Биыл ұлы ғалым, шығыстанушы, этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл. Осы мерейтой аясында Талдықорған индустриялық колледжінің белсенді студенттері «Алтынемел» мемориалдық мұражайына арнайы барып, ғалымның ізі қалған киелі мекенмен танысып қайтты.
Сапар Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында көрсетілген ұлттық құндылықтарды жас буын санасына сіңіру, тарихи тұлғаларды дәріптеу және ел тарихын тереңірек таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Жастар Шоқан ауылының көркем табиғатына жақындаған сәттен-ақ биік шоқының үстінен алысты шолған ғалымның ескерткішін көріп, ерекше әсерге бөленді.
«Алтынемел» мемориалдық мұражайы 1982 жылы ашылған. Мұнда Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми еңбегіне қатысты мыңнан астам құнды жәдігер жинақталған. Экспозицияда этнографиялық жазбалары, тұрмыстық заттары, сапарлардан әкелген кәдесыйлары, замандастарының суреттері мен құжаттары қойылған. Тарихи материалдар заманауи форматта ұсынылып, QR-код арқылы мультимедиалық ақпараттар қолжетімді.
Мұражай төріне қазақ даласының кеңдігімен үндестіре тоқылған, биіктігі 10 метр болатын үлкен гобелен ерекше көрік береді. Сонымен бірге Шоқанның өзі тарихи жазбаларында сипаттаған Қозы-Көрпеш – Баян сұлу мазарының макеті және ғалымның Ф. Достоевский, Г. Потанин секілді замандастарымен түскен фотосуреттері де көрермен назарына ұсынылған. Шоқанның Тезек төре ауылында болған сәттерін бейнелейтін макеттер де сол дәуірдің тынысын шынайы жеткізеді.
Мұражайдың бір бұрышында орыс география қоғамы мүшелері Шоқан қайтыс болғаннан кейін басына қойған мәрмәр тас сақталған. Экскурсия жетекшісі бұл тастың тарихи мәнін айта келе оны өз қажетіне пайдаланбақ болған адамның қайғылы оқиғасы жөнінде де деректер келтірді. «Киеліге қол салсаң, киесіне ұшырайсың» деген аталы сөздің айқын дәлелі студенттерге үлкен ой салды.
Ғалымның мол мұрасын жинақтап, бес том етіп жариялаған Әлкей Марғұлан еңбегіне арналған бұрыш та мұражайдан орын алған. Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың музейге жасаған сапарларынан сыр шертетін фотодеректер келушілерге ұсынылған.
Небәрі 30 жыл ғана өмір сүрсе де Шоқан Уәлиханов қазақ ғылымының бағдаршамына айналған тұлға. Оның тарихи-этнографиялық еңбектері мен зерттеулері – жас ұрпаққа үлгі боларлық өшпес мұра.
Талдықорған индустриялық колледжі ұйымдастырған бұл танымдық саяхат студенттердің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға зор ықпал етті. Жас буын Шоқан жүріп өткен жолмен танысып, ғылыми мұрасының тереңдігін сезініп, рухани байып қайтты.
Шоқан салған сара жол – ұлт рухының мәңгілік шамшырағы.
Х. Кәріпжанова,
Талдықорған индустриялық колледжі директорының орынбасары





