Талдықорған: +20°C
$ 487.73
€ 558.99
₽ 6.63
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ЕЛ МЕН ЕР

04.01.2019
КҮЛТӨБЕ
WhatsAppTelegramFacebook
   Өмірдің мәнін өзіне ғана емес, айналасындағыларға, одан асса бүкіл ел-жұртының игілігіне қызмет ету деп түсінетіндер ғана халықтың шынайы құрметіне бөленеді. Алматы облысы мен ауданның Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Сәбетбек ЕРКІНБАЙҰЛЫ осындай жан. Өңірдің өркендеуіне алпыс жылдан аса еселі еңбегімен үлес қосқан ел ағасы сексеннің сеңгіріне сергек енді. Ірі шаруашылықтың тізгінін тарта ұстап, әлі де аттан түспеген қалпы абырой биігінде келеді.

 

Бір уыс бидай

   Осы оқиға әлі күнге көз алдынан кетпейді. Соғыс аяқталғанымен зардабы басыла қоймаған кез. Ел тұрмысы ауыр. Әкесі Еркінбай құдайсыздар билігінің өзінде бес уақыт намазын қаза қылмаған діндар адам еді. 1946 жылы бақилыққа озып, жеті жа-сар Сәбетбек пен қарындасы Несіпбала әкеден жастай қалды. Тұрмыстың бар ауыртпалығы анасы Құлпының иығына түсті. Қартайған Жәмилә апасы бар, бір үйлі жан соның қолына қарап қалды. Оларды аш-жалаңаш қалдырмай, қатарынан кем етпеу үшін анасы бел шешпей еңбектенді. Қызылша өсіріп, бидай баулап, ұжымшардың басқа да жұмыстарын істеді. Белі бекіп, бұғанасы қатпаған Сәбетбек те анасының жанында жұмысқа араласты. 
   Ауылда комбайн жоқ, астықты қол орақпен орып, баулап, өгіз арбамен қырманға тасымалдайды, одан атпен бастырады. Астық жинап кеткен соң масақ тергізеді. Алқапта түсіп қалған бидайды жинауға шал-кемпір, соғыстан мүгедек болып оралғандар, әйел, бала-шағаны жұмылдырады. Әр адамға күніне 16 келі өткізу міндеттеледі. Бидай басын бір талдап теріп, сабағынан, қауашағынан ажыратып, үгіп, ұшырып-тазартып, таза дәннің өзі ғана осынша салмақ тартуы керек.
   Бір күні егістік басына анасына еріп барған бала Сәбетбек жүгіріп жүріп масақ теріп, оны шешесі тазартып, тапсырманы басқалардан бұрын орындап, дәнді өткізіп, үйге ертерек қайтуға бет алды. Қырман мен ауыл арасы бір жарым шақырымдай. Олар ауылға кіргенде егістік қарауылы атпен шауып келіп тоқтатады. 
 – Жеңге, сен бидай ұрлап бара жатырсың! Қырманға қайтып барып, алғаныңды қалдыр, – деді алдын кес-кестей. 
– Қарағым, көріп тұрсың, қолымда ештеңе жоқ, үстімде жалғыз көйлек. Қайсы алғаным? Міне, еш жерімде жоқ, – деді анасы ақталып. 
Бірақ анау сенбей, «алдың» деп тықақтап тұрып алды. 
– Әй, пәленше! – деді анасы. Оның кім екенін он жасар бала жақсы білетін. Есімін әлі күнге дейін атағысы да келмейді. – Мына қасымдағы балам, біле білсең сенің туысың. Қазір үйге барғанда қарным ашты дейді. Соған қуырып берейін деп бір уыс дән алып едім. Міне, бары осы, – деп белбеуінің ұшына түйіп алған бидайды алақанына салып көрсетті. 
– Жоқ, болмайды! Осының өзін апарып қырманға төгесің! – деп міз бақпай тұрып алды шолақ белсенді.
– Осы дәнді анау торғай да, қарға да жеп жатыр ғой. Шашылған жерінен бел жазбай терген еңбегіміз бар емес пе? Бір уыс бидайды ең болмаса бауырыңның баласына қисаңшы, – дегеніне де жібімеді.
Ыза болған анасы:
– Ендеше саған да жоқ, маған да жоқ! – деп дауысы саңқ етіп, қолындағы дәнді шашып жіберді. – Біздің емес, аспандағы құстың нәсібі шығар бұл!
Жасы сексенге келсе де осы көрініс күні кешегідей көз алдында. Халықтың басына түскен қиын күндердің осы бір қас-қағым сәті жүрек түкпірінде ұмытылмай қалып қойды. Сол кездері түске дейін мектепте оқып, түстен кейін ұжымшар жұмысына барады. Бір жылдары шешесі екеуіне бір айда 30 «еңбеккүн» жазылғаны есінде. Жұмысты солай есептейтін. Бұл дегенің бір айда отыз күн бойы демалыссыз тірнектенді деген сөз. Сондағы төлейтіні бар-жоғы екі тонна шөп немесе аздаған бидай. Ұжымшардың одан басқа берері жоқ. Ақшаны қол ұстап, көз көрген жоқ. Сонда да жұрт таңның атысынан күннің батысына дейін тынбастан тырбанды, ерте тұрып, кеш жатты. Елдің жағдайы осындай қиындықпен 55-56 жылдары ғана түзеле бастады, – дейді Сәбетбек Еркінбайұлы өткенді еске алып. 
Қазір қырманда бидай тау-тау болып үйіліп жатады. Ана жылдары шаруашылық өз қажетінің сыртында мемлекетке жылына 10 мың тонна сапалы астық тапсыратын. Үйілген дәннің үстінде балалар жүгіріп ойнап, жұмысшылар таптап жүреді. Соны көргенде: «Әй, шырақтарым-ай! Мынау нан ғой. Бұған қаншама адамның маңдай тері төгілді. Оны аяққа таптауға бола ма екен?! Жинастырып, қадірлесеңдерші», – дейді. Балалар: «Жарайды, ата», – дейді де артынша ұмытады. Анадайда келе жатқан төрағаны көргенде ғана ас атасын қадірлеу керектігі естеріне түседі. Сонда ойлайды, шіркін тоқшылық-ай. Біздің замандастар бастан кешкенді ұғынса бұлай етпес еді. Ондай қиындықты көрмей-ақ қойсын. Бір уыс бидайдың қадірін білсе екен.

Еңбек ер атандырады

   Қарасай ауданы Абай ауылында 1939 жылғы 5 қаңтарда дүниеге келген Сәбетбек Еркінбайұлын еңбек ерте есейтті. 7-кластан бастап егістікте, бау-бақшада алма, жү-  зім, қызанақ, қияр терісті. Қызылша баптап, қар түскенше оны тазартатын. Бір күні бригадир Руденко: «Сенің сауатың бар ғой, мына қағазды алып, кім қанша жұмыс істеді, жұмысқа кім келіп, кім келмегенін жазып жүр», – деді. Қағылез бала айтқанын бұлжытпай істеді. Мектепті 1957 жылы бітірген соң оны кеңсеге шақыртты. Жұпыны киімді Ким деген кәріс бас есепші екен: 
– Сені маған мақтады, жұмысты тиянақты істейді екенсің, бригадирге көмекші болыпсың. Бізге есепші керек, соған оқытуға адам іздеп жүрміз. Сені соған жіберсек барасың ба?
– Барамын, – деді ойланбастан. 
   Сол кезде мектеп бітіргендер кемінде екі жыл өндірісте еңбек етуі тиіс. Онсыз жоғары оқу орнына қабылданбайды. Бозбала 6-7 ай оқып келіп, есепші болып ресми еңбек жолын бастады. Келесі жылы көктемде «Іріленген шаруашылық туралы» Заң шығып, шағын ұжымшарлар біріктіріліп, кеңшар болып құрылды. «Қаскелең» астық кеңшары да 1958 жылы іріленіп, оған сол төңіректегі «Жаңатұрмыс», «Абай», «Прямой путь», «Каменка» ұжымшарлары мал-жанымен түгел өтті.
   Жасы он тоғызда, өзі бойдақ Сәбетбек егіс бригадасында есепші болып 3-4 ай істегеннен кейін кеңшар кеңсесіндегі бұғалтыр Дмитрий Турбин шақырып алып, жұмысты жақсы істейтінін, жауапкершілікті екенін байқағанын айтып, екінші бөлімшеге есепші етіп жіберді. Ол бөлімшеде үш бригада, 12-13 мың гектардай егістік жер, 12 мың бас қой, 500 бас тана, 200 бас сауын сиыр болды. Жігерлі жас бұл жұмысты да тыңғылықты атқарды.
   «Қаскелең» астық кеңшарында Шәріпжан Шәтенов бас зоотехник болатын. Бір күні кеңседе отырғанда ол: «Әй, інім, бері қара. Біз жаңадан шаңырақ көтеріп, таза қазақы ауыл болып құрылып жатырмыз. Мұндағы өзге ұлт өкілдеріне жұмысың ұнады. Енді сол қызметіңді бізге жаса. Маған көмектес», – деп қолқа салды. Ол 1962 жылы ашылған «Күрті» қой шаруашылығы кеңшары еді.
Ағаның тілін алып, 1964 жылы «Күртіге» есепші болып барды. Үш-төрт айдан кейін осындағы екінші бөлімшеге аға есепші етіп бекітілді. Онда да 12 мың бас қой, 130 бас жылқы бар. 1965 жылдан 1983 жылға дейін №1 мал фермасының меңгерушісі болды. Сол жылдары мал өнімдерінің көлемін арттыруға үлесін қосты. Саны өскен 15 мың саулықтың әр жүзінен 115-тен қозы өргізді. Мал басын аман сақтап, өз төлі есебінен көбейтіп, қырқылған әр қойдан 4 келіден сапалы жүн алып отырды. Етке өткізілген малдың тірідей салмағы 56 келіден айналып, жоғары қоңдылыққа жетті. Осы еңбегі үшін «Халықтар достығы» ордені, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалі, бес орынды «УАЗ» автокөлігімен марапатталды. 
