Саз өнерінің асқақ жаратылысына айналған тұлғаның тағдырының соңында қайырсыз атақ алып, құрметі кемшін тартқан марапатқа қол жеткізгенінен не пайда? Өз жүрегінің дүрсілін арғы-бергі ғасырдағы қазағының үнімен ұштастыра білгенін, елі үшін әр әнін асқақ сомдап, әр туындысын тағдырмен сабақтастырған һәм «шедевр» шығармашылық түзгенін дер кезінде бағалай білмеген соң… Осындайда барып: «Қайран, Қалдаяқов! Шерменде Шәмші! Сенің марапатқа мойын созбағаныңды, жылтыраққа қызықпаған дегдарлығыңды жұрт біледі. Алайