Кеген ауданында картоп отырғызу жұмыстары сәтімен аяқталып келеді. Аудан бойынша 2500 гектар жерге таулы өлкенің өнімділігі мол дақылы отырғызылды. Бұл ретте аудандағы картоп өсіру бағытындағы бірден-бір серіктестік – «Қарқара өңімдері» ЖШС-нің атына жылы лебіз білдіруге болады. Олар былтыр Оңтүстік Кореялық компаниямен бірлесіп, 40 гектар жерге голландиялық «Санте» атты сортты тұқым өсіріп, 800 тонна өнім алған еді.
Серік Нұрлыбаев басқаратын серіктестік биыл көктем маусымында ұйымшылдықпен жұмыс жүргізіп, 60 гектар жерге картоптың супер-элиталық «Санте», «Силиване» атты тұқымын отырғызды. Оның сыртында 400 гектар жерге арпа себілді. Серіктестіктің 180 гектар көпжылдық шөп алқабы да жақсы көтеріліп келеді. Күзде 400 гектар алқапқа күздік бидай себуді жоспарлауда.
– Мамыр айының 20-жұлдызына дейін көктемгі науқандық жұмыстарымыз толық аяқталатын болады. Механизаторлар мен жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалған. Олар Қарқара ауылындағы трактор, техника алаңы мен картоп қоймасы орналасқан орталық жанындағы асханадан уақытылы тамақтанады. Картоптың әр гектарынан 300 центнерге дейін өнім айналады деген үмітіміз бар, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС директорының орынбасары Ерқанат Жұмахан.
Рас, Қарқара өңірінің картобын қайта түлетіп жүрген серіктестіктің әлеуеті жоғары. Шетелден алынған заманауи қуатты трактормен, техникамен қамтылған. Егіс жұмысы жаңа технология бойынша жүргізіледі. Германиядан әкелінген «ARION 640» маркалы қуатты тракторға тіркелген картопты отырғызатын агрегат бір мезгілде із салып, картоп тұқымын дәрілеп, отырғызып шығады. Картопты тасымалдап, отырғызып, шаруаларына елеулі үлестерін қосып жүрген Ермек Қоңырқұлжаев, Қырықбай Шажабаев, Әли Ракишев, Әлім Тойлыбаев секілді бесаспап механизаторлардың аттарына жылы лебіз білдірген артық емес. Олар Қарқара жерінің шырайын кіргізіп, жыл сайын жайнатып картобын, толқытып бидайы мен арпасын өсіріп жүр.
Қанат БІРЖАНСАЛ





