Дін өкілдері Абайды ұлықтады. Қалай? Хакім жайында білгенін айтып, шығармаларын мәнінде оқыды. Бір қызығы, облыстық дін істері басқармасы ұлы ақынның ғұмырынан, шығармаларынан викториналық сұрақтар қойып, дін өкілдері соған жауап берді. Сайыс түрінде өткен шара «Abay horsing» этноауылында өтті.
Өңірде өтіп жатқан діни бірлестіктер клубының 2-ші отырысы аясында өткен танымдық һәм сайыстық шараға 6 команда қатысты. «Нұр», «Өмір», «Иман», «Магнификат», «Небесный патруль», «Благовестники» атаулы командалар бірінші кезеңде сұраққа жауап беру арқылы өзара ұпай бөлісті. Екінші кезеңде Хакім Абайдың туындыларын мәнерінде жатқа оқыды. Үшінші кезеңде ұлттық ойындарда сынға түсті. Асық ойнады, арқан тартты, садақ атты және гір тасын көтеріп, кім мықтыны анықтады.
– Діни бірлестік жетекшілері клубының кезекті отырысы өтті. Ұлы ақынымыздың 180 жылдығына орай Астана қаласында өтетін және дәстүрлі діндер лидерлері съезі қарсаңында өткен жиынның мақсаты діни тұрақтылықты қалыптастыру, конфессияаралық келісімді қалыптастыру және әлем таныған Хакім Абай мұрасын ұлықтау. Викториналық шараға 6 команда өтініш беріп, сайыста өзара мықтыны анықтады, – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабай.
Сайысқа халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иесі Әміре Әрін, «Jetisý» газеті бас редакторының орынбасары Мәди Алжанбай және облыстық ұлттық спорт клубы, жамбы атудан жаттықтырушы Дархан Мырзаханұлы төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен «Нұр» командасы қарсыластарын шаң қаптырып, 1-орынды және 140 мың теңгелік сертификатты қанжығаға байлады. Ал, 2-орынды және 100 мың теңгені «Өмір» командасы еншілесе, үздік үштіктер сапынан көрінген «Иман» командасы 80 мыңға қол жеткізді. Сондай-ақ, өзге командалар да сыйсыз қалмады. Оларға қаржылай ынталандыру сыйлығы табысталды. «Арман асуы» қоғамдық қоры демеушілігі нәтижесінде бірнеше қатысушы сайыс барысында даралануына орай сый-құрметке ие болды.
Дастанбек САДЫҚ