарғанда ең алдымен оның тағдырын ғана емес, сол тағдыр арқылы жан әлемін, ішкі дауылын көрсету маңызды еді. Ал мұнда әрбір актер сахнада Чаплиннің өзін ойнағандай. Нәтижесінде тұлғаның дара қырлары бөлініп, көрсетілмеді. Күлкі шақырып, жылатып та алатын сахналық тәсілдер бар. Бірақ ұлы тұлғаның өміріндегі терең трагизм, оның өнерінің астарындағы айбарлы күрес сахнада жеткілікті ашылмай қалғандай», – деп ішкі ой-толғамдарын айтты.
Бескүндік өнер бәйгесінде тоғыз театрдың ішіндегі топ жарғандар анықталды. Қазылар алқасы өнер сапасын, режиссерлік шешімдерді, актерлердің шеберлігін саралай отырып, жеңімпаздарды марапаттады. Нәтижесінде бас жүлде Абай облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Абай айтқан Еңлік-Кебек» спектаклі лайықты деп танылып, 1 000 000 теңге сыйақыны еншіледі. «Үздік пластикалық режиссура» номинациясын Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Чарли Чаплин» спектаклі иеленсе, «Ең үздік ер адам бейнесін» сомдаған Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театрының актері Төлеубек Көңбай «Киотоға жол» спектакліндегі «Қожажас, Актер, Әмір, Капитан» рөлдері үшін, «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациясы Әзірбайжанның М театрының актрисасы Оксана Расулова «Бейтаныс әйелдің хаты» спектакліндегі «Бейтаныс әйелдің» рөлі үшін марапатталды. Ал Өзбекстанның Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры «Чор Дарвеш» спектаклін сомдап, «Үздік актерлік ансамбль» аталымы атанды. «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясын Т. Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының актері Нұрлан Салидинов «Әділет» рөлімен, Георгий Ратиани атындағы Сухуми жастар театрының актрисасы Кристине Беруашвили «Кормилица» рөлін сомдап, «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» номинациясымен марапатталды. Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының «Тастамашы ана» спектаклі «Үздік сценография» деп танылса, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының «Қар қызы» спектаклі «Үздік музыкалық безендіру» бойынша биіктен көрініп, қаржылай сыйлықтарға қол жеткізді.
Досхан Жолжақсынов, Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, продюсер, режиссер, «BIKEN FEST ІІІ» халықаралық фестивалінің қазылар алқасының төрағасы:
– Бұл күн – көрермен мен өнерпаздар үшін ақтық сәт болмаса да, еңбектің еленетін, маңдай тердің бағаланатын сәті. Өнерпазға ең әуелі көрермен ықыласы керек. Халықтың жүрек төрінен шыққан әділ бағасы – әрбір шығармашылық иесіне шабыт пен жігер береді. Біз қойылымдарды әр тақырып, әр көңіл-күй тұрғысынан қарадық. Әрине, спектакльдердің жанры да, мазмұны да әртүрлі болды. Өнер болған соң оның әсері де сан алуан. Сол үшін біз ең алдымен актерлердің жүректен шыққан шынайы ойынына баса назар аудардық.
Шалғайдағы театрлар да, іргедегілер де келіп өз өнерін, тәжірибесін ортаға салды. Жалпы бұл фестиваль біз үшін үлкен олжа болды. Неге десеңіз, бүгінгі заманауи режиссерлердің батыл шешімдері, актерлердің шынайы бейнелері, кез келген тақырыпқа жаңаша көзқарас таныта білуі қуантты. Тоғыз қойылымның әрқайсысында жүректі толқытқан шоқтығы биік дүниелер бар.
Өз басым сахнадан мейлі кинодан болсын көрермен ретінде қарауды ұнатамын. Табиғатым солай қабылдайды: мені жылату да, толқыту да қиынға түспейді. Бұл фестивальде сондай әсерге бөлеген сәттер аз болған жоқ. Әрине, «әр нәрсенің түйінін айту оңай емес» дейді ғой қазақ. Біз қаншалықты әділқазылар алқасында отырсақ та «Кірсіз тек Ай ғана, мінсіз тек Құдай ғана» деген тәмсіл бар. Пенденің тіршілігі болған соң бәрінде мін табылуы заңды. Бірақ біз қолымыздан келгенше әділ болуға, өмірлік тәжірибемізді, көрген-білгенімізді, оқыған-тоқығанымызды ескере отырып шешім қабылдауға тырыстық. Қалай дегенмен, халықаралық деңгейдегі бұл фестиваль – ұлт руханияты үшін үлкен мереке деп санаймын.
Жетісудың жүрегінде өткен бұл думан өнер сүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, театрдың құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді. «BIKEN FEST ІІІ» халықаралық фестивалі сахна шымылдығын жапқанымен, өнерге деген құштарлықтың, шығармашылық алмасудың жаңа көкжиегін ашты.
Сарби ӘЙТЕНОВА





