Ғұмырында ізгілік пен мейірімді бойына сіңіріп, өмірлік өлшемі, мақсаты мен мұраты еткен адамдар баршылық. Олар қашанда қарақан басының қамынан гөрі айналасындағы жұмыр басты пенделердің жай-күйін жоғары қойып, елдің еңсе тіктеуін өзінің толысып-жетілуінен де, адамгершілік тегершігінен де терең өлшеммен бағалай білгендер. Сондай жылы жүректі азаматтардың арқасында кешегі ауыр кезеңді басынан өткерген ел ақ сүрдегінен айнымай, құрыш білегінің күшін құйқалы топырақты тепсіп өскен өскіннің ырыздыққа айналуына беймарал қарекет жасады. Соның арқасында солақай саясаттың салқыны тән тоңдырған алмағайып заманда да еңбекторы атанған айбарлы азаматтарының «Еңбек Ері» сынды жоғары марапатқа ие болуына жол ашты. Қызылша өндіруден ел көлемінде рекордтық көрсеткіш көрсеткен Зылиха Тамшыбаева сынды ұлт мақтанышымен бірге егіс алабында маңдай терін шүмектетіп еңбек еткен Таңатар АБДРАХМАНОВ жайлы әлқисса сөздің басында осылай толғануымыздың да мәні бар. Өйткені, оның ғұмырбаяндық-хамсасына қарата айтылған есті естеліктердің бәрі бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге таратар таңғажайып дүниелер.
…Атшаптырым аймақты алып жатқандай кең де жарық бөлмеге күнделікті дағдымен келіп, не бір тағдыр өрнектелген материалдарды екшеп, зер салып, қарбаласа бастағанда телефон үні құлаққа жетті. Бейтаныс нөмірді керенеу қабақ астымен шолып өтіп, тұтқаны көтердік. Арғы шеттен жарықшақтанып шыққан қоңыр дауыс иесі өзін таныстырып, Көксу аудандық мәслихатын ұзақ жылдар басқарған, аталған ауданның Құрметті азаматы Болат Қисметов деген ағаң боламын дегенді айтты. Балпық бидің ұрпағы, қаламының желі бар ақсақалды бірден тани кеттік. Арадағы азын-аулақ есендік сөзден кейін хабарласуының мән-жайын егжей-тегжейлі термелей жөнелді.
– «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деуші еді бұрынғылар. Саналы ғұмырын еңбекке арнаған ауданымыздың зиялы ақсақалы, абыз кеуде, тау мүсін Таңатар Абдрахманов «covid» індеті бұрқырап тұрған шақта арамыздан кетіп еді. Жылы да таяды. Осы наурыз айының жуан ортасында ұрпақтары асын бермекші. Елдің еменіндей еңселі тұлға жайлы көзкөргендерінің естелігін хатқа түсіруді жөн санап отырмыз, – деді. Би ұрпағы болған соң тілге ағып тұрған ақсақалдың уәжіне жығылып, Таңатардай бірегей азаматтың асыл тұяғы Керімтай бастаған зиялы азаматтармен, ақсақалдармен дидарластық.
Самарқанның көк тасын жібітетіндей төбеден шақырая төніп тұрған күннің кесек сәулелері тәнді жіпсітіп жібергеннен бе, әлде, көктемнің көкөзек шағында біз үшін жұмбақ болған азаматтың арғы-бергі тарихын тыңдап, тебіренгеннен бе, сол дидарласу сәтінен әсерленіп шықтық. Таңатар ақсақал заманында еңбектің көрігін қыздырып, елдің игілігі үшін маңдай терін шүмектеткен, тұлғалық болмысы мен адами қасиеті де ағайын-туысына, ел-жұртына аңыз болған азамат екен. Сонау 1937 жылдың 29 ақпанында Көксу ауданына қарасты Еңбекші ауылында от жүрегін тулатып өмірге келген. Жеті сыныптық білімімен-ақ Жер-ананың құтты құрсағына алтын дән тастап, одан телегей өнім алған жан. Ел үшін еткен еңбегі Кеңес одағы тарапынан бағаланып, есімі елге танылған-ды.
– Қазақ сахарасының сарқылмас кеніндей ақыл мен білімі өзгеден озық көрінген азаматты мен сонау бір жылдардан бері білемін, – деп әңгімесін бастады Болат Жұмаханұлы. – Ә дегендегі таныстықтың өзі тарихтың бір тарауындай мағыналы, мазмұнды болғанымен мен оған соқпай, Таңатар ағаның қасиеттеріне тоқталайын. Мұқыры ауылында бес жылдай бас есепші болып, қызметім жоғарлаған соң ауданға ауысып келген кезім. Жас едім. Сол кездерде ағамен біз жиі дидарласып, араласып тұрдық. Таңатар ағаның мінезі сабырлы, жайлы, әңгімесі салмақты, өте көрікті адам болған. Зылиха апамның оң қолы, ауыл-аймаққа аса қадірлі жан еді. Әлі есімде, қызылшадан Еңбекші ауылы ең артта қалған шар-уашылық болатын. Соны бұл кісілер дүркіретіп, Қазақстанға әйгілі жасады. 1981 жылы Зылиха апам Таңатар, Егінбай, Зәкәрия, Сейдахмет, Ізтай сияқты адамдардың арқасында, бірлесе атқарған ерен еңбектің нәтижесінде «Еңбек Ері» деген атақ алған, – деп толғанды.
Бала жасынан еңбекпен көзін ашқан, еңбекпен жетілген Таңатар қария қазақ халқының ең бір ауыр кезеңдерін басынан өткерген. Ол тоқырау жылдарын, ұжымдастыру саясатындағы аумалы-төкпелі тұрмысты да бағамдады. Жастық жалынын, жігерін елдің түтіні түзу шықса деген мақсатқа арнады. Сол үшін құрыш білегінен күш сарқылғанша астық алқабында жүріп, қарапайым арбакештен бастап басқарма басқарып, ауылдық кеңестің төрағасы сынды қызметтерге дейін көтерілді. Кейіннен аудандық мәслихатқа депутат болып та сайланды. Ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетін құюға, салт-сананы жаңғыртып, дәстүр мен құндылықтарды құнттауға бағыттады.
Деректі фильмнің лентасындай үзік-үзік толғаммен Таңатар Абдрахмановтың өнегелі өмірінің әр-әр жерінен естелік келтіріп жатқанымызбен, оның ақ сүрдегін құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдастарының естелігімен көмкерсек, сонда таңғы шықтай таңғажайып мөлдір дүние екенін аңғарасыз. Атағы одақ көлемінде дүркіреген кеңшардың бас есепшісі болып 25 жылдан аса жұмыс істеген кейіпкеріміздің әріптесі, дос-бауыры Сейдахмет қария Қожаберген:
– Таңатар тарихтың тарланбозы деуге болатын атпал азамат еді. Ол қарапайым арбакештен бастап басқарманың көмекшісі, бригадир, басқарма басшысы сынды сатылы қызметтерді абыроймен аттай білген білімді де білікті, жүзінен иманы төгіліп тұратын сырбаз жан болатын. Ата-бабаны, аруақты ерекше сыйлайтын көреген азамат жұмысын көктемде зиратты тазалаудан бастаушы еді. Мұның астарында «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақ пәлсапасының салмағы жатса керек. Шаруаның басы солай дөңгелей келе жылғаларды тазартуға ұласып, егіс алқабына өтетін. Қарапайым шаруалармен бірге білек сыбана еңбек етіп, ел ішінде жүретін. Көпшіл, текшіл азамат еді.
Бұл кісінің арда қасиетінің бірі – айтқанынан қайтпайтын өткірлігі. Сонымен қатар, еш уақытта өтірік айтпайтын, жалған сөйлеуді жаны қаламайтын. Күпсектей сөйлеп, күлбілтелеп пікір саптаған адамдарды жек көретін. Кішкентайымыздан бірге өстік. Беріде техникумды бірге бітірдік. Біздің кеңшарымыз алты ұжымшармен біріктірілді. Үш кеңшар, бір бөлімше болып саналды да соны орталыққа көшіріп алып келді. Сонда басқарма басшысы болып Таңатар Абдрахманов бекітілді. Еңбекте түрен салып, молынан өнім алу, елдің игілігі мен несібесін арттыру жолында бар қажыр-қайратын салды, – дейді Сейдахмет қария замандасы жайлы тебірене сөйлеп.
Осындай естеліктерді саралай келе Таңатар ақсақалдың өмір жолының қаншалықты соны соқпақтардан тұрғанына көз жеткізе түстік. Қара жұмыстың қара нарына айналған бірегей азаматтың кескін-келбетін суреттеген замандастары қызылшаның әр түбін санап өскен ұрпақ екендерін тамылжыта әңгімелейді. 1932 жылдан бастап өсірілген тәтті түбір, елдің ырыздығына айналыпты. Адал еңбек етіп, ешкімнің ала жібін аттамай, несібесіне ортақтаспай, жаратқан сомдаған тектілікпен тіршілік кешуді місе тұтқан өздеріндей еңбек адамдарының арқасында ең көп өнімді «Еңбекшіқазақ» кеңшары өткізгенін айтады. Сонда аудан бойынша 300 мың тонна өнім өндірілсе, 69 мың тонна тек Амангелді ауылы өткізгенін мақтанышпен жыр етеді. Сол уақытта әрбір қарапайым адам еңбегіне қарай екі есеге дейін табыс тауып, тіршілігін түзеген екен. Осының бәріне ықпал жасап, үлкен істің басы-қасында Таңатар ата жүрген-ді.
Иә, бір адамның ғұмырындағы жарқын көріністерді естелік арқылы айшықтай беруде ыңғайсыз болар. Бірақ, көптің аузында аңыз болып жүрген дара болмысты дала адамы туралы айтылған әрбір сөздің астарында оның шынайы болмысы мен адамгершілік, парасаттық биіктігі менмұндалайды. Сондықтан да, кейіпкеріміз жайлы тағы бір замандасы, дос-бауыры болған Ізтай Бабатаев тебіренген болатын.
– Таңатар бауырымыз жайлы алдыңғы екі замандасым өз пейілдерін білдірді ғой. Мен бауырымыздың мінезіне тоқталайын. Оның бір қатты мінезі бар еді. Жақтырмайтын сөз айтсаң теріс қарап кететін. Зылиха Тамшыбаева рациямен хабарласып «Сен қайда қарап жүрсің, анау неге анандай, мынау неге мынандай?» деп дегбірін алса керек. Салмақты, сабырлы болса да сол тұста шарт кеткен Таңатар бауырым батпағы шығып жатқан күзгі егістіктен тұра тартып Зықаңның бөлмесіне жетіп барыпты. Рәзеңке етігінің батпағын сүртпей кіріп келген айбарлы, қайсар азаматты көріп абдырап қалған Зылиха мән-жайды түсіндіріп, иіліпті. Оны кейіннен естіп күлісіп алғанбыз. Осындай мысалдар арқылы мен Таңатар бауырымның айтқанынан қайтпайтын өжет, ешкімге есесін жібермейтін батыр азамат болғанын айшықтағым келген. Қанша батыр, өжет, қайсар азамат болса да қайтуы тез, ел дегенде емешегі үзіліп тұратын мейірімді еді.
Рас, заманымыздың ауыр болғанын кімнен жасырайық?! Зылиха алғаш келген жылдары 170-200 гектар жер игерілетін. 1970 жылдары директор болған уақытында мұның көлемі үлкейді. Жуаға шығып, күзде бала-шағасын киіндіретін ауылдың салпы етек әйелдері Зықаңа ащы тілін де сумаңдатқанын көзімізбен көрдік. Бірақ, қазақтың қайсар қызы қарызданып, үлкен тәуекелге бара жүріп қызылша егудің жаңашылдықтарын іздеді. Ел айлығын да қосымша қарастырды. Елдің сөзі тыйылып, бір-екі жылда бәрі жаппай Жер- ананың бауырына біткен қызылшамен айналыса бастады. Елдің көйлегі көк, қарны тоқ. Жұмыс десе көлікке тиеліп алып, өлеңдетіп барып келетін жағдайға жетті. Сондай берекелі жұмыстың бәрінің алдында Тәкең жарқылдап жүретін. Оның еңбегі елге өтті, – деп әңгіме көрігін қыздырған Ізтай ақсақал айбарлы азаматқа қарап, содан үлгі алғандарын жасырмады. – Мен осы арада Таңатардың тағы бір қасиетін айта кетейін. Ол өте қанағатшыл еді. Бұл қасиет мыңның бірінде ғана кездесетін адамның ең қасиетті мінезі. Баласы Керімтай төрт ауданды басқарған әкім, елдің қамын Едігедей жеген білімді азамат қой. Баласы дүркіреп тұрған заманда да елден ауа көшпей, өз ауылында қарапайым үйінде тіршілік кешті. 1976 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп, сонда Таңатар бауырымыз өзінің ерен еңбегінің арқасында су жаңа «Волга» автокөлігін мінді. Сол көлікті тек өзінің астында тоздырмай ел игілігіне берді. Ауылдың той-томалағында, құда-жекжат арасындағы той-сыбаға салтында сол көлік қызмет етті. Осының өзінен-ақ, Таңатардың елге деген меймандостық пейілін, сүйіспеншілігін көруге болады емес пе? – дейді көзкөрген замандасы Ізтай Бабатаев ақсақал.
Шынымен де біздің кейіпкеріміз Таңатар Абдрахманов қара жұртынан өзге жерге қоңсы қонбай, туған ауылының тұғырын тіктеп, ағайынның арасында өмір сүрген бірегей азамат екен. Оның ерлігі мен өрлігі аңыз болса, еңбегін тірісінде алған көптеген марапатымен-ақ өлшей беруге болатындай. Ағайынның ыстық махаббатына ие болған ардақты азамат 1972 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен, 1980 жылы «Октябрь революциясы», 1975 жылы «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Сонымен қатар, көптеген медаль, Мақтау қағаздары, Алғыс хаттармен құрметке бөленген. Аудандық мәслихаттың алғашқы шақырылымындағы депутат. Осы орайда айта кету керек, ардақты азамат төккен терінің нәтижесінде 70-ші жылдардың ортасында «Еңбек Ері» атағына ел көлемінде ұсынылған 5 азаматтың бірі болған екен. Міне, осындай дария кеуде, тау мүсін ақсақал туралы асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болған баласы Керімтай Таңатарұлы да өзінің перзенттік пейілін білдіріп, естеліктерімен бөліскен-ді.
– Асқар таудай әкемнің алып саясында ер-жетіп, елге қызмет еттім. Оны «әке көрген оқ жонар» деген текті тіркеспен айшықтар едім. Ауылына ғана емес, бір өңірге сыйлы болған, зиялылар сапында көш бастаған Таңатар әкемді мен аға деп атаушы едім. Оның мәні – Абдрахман атамның тәрбиесінде болғаным.
Әкем ғұмырын еңбекке арнап, кейіннен зейнетке шыққан соң жеке шаруасын құрды. Елден жырып бір сотық жер алған жоқ. Тектілігін тірісінде жоғалтпаған жан ғой. Әкім болып тұрған кезімде игерілмей жатқан жерді пайдаланыңыз деп ұсыныс айтқанымда: «Әй, бала, біріншіден жер елдікі. Билік бүгін бар, ертең жоқ. Ертең осы қалыппен төмен түсіп, Зылиха екеуміз осылай тұрып жатсақ өз ағайынымызбен біргеміз. У ішсең руыңмен» деп міз бақпады. Осының өзінен-ақ әкемнің күллі өңір құрметіне бөленудегі сыры тектілік, тазалық қасиетінен екенін аңдауға болатындай.
Біз Таңатар әкеміз бен анамыз Жақсыбаладан үш ұл, екі қыз тарадық. Бір-біріне қарап шәй деспей, татулықты ту етіп 65 жылдан аса уақыт ерлі-зайыпты ғұмыр кешкен сырбаз жандардың ыстық махаббатының жемісіміз. Мен үйдің үлкенімін. 1958 жылы дүниеге келдім. Екінші ұлы Серік ауылда, құрылысшы. Балаларының бәрін оқытты. Серік өле-өлгенше әкеміздің жанында болды. Кіші ұлы подполковник Талғат кеденде жұмыс істейді. Әлия Шымкентте тұрмыста болса, кіші қыз Ғалия Алматыда тұрады. Әкеміз қырықтай немере-шөбере сүйді. Мен 1975 жылы Амангелді орта мектебін тамамдап, Мәскеудегі Тимирязов атындағы ауылшаруашылық институтын бітіргем. Одан облыстық тәжірибе стансысында бас маман болдым. Кейін комсомолдың хатшысы, «Прибалхаш» кеңшарында директор болдым. 1991 жылы облыстық ауылшаруашылық басқармасында бірінші орынбасар, 1994 жылдан Қаратал ауданында басшы болдым. 1999-2001 жылдары Ескелді ауданын басқардым. 2001-2009 жылдар Еңбекшіқазақ ауданын, сосын Көксу ауданында әкім қызметін атқардым. Қандай қызмет атқарсам да елдің несібесінің артуына, тұрмысының түзелуіне, ел экономикасының өрлеуіне күш салдым, – дейді әкенің өсиетімен ержетіп, қасиетін бойына сіңірген тектінің тұяғы Керімтай Таңатарұлы.