   Аудан басшылығы 1983 жылы «Айдарлы» кеңшарына директор етіп жіберді. Екі жылда экономикасын көтеріп, мал басын аман сақтау, төл алу, астықтың өнімділігін арттыруда Күрті ауданы бойынша «Айдарлы» бірінші орынға шықты. Сосын оны қайтадан «Күрті» кеңшарына енді директор ретінде ауыстырды. Ондағы директордың мамандығы инженер екен, ол «ҚазАуылШарТехника» мекемесінің Күрті филиалына бастық болып кетіпті. Кеңшар 4-5 айдай директорсыз қалыпты. Келсе, шаруашылықта не көмір, не қысқа дайындығы жоқ, мал қоралары жөнделмеген. Әлеуметтік нысан, кеңселер терезеден мұржа шығарып қыстай қи жағып шықты. Келесі жылы аурухана, мектеп, балабақшаны жөндеуден өткізіп, жылу жүйесін қайта жүргізіп, қысқа дайындап алды.
1986 жылдың қысы қатты және ұзақ болды. Наурыздың 20-сынан бастап қой төлдеуі тиіс еді. 30-40 градус аяз қайтпаған соң малды аман сақтауға әрекет жасады. Сарытауқұм аймағындағы 30 мың саулықты Алматы – Қарағанды күрежолымен айдап әкелуге тура келді. Жол бойы он шақырым сайын 4-5 отар қой сиятындай жерді трактормен қарын күреп, ықтап, астына төсеніш шөп төсеп, үстіне жейтін шөбін шашты. Жағалай науалар қойып, әр қойға 300 грамнан шақтап жем берілді. Малшылар жылынуға киіз үй тігілді. Үйшік тіркеме сүйреткен трактор көшпен бірге жүріп отырып, ыстық тамағын берді. Ауыл маңындағы мал төлдейтін орынға қой аман жетті. Аудан басшысы Нүсіпжан Нұрманбетов, облыстан адамдар бұған көңіл бөліп, көмектесті. Малды жеткізгеннен кейін күн күрт жылынып, қар бірден еріп, ат-көлік атаулы батпақтап жүре алмай қалды. Боралдай авиапаркінен тікұшақ жалдап, алты күнде 300 тоннадай жемдік арпаны шопандарға жеткізді. Қой ашығып, қозы тастаудан сол жем құтқарып қалды. Он күн өткенде ғана жер дегди бастап, жайылым ашылды.
   Осындай еңбектері көптеген наградалармен атап өтілді. Одақтың ауыспалы Қызыл туын алты рет жеңіп алып, республика, облыс деңгейінде түрлі марапаттар иеленді. Соның арасында 1196 орынды жаңа мектеп, Мәдениет үйі, типтік аурухананың жобалау-сметалық құжаттарын дайындап, салдырып алды. «Тұрғын үй–91» бағдарламасы бойынша жылына екі пәтерлі 15 үй салғандарға 1-орын беретін. Алдыңғы қатардан көрініп, үш жылда жекежайы бар, екі пәтерлісі бар, барлығы жүзге жуық отбасын баспаналы етті. 
    Шаруашылықты 1985 жылдан бері отыз үш жыл бойы жемісті басқарып келді. Іргесін кеңейтіп, дамытты. Бір жылдары қой саны 50 мыңға жетті. Арада қоғам дамуына байланысты құрылымдық өзгерістер болып, атауы өзгерді. Жекешелендіру кезеңінен дұрыс жол таба білді. Сол жылдары басқа көптеген шаруашылықтың малы мен техникасы талан-таражға түсіп, құмға сіңген судай жоқ болып кеткенде, күртіліктер қолда барды шашау шығармай ұстап қалды. 

Ағалар аманаты

    Сол кезде кеңшар басшыларына шаруашылықтың 20 пайыз қорын алып, қалғанын халыққа тарату жөнінде заң шықты. Онда «Күртіде» 50 мыңның үстінде қой, 40-50 техника бар, «К-700» маркалы алып тракторының өзі оннан асатын. Төрт бригаданың әрқайсында 10-15 трактордан болды. Басқалар сияқты Сәбетбек Еркінбайұлы да 20 пайызын иеленіп, қалғанын тұрғындарға таратып бермек болды. Көп жылғы тәжірибесі бар, жеке шаруа қожалығын құрып, өзімен-өзі тіршілігін жүргізуді ойлады. Бұрын өзі істеген «Қаскелең» астық кеңшарынан өзінің, ағайын-туыстарының үлесіне 450 гектар жер тиіп, техникалар сатып алды.
   Заман ағымын жете ұғып, нарықтық қатынас талабына қамданып жүргенде кеңшар жиналысында ауыл азаматтары оған мынадай ұсыныс айтты: «Сен осы кеңшарды ұзақ жыл басқардың. Білікті жетекшілігіңмен өз қолымызбен құрған мына дүниені қалайша талапайға саламыз? Олай болмайды, біз тарамаймыз. Тарасақ Күртінің жағдайы көтерілмейді, керісінше, кері кетеді. Жері шөлейт, су жоқ, еккен егін ауа райына тәуелді. Он жылдың екі-үш жылында ғана көңілдегідей өнім аламыз. Шөпті сонау Қараөзек, Топар, Балқаштан тартамыз. Жеке-жеке кетсек оған елдің шамасы жетпейді, шаруаның тоз-тозы шығады. Кооператив етіп қайта құрайық та, соны өзің басқар». 
   Шыны керек, Сәбетбек Еркінбайұлы үшін тарату тиімді еді. Мемлекет қолдауымен дүрілдеп тұрған кеңшар атаулының басынан бақ тайған шақта ауыр жүкті кім мойнына алғысы келсін? Ол ұсынысқа келіспеген соң Айтжан Көшербаев бастаған он шақты ақсақал кеңсеге келіп: «Егер шаруашылықты таратып, жеке бөлініп кететін болсаң саған теріс батамызды береміз. Болмаса бізді бақилыққа шығарып салып барып қана кетесің. Әйтпесе, осында елмен бірге қаласың. Біздің бала-шағамызға бас-көз бол», дегенді төтесінен қойды. Салмағы батпандай сөздер сананы шымырлатып, қырық өрім қамшымен жон арқадан тартып жібергендей болды. Дария кеуде, тау мүсін қариялардың: «бізді көмбей қайда барасың?» деген базыналары жан дүниесін тіптен тебірентті. Ақсақалдардың сөзін жерге тастай алмады. Үлкенді сыйлап, тәрбие көрген кім болса да райынан қайтар еді. 
  Кеңшарды жеке өндірістік кооператив етіп қайта құрып, істі батыл қолға алды. Нардың жүгін арқалаған азамат көп қиыншылықты елмен бірге еңсеріп, халықтың сенімін ақтады. Таратылған басқа кеңшарлардың тұрғындары көрген қиындықты бұлар көрген жоқ. Еңбеккерлер ай сайын азды-көпті тиын-тебенін алып тұрды. Азық-түлігін көлікпен әр үйге таратып беріп жүрді. Шаруа біртіндеп оңалды. Басында 13 ұсақ шаруашылық бөлініп шыққан еді, 10-ы қайта келіп қосылды.
