Қай елде болмасын жастар қауымы болашақтың бастауы. Мемлекет оларға сенім артып, келешектің жарқын боларына сөзсіз сенеді. Әйтсе де көңілге ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деп айтқан сөзі бүгінде зая кетті ме деген де ой келеді.
Болашақта елдің іргесін бүтін, шаңырағын биік ұстайды деп сенім артқан жастар өзге ұлтқа еліктеп, өз елін, тарихын ұмытты деуге де болады. Жастар тәрбиесінің көлеңкелі тұсы қайда барсақ та алдан шығуда. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ өзгеге еліктеп, қазақы болмысын аяққа таптаған жас қатары күннен-күнге артуда. Біз де жаспыз, біз де еліктейміз, атақты адамдарды пір тұтамыз. Алайда оның да өз орны, шегі бар. Біреуді айна-қатесіз қайталаймын деп тума болмысыңды жоғалту өзіңді жоғалтумен тең.
Қазір қоғамда батысқа табынушылық кең етек жайды. Жаһанда ашылып жатқан түрлі жаңалық біз секілді жігерлі жастардың қазақы рухын өлтіруде. Соның бір мысалы деп ана тілінде сөйлеуді ұят санап, өзге тілде бұлбұлдай сайрайтындар мен батыстың түрлі жағымсыз әрекеттеріне еліктейтіндерді айтуға болады. Ең сорақы әрекеттің бірі – әдемі жүзін ұсқынсыз қылып қабаққа, мұрынға, тілге пирсинг жасату, ер-азаматтардың жабыстырып шалбар киіп, шаштарын желбіретуі. Мұның бәрі жалғаса берсе, қазақтың болашағы не болмақ?
Шетелге еліктегендер тек болмысын өзгертіп қана қоймай, туған жерден жырақтап барады десек артық айтқандық болмас. Бүгінде шетелге көшетін жастардың саны артпаса азаймай тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың алғашқы тоғыз айында елден 13 мыңға жуық азамат көшіп кеткен. Егер жастар елден безіп, шетел асса болашақта Жапонияның күйін кешпейтінімізге кім кепіл?
Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір. Алтын көпір болар білікті, білімді өрендер неліктен шетел асып жүр? Атажұртының қамын күйттемей, өзгенің бағымен таласып жүргендердің арман-мақсаты не? Олар неге өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болып жүрмейді? Міне, осы тектес түрлі сұрақ санаға тыным бермейді. Бір жағынан, олардың бұл әрекетіне түсіністікпен қарау да қажет шығар. Мәселен, жас буынның көпшілігі сапалы білім мен тұрмыстық жағдайын жақсартуды көздеп, мұхит асуға мәжбүр. Мұны дұрыс деп есептейміз. Дегенмен, олардың елге қайтатыны тым аз. Қалай десек те Батыс барлық жағынан дамыған. Мүмкіндігі зор. Еліктеп, жапа-тармағай сол жаққа кетудің бірден-бір себебі де осы шығар, бәлкім!?
Ел мен жерді қорғайтын нағыз батыр ұрпағының ұсақталуы жүрекке салмақ салады. Жынысын ауыстырып, ер мен ер бас қосып, Алланың берген өміріне қиянат жасап жатқандар да жоқ емес. Тіпті, мұндайларға қоғамның да көзқарасы өзгерген. Болмысын өзгерткен жігіттерге үйреншікті қарау да қалыпты жағдайға ұласты. Ата-анасы дүниеге «атұстар» келді деп қуанған ұлдарының өсе келе жат жұрттың ерсі қылығын қайталап «қыз боламын» деуі үлкен қасірет. Ел тізгінін ұстайтын ерлерге артқан сенімге селкеу түскені алаңдатады. Ел басына күн туғанда қолына қару алып туған жерін қорғайтын жігіттердің көп болғаны дұрыс-ақ. Алайда ұлт жолында қолынан келгенін жасап, туған мекенін көркейтуге атсалысатын ерлер қауымы бірен-саран. Өзгенің жат қылығына уланған жас санасы қанмайданда жанын берген ата-баба рухына кірбің салатыны сөзсіз. Тепсе темір үзетін батырлар ұрпағының ұсақталмауы үшін сіз бен біз болып күресуіміз керек.
Бостандығымызды баянды етіп, Көк Туымызды желбіретер жалынды жастардың рухты, жігерлі, намысты, өжет болатынына сенеміз. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарға сенген Мағжан атамыздың сенімін ақтауға барынша тырысайық. Ел игілігі мен жарқын болашақ жолында өткеннен сабақ алып, болашаққа оң қадам жасайық, құрметті замандас!
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
Талдықорған қаласы