Вице-министр өнеркәсіп пен индустриалды-инновациялық даму салаларына жетекшілік ететінін айтып, атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Цифрландыру мәселесіне баса назар аударып, келер жылы іске қосылатын цифрлық платформа бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Кездесу барысында қатысушылар отандық тауар өндірушілердің тендерге қатысу, отандық тауар өндірушілер реестріне енгізу, энергия тасымалдаушыларға тарифтерді көтеру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және басқа да мәселелер бойынша өзекті сұрақтар қойды. «Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын және «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды.
Олжас Сапарбеков қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, айтылған ұсыныстарды әзірлеу үшін бірігіп еңбек етуді ұсынды.
Вице-министр жұмыс сапары аясында компанияның қызметімен танысу үшін «ASMA INDUSTRIAL ЖК» ЖШС-не арнайы барды.
Еңлік КЕНЕБАЙ





