Елімізді бұлғаққа түсірген қаңтар айының қасіретін ешкім ұмытпайды. Талай отбасыны қара жамылдырған сол күндерде жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы Дархан Барғанаев Талдықорған қалалық полиция басқармасының ғимаратын күзету кезінде ерлікпен қаза тапты. Қызметтік борышына адалдық танытқан полиция лейтенантының артында ата-анасы, әйелі, кәмелеттік жасқа толмаған екі қызы қалды.
Марқұмның жары Жансая Барғанаева Еркін ауылындағы №26 мектепте физика пәнінен сабақ береді. 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданынан Жетісу университетіне оқуға түскен бойжеткен Дархан Ермекұлымен танысып, өмір жолын бірге бастаған жастар 2016 жылы шаңырақ көтереді.
2003 жылы Алакөл ауданы Үшарал қаласынан облыс орталығына қоныс аударған Барғанаевтар отбасының ұлы Дархан егіздің сыңары. 2008-2010 жылдары Өскемен қаласында әскерде болып, азаматтық борышын өтеп қайтқан соң 2011 жылы полиция департаментіне жұмысқа кірген Дархан Барғанаев табан аудармай 10 жылға жуық бір орында қызмет атқарып, 2020 жылы облыстық полиция департаментіне қарасты жедел әрекет ететін арнайы жасаққа ауысады. Күйеуінің әрбір күніне куәгер болған жары Жансая:
– Қызметіне шынайы берілген, ісіне адал, Отаным десе жанын беретін жан еді, – деп сипаттайды. – 2021 жылы 25 желтоқсанда Талғар қаласына іссапарға кетті. Арада 4-5 күн өткен соң, қаңтардың 1-де ел ішінде дүрбелең басталғанын білесіздер. 5 қаңтар күні шұғыл әрекет ету жасағын кері қайтарып, Талдықорғанға алдырды. Іссапардан келе салып, үйге де келмей бірден орталық алаңға шығады. Арасында қысқа уақытқа келіп, киімін ауыстырып кеткені болмаса, үйдегілермен жүздескен де жоқ. Содан қайтып көрмедік. 8 күні кешкі сағат 18.00 кезінде телефон соғып, сөйлесті. Халымызды сұрап, ешқайда шықпауды, үйде отыруды, ата-анасына, қыздарына ие болуды тапсырды. Соңғы сөйлесуіміз сол екен ғой. Одан қайтып телефонын алмады. Ертеңінде өзімен бірге жұмыс істейтін әріптесі хабар айтқанда аңырап қала бердік.
Қалалық полиция басқармасының ғимаратын күзеткен Дархан Барғанаев басынан тиген оқтан жараланып, ауруханаға түседі. Шұғыл ота жасаған дәрігерлер марқұмның жанына араша түсе алмады. Осылайша елім деп соққан жүректің иесі ерлікпен қаза табады. ҚР Президентінің Жарлығымен «Айбын» орденімен марапатталған марқұмның марапатын ата-анасына ішкі істер министрі салтанатпен табыстады.
Мәди АЛЖАНБАЙ,
Жетісу облысы