   Сол жылдары Елбасының айтқаны есінде. «Халқым, бұл қиындықты өмір-бақи болады деп ойламаңдар. Бұған үлкен азаматтықпен, парасатпен қарап шыдаңдар. Бұдан құтылудың жолын іздеңдер, соған атсалысыңдар. Біз басқа елден кем емеспіз. Әлі-ақ еліміз аман, жұртымыз тыныш, бала-шағамыздың дастарқаны нанды, өрісі малды болатын деңгейге жетеміз» –, дегені іс жүзіне асты. 
  Сонда кооператив қойын ай сайын сатып, жалақыға төлеп, техниканы жүргізуге, жанар-жағармайға, шаруашылықтың басқа да толып жатқан керек-жарақтарына, тұрғындарды қолдауға жұмсап тұрды. Ауруханаға автокөлік сатып әперіп, жалақысыз қалған дәрігер, медбикелерге екі жыл еңбекақы төледі. Сол себепті қой саны 12 мыңға дейін кеміді. Кейін ел экономикасы көтеріліп, халықтың тұрмыс жағдайы түзелгенде, қойды қайтадан 40 мың басқа жеткізді.
   Бүгінде шаруашылықта 150 адам жұмыспен қамтылған. 10 мың гектар егістіктің 6 мың гектары беде, жоңышқа сияқты көпжылдық шөптер. Шамамен 100 гектарға жүгері өсіріледі. Құдықтан су тартып, жаңбырлатқышпен суғарады. Тұрғындар Іле бойынан қамыс дайындаудан құтылды. Инвесторлар келіп, 100 гектарға тамшылатып суару әдісін қолданды. Оған картоп, пияз, сәбіз, қызыл қызылша егіліп, жоғары өнім алынды. 
   Малдың санын өсірумен бірге сапасын арттырды. Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен келісімшарт жасалып, ғалымдармен тұқым асылдандыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізу нәтижесінде асыл тұқымды биязы жүнді қой шаруашылығы мәртебесін алды. Тараз, Шымкент, Талдықорған өңірінен шаруалар асыл тұқымды тұсақ, қошқар алып тұрады. Мың ісек бордақыға қойылған. Биыл жүз бие сауылып, саумал мен қымыз өткізілді. Алда ірі қара бордақылау орнын құру ойда бар. 
  Мәслихатқа депутаттыққа сайланып, қоғамдық істерге белсенді атсалысатын кәсіпкер ауылдағы балабақшаны күрделі жөндеуден өткізіп берді. Күзде 10 млн. теңге қаржыға саябақ салды. Қазыбек бек бекетінде қазір халық саны жеті мыңға жуықтады. Қиналғанға қол ұшын беріп, тұрғындардың жағдайына қарасуды дәстүрге айналдырған Сәбетбек Еркінбайұлының өмірі мен қызметі осы ауылмен етене өрілді. 

Қайдасыңдар, қойшылар?