Расында, Керімтай аға да Таңатар ата секілді ел үшін толғанып, жұрт үшін уайым жеп жүрген азамат. Оны бүгінде елдің зиялысына айналған көптеген қаламгер қауым мен мемлекеттік қызметтегі жандар айшықтайды. Оның да сырын қанмен берілген қасиеттің арқасы деп атап өтуімізге толық негіз бар. Өйткені тірісінде елім, жерім деп еңбек еткен әкесі Таңатар да, атасы Абдрахман да тектілігі тереңнен тамыр тартқан жандар. Оған өткен ғасырда қазақ халқының басына зобалаң болып жеткен ашаршылық жылдарындағы мына бір оқиға айғақтаса керек. Ел қолдан жасалған аштықтың құрбаны болып, түйір дәнді талғажау ете алмай қынадай қырылып жатқан кезде Абдрахман ата Қаратал ауданына қарасты Үштөбе елді мекенінде ашылған ет комбинатына жұмысқа тұрыпты. Әрбір дүние жіпке тізіліп, есепке алынып жатқан ауыр кезең. Ел аштан қырылса да билік міз бақпай өз есебін толтыруды ғана көздеген. Сол шақта Абдрахман ақсақал күні бойы ет шабады екен. Екі қабаттап киген тері шалбардың ортасына шапқан еттің бір бөлшегін тастап, соны ауылға келгенде аш отырған елге тегіс таратып беретін көрінеді. Бүгінде сексеннен асқан ауылдың қарқара жаулықты әжелері мен күміс сақалды қариялары сол ақсақалдың ерлігін жыр қылып айтып, бізді аштықтан алып қалған ардақты жан деп рухына тағзым етіп отырады. Міне, осындай тектілерден тамыр тартқан Керімтай да 18 жылдық абыройлы қызметінде көптеген игілікті іске бастамашы болды. Көктемгі жұмысын зират тазалаудан бастайтын, аруақ сыйлаған әке жолын қуып Керімтай да қазақ тарихынан тұғыр сайлаған Балпық, Ескелді, Жолбарыс би сынды бабаларының басын жаңғыртып, кесенелерін қалыпқа келтірген. Сонымен қатар, Қаратал өңірінде жатқан он сегіз әулиенің бірі Айту би мен Қырымбай әулиенің кесенесін көтерген. Ел үшін атқарған істерінің бәрін санамаламай-ақ, әкесі Таңатар мен атасы Абдрахманмен сабақтасқан тектілігін ғана осылай айшықтағанымыз бұл!
– Тұрсын аға Әбдуәлиев пен әкем Таңатар өмір бойы дос болған жандар. Екеуі төрт жарым жыл Украинада әскерде бірге болып, қайтыс болғанша ажыраған жоқ. Әкем қайтыс болғанда Тұрсын аға келіп, ауырып жүрсе де досымның сүйегіне түсемін деп бой бермеді. Былтыр қазақ журналистикасына өзіндік үлесін қосқан Тұрсын аға әкем қайтқаннан кейін тура 30 күн дегенде бақиға бет түзеді. Жақсы азаматтардың да достығы осылай аяқталады екен-ау, – деп тебіренеді Керімтай аға.
Баланың әкеге деген махаббаты мен пейілі, перзенттік сезімі естелік ретінде айтса бір кітаптан да артық еңбекті талап ететіні анық. Жаны жомарт Таңатар әкесі туралы Керімтай да кең көсіліп, адамгершілігін, тұлғалық болмыс-бітімін айшықтағанда, ұзын сонар лебізін білдірген-ді. Алайда «теңіздің дәмін тамшыдан» демекші, ғажайып өмір иесі болған Таңатар Абдрахмановтың қандай тұғырлы тұлға, ардақты азамат болғанын осы бір аздаған естеліктен-ақ тануға болады. Оған зейін қойып оқыған зерделі жандар иланары ақиқат. Сонымен қатар, елім деп еміреніп өткен еңбек адамы туралы есті естеліктер болашақ ұрпақ үшін аса қажетті дүние екені де даусыз. Еңбек көрігін қыздырып жүріп өмірден өткен сырбаз жанның жатқан жері жаннаттан болсын дегіміз келеді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Алматы облысы





