Жетісу жерінде өткенге тағзым етіп, ұрпаққа елжандылықтың өнегесін өрлеткен тағы бір тағылымды шара өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері батыр бабалар рухын асқақтатып, тарихшы-ғалымдар хан батыр Қабанбайдың ерлік дәстүрін жаңғыртып, тілімен құс ілген айтыскер ақындар алты Алаштың бірлігін жырға қосты.
Тағылымды шараны еліміздің әр өңірінен жиналған қонақтар мен жетісулық зиялы қауым өкілдері және Қабанбай батыр ұрпақтары Талдықорған қаласындағы тұғыры биік, асқақ ескерткішке гүл шоғын қойып, перзенттік борышын танытумен бастады. Келесі кезекте Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында тарихты түгендеп, ел қорғау жолындағы ақтаңдақтарды ақтарған республикалық ғылыми конференция өтті. Осыдан кейін еліміздің әр аймағынан жиналған 10 айтыскер ақын сахнаның көрігін қыздырды.
Жетісу жерінде өтіп отырған тағылымы терең жиынға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, батыр баба жайы орамды ойын ортаға салды:
– Бар ғұмырын елін қорғап, жерін жаудан азат етуге арнаған қазақтың хас батырларының жанкешті ерлігін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа насихаттау біздің басты парызымыз. Бүгінде Жетісу облысында даңқты қолбасшы Қабанбай батырдың құрметіне Талдықорған мен Үшаралда еңселі ескерткіш орнатылған.
Аудан-қалаларда 36 көше мен Алакөл ауданындағы бір ауыл және білім ордасы Қабанбай батырдың атымен аталады. Одан бөлек, баба есімін ұлықтап, ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция мен республикалық ақындар айтысы да соның бір дәлелі деп білемін, – деп атап өтті құттықтау сөзінде облыс басшысы.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облысы





