«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ бас мердігері «Интегра Констракшн KZ» ЖШС құрылымдық бөлімшесі Жоламан қиыршық тас зауыты Кербұлақ ауданы, Малайсары стансысынан оңтүстік-батысқа қарай 5 км. жерде орналасқан. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен арнайы танысып қайттық.
Зауыт Түркістан-Сібір теміржолының тапсырмасы бойынша Локоть стансысынан (Ресей) Шу стансысына (Қазақстан) дейінгі темір жол саласының кәсіпорындарын қиыршық таспен қамтамасыз ету үшін салынған. Типтік жобаны 1963 жылы Гипротранскарьер институтының Новосибирск филиалы жасаған.
Аумағы 91,5 гектарды құрайтын зауыт 1970 жылы Германиядан әкелінген жабдықты пайдаланып іске қосылды. Жобалық қуаты – 400 мың текше метр. 25-60 мм. және 5-20 мм. фракцияларда, 0-5 мм. скринингте теміржол жолдарын балласттау үшін өнім шығарылады. Қиыршық тастың шығымы өнеркәсіп өнімінің 70 және 30%-ын құрайды.
Қиыршық тас зауытының шикізат базасы – Жоламан кен орны. Бұл жерде габбро-диабаза, кварц габбро және кварц порфирлерінің кремнийленген туфтары сияқты минералдар өндіріледі. Айына бір немесе екі рет аумағы 18,5 гектар карьерде жару жұмыстары жүргізіледі. Алынған материал экскаваторлармен машиналарға тиеліп, ұзындығы 2,8 шақырым технологиялық жол бойымен зауытқа жеткізіледі. Содан кейін тас ұсақталып, фракциялық материал өндіріледі. Дайын өнімдер таспалы конвейерлердің жетек барабандары арқылы материалды төгуге арналған эстакада-траншея түріндегі конустық қоймаларда сақталады. Биіктігі 14 метр болатын төрт қойманың сыйымдылығы 16 мың текше метр. Бұл жөнелтуге арналған өнімнің 10 күндік қоры.
Материал қоймалардың астында орналасқан жинақтау галереяларының таспалы конвейерлерімен тасымалданады. Дайын өнімді тиеу конвейерлер жүйесімен теміржол вагондары мен көліктерге бір-бірінен тәуелсіз орнатылған бункерлер арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, сыйымдылығы 3-5 текше метр фронтальды тиегіштер де қолданылады. Зауытқа ұзындығы 5,5 шақырымдық теміржол желісі қосылған.
Өнімдердің сапасы жыл сайын белгіленген талап бойынша сәйкестік сертификатымен және сынақ актісімен расталады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, 2013 жылы зауыттың өндірістік алаңында қуаттылығы сағатына 250 тонна материалды құрайтын Кореяда жасалған ұсақтау-елеу кешені іске қосылған. Кейіннен сағатына 300 тоннаға дейін өнім шығаратын Швецияда жасалған қондырғылар орнатылды. Зауыттың бұл ұтқырлығы өз тиімділігін көрсете білген. Себебі өткен жылы қиыршық тас өндіру және өңдеу бойынша 50 жыл ішінде рекорд жасаған.
Қазір қиыршық тас зауыты екі жоба бойынша жұмыс істейді. Достық-Мойынты теміржол желісінің екінші жолы мен Алматы айналма теміржолының құрылысы. Жылына 500 мың текше метр жеткізу жоспарда бар.
Кәсіпорын Семей облысындағы Ақсу-Дегелең, Алматы облысындағы Жетіген-Алтынкөл стансылары, Алакөл көлінің айналма теміржол желісінің құрылысына 25-60 мм. фракциялы қиыршық тасты жеткізіп отыр. Сонымен қатар, «ҚТЖ» АҚ» АҚ бағдарламасы бойынша жыл сайын қиыршық тасты өңдеуде.
Зауыт басшылығының сөзіне сүйенсек, қиыршық тасқа деген қажеттілік жыл сайын артып келеді. Өйткені теміржол рельстері қалпына келтірілуде. Жаңа теміржолдар негізінен Шығыс және қытайлық бағыттарға салынуда. Осыған байланысты өндірісті кеңейту жоспарлануда. Бүгінде тәулік бойы өнім шығаратын кәсіпорында екі ауысымда 107 адам жұмыс істейді. Білікті мамандардың басым көпшілігі Кербұлақ ауданының тұрғындары. Олар толық әлеуметтік көмекпен қамтылған. Күніне бір рет тегін ыстық тамақ беріледі.
Еңлік КЕНЕБАЙ