   Шаруашылық бүгінде «Р-Күрті» ЖШС деп аталады. Ондағы 20 мыңға тарта қойдың 13 мыңға жуығы саулық. Мал басын өз төлі есебінен өсіріп, санын бұдан да арттыруға болар еді. Алайда малшы тапшы. Қазір мал бағуға құлшыныс кем. Шопан жетіспейтіндіктен мал санын шектеп отырған жайы бар. Сәбетбек ағаны осы мәселе толғандырады. Тракторшы да қат. Мектеп бітіретін түлектермен кездесіп, жоғары оқу орнына түспегендерің ауылға келіңдер. Ұзынағаштағы кәсіптік-техникалық колледжге, басқа да оқу орындарына дәнекерлеуші, механизатор сияқты мамандықтарға өз есебімізден оқытайық, – дейді. Бірақ жастар соған келмейді. Үй береміз деп те қызықтырады. Осы мақсатта үш үй салып, екеуін сырттан келген мамандарға, біреуін шопанға берді. 
   Қазақстанға еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкерінің пікірінше, малшы мен механизатор жетіспеуінің себебі еңбекақы төмен. Өндірген өнімді дұрыс бағаға тікелей өткізетін арнайы орын жоқ. Астық, мал өнімдері, қойдың жүніне дейін арадағы делдалдар алады. Олар өз пайдасын көздейтіндіктен, төмен баға ұсынады. Оған бермейін десең тауарыңды өткізу керек, тұрып қалса құнын жоғалтады. Амалсыз көнесің. Мұндағы механизаторлардың орташа айлығы 80-85 мың, шопандікі 90-100 мың теңге. Саулық баққандар төл алғанға қарай 120 мыңға дейін алса, бойдақ қой баққандардікі 80-90 мың теңгеден аспайды. Жалақыны өсіру үшін өнімді өзіндік құнынан қымбатқа өткізу керек. Сосын техника, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер өте қымбат. Мәселенің түпкі себебі осында. 

Отбасы

  
   Рахима Күртібайқызы Тілеубердиновамен 1961 жылы шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешті. Жоғары білімді жан-жары ұстаздық етті. Екеуі ұл-қыздарына жақсы тәрбие берді. Балалары бір емес, екі университеттен бітіріп, ел қатарлы еңбек етіп, ұрпақ өсіріп отыр. Үш ұл, бір қызынан тоғыз немере, бір шөбересі бар. Бар байлығы да, бақыты да солар.
   Үлкен ұлы Ержан қолында. Адысжан заң саласында жемісті қызмет істеп, полковник шенінде отставкаға шықты. Қазір жеке кәсіп иесі. Келіні Ләззат экономика ғылымдарының кандидаты, политехникалық университетте бөлім басшысы. Қызы Гүлжан Ұлттық Банкте қызмет еткен, қазір Алматыда  бір мекемеде бас есепші болып жұмыс істейді. Күйеубаласы Сәкен қаладағы автобус паркінің директоры. Кенжесі Асқар мұнай-газ саласында көп жыл жұмыс істеді.  Аяулы жары Рахима ана дүниеге озғаннан кейін әкенің жайын ойлап, келін екеуі Алматыға келіп, әкелерін қарап жатыр.
   Тұңғыш немере атасына тән. Есімі Дінмұхамед. Адысжан мен Ләззаттың үйлену тойына Димаш Ахметұлы қатысып: «Сәбет інім, келер жылы Құдай сені немерелі қылсын», – деген. Тілегі қабыл болып, немерелі болғанда Димекеңе барып, сәбидің маңдайынан сүйгізіп, есімін қоюға рұқсат сұрайды. «Ел қойып жатыр ғой, қоя беріңдер, балам. Аман болсын, үлкен азамат болсын» – деп батасын беріпті. Сол Дінмұхамедтен шөбере сүйді.
– Жас болса келіп қалды. Шаруаны өзім тәрбиелеген азаматтар жүргізіп жатыр. Амандос, Тұмар, Қуаналы, Әлкей, Жамбыл, Бақытжан, Жауылбай, басқа да жастар еңбек етеді. Аралап, шаруа жайын біліп тұрамын. Сары даланың самалын сағынғанда жиі барамын. Басқа уақытта бала-шағамның қасындамын. Солардың тілеуін тілеп, ел-жұрттың амандығын сұрап, қазағымның басында бағы, дастарқанында ағы болса екен деген ниеттемін, – дейді абыз ақсақал.

 

Қатысты жаңалықтар

Әскери ант – Отан алдындағы қасиетті серт

Әскери ант – Отан алдындағы қасиетті серт

18.06.2026
Ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді

Ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді

18.06.2026
Тәуелсіздік құрдастары Күреңбелде кездесті

Тәуелсіздік құрдастары Күреңбелде кездесті

18.06.2026
Энергия үнемдеу: Қазақстан мен Германия тұрғын үйлерді жаңғырту жолдарын талқылады

Энергия үнемдеу: Қазақстан мен Германия тұрғын үйлерді жаңғырту жолдарын талқылады

18.06.2026
Жетісу аспанында 33 елдің спортшысы өзара бақ сынауда

Жетісу аспанында 33 елдің спортшысы өзара бақ сынауда

18.06.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.