Еңбеккерлер ауа райының құбылмалылығына қарамастан дала жұмыстарын үлкен ұйымшылдықпен жүргізуде.
Нәтижесінде егін егу шаруасы барлық талапқа сай іске асып, уақытылы аяқталуға таяды. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, қант қызылшасын егу ісі мамыр айының ортасында аяқталған. Ал дәнді дақылдар тұқымын себу маусым айына дейін жалғасады. Көктемгі науқанды қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 14,3 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі таңда 5,1 млрд. теңгесі 198 шаруашылыққа берілген.
Сонымен бірге, «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы арқылы лизингке жаңа ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға 8,5 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінгі күні 5,7 млрд. теңгеге 373 бірлік техникаға өтінім түсіп, 1,5 млрд. теңгеге 109 техникаға қол жеткізілген. Қазіргі кезде дала жұмыстарын жүргізуге 20,6 мың ауылшаруашылығы техникасы қатысып жатыр. Биыл арзандатылған дизель отынының бекітілген көлемі 5,5 мың тонна, оның 3,2 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, қалғаны шаруашылықтарға таратылған.
Жоспарланған 58,8 мың тонна тыңайтқыштың 76%-ы сатып алынып, қолданылуда. Вегетациялық кезеңді сәтті өткізу үшін жедел штаб жұмыс істеуде. Сондай-ақ, егістіктерге су беру жұмыстары да басталған. Айта кетейік, суару желілерінің жалпы ұзындығы 8 мың шақырымды құрайды, оның 4 мың шақырымы республикалық, қалғаны коммуналдық. Барлығы 1,3 млрд. текше метр су жиналып, оның 1 млрд. текше метрі суаруға беріледі.
Биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 114,8 мың гектар жерде жүргізіледі деп көзделіп отыр. Бүгінде мердігерлер анықталып, химиялық өңдеу басталды. Жалпы бұл іске 5 әуе ұшағы, 4 дрон және 17 бірлік жер үсті бүріккіштері жұмылдырылып, шоғырланған жерлерін анықтауға 200-ден аса адам, 79 автокөлік қатысады. Республикалық және жергілікті бюджеттен биыл 455,8 млн. теңге бөлінген. Жалпы көктемгі дала жұмыстары мен вегетациялық кезеңнің өтуі тұрақты бақылауда.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА