ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары таныстырылып, ел аумағындағы канал мен су қоймаларын салу және қайта жаңғырту мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, аймақтағы су шаруашылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.
Бірінші мәселе бойынша ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.
Лауазымды тұлғалардың айтуынша, Маңғыстау облысында дамудың кешенді жоспары аясында 2,1 трлн. теңге сомасына 214 жоба іске асырылады. Нәтижесінде инвестиция 2 есе ұлғайып, өңір экономикасы 32%-ға өседі. Осы арқылы еліміздің мұнай-газ секторының, өңдеу өнеркәсібінің, туризмнің, көлік пен логистиканың тағы басқа салалардың дамуына серпін береді. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы жаңарып, өңір халқы сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етіліп, 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Өнеркәсіп көлемі 27%-ға, халықтың нақты табысы 40%-ға өспек.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарының әкімдері баяндама жасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суармалы жерлердің ауданын 2025 жылға қарай 2,2 млн. гектарға, ал 2030 жылға қарай 3 млн. гектарға кеңейту бойынша нақты міндет жүктеп отыр. Бұл суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Алдағы бес жылдық кезеңде ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын 120 каналды қайта жаңғырту мен жалпы көлемі 1,7 млрд. текшеметр 9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады. Сонымен қатар, өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды жаңғырту, жөндеу және оларға қызмет көрсету жүргізіледі. Өз кезегінде облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ:
– Бүгінде облыста 249 гидротехникалық нысан орналасқан. Барлық су желілерінің ұзындығы 17 мың шақырымды құрайды. Сушаруашылығы саласында суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін аймақтағы 16 ауданда суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Осы мақсатта жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 3,3 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі таңда үш ауданда Ислам даму банкі қаражатын тарта отырып, құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 10,9 мың гектар суармалы жер іске қосылады деп күтілуде. Су шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеу бойынша 2018-2020 жылдары 485 млн. теңге сомасында 44 жобаны асыруға байланысты құжаттар әзірленген. Оның ішінде құны 6,5 млрд. теңгелік 24 жоба жергілікті бюджет есебінен атқарылып, 16,6 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі. Қалған 20 жобаны іске асыру үшін қосымша 9,5 млрд. теңге қаржы керек.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құны 3,6 млрд. теңге Көксу-Қаратал бөгеті, Панфилов ауданындағы Өсек су торабы, Талдықорған қаласындағы суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмысы атқарылуда. Осы жобалар іске асқанда 54 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ететін боламыз. Үкіметтен берілген 5,6 млрд. теңге қаржының көмегімен Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Бүгінде Қызылағаш ауылындағы ауыспалы алқаптың аумағын 7 мың гектарға дейін ұлғайту үшін құны 8,9 млрд. теңге суару желісін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді. Қаржы бөлінсе жұмыс келер жылы басталады.
Тағы бір айта кетер дүние – Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Сакадиловка, Бүйен, Сұңқар, Диірмен, Балықты өзендерінен 5 су қоймасын салудың техникалық, экономикалық негіздемесі әзірленуде. Егер осы жоспар іске асатын болса 19,4 мың. гектар суармалы жерді айналымға енгізуге болар еді. Жалпы 2025 жылға дейін облыста 137,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіреміз. Су шаруашылығы бойынша жұмыстар жалғасуда және үнемі бағылауда тұр, – деп атап өтті.
Соңында Премьер-Министр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен қайта жаңғыртудың, сондай-ақ, оларды цифрландырудың, Ауылшаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ, жайылымдардағы гидротехникалық құрылыстарды, құдық және скважиналарды жаңғырту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Қажет АНДАС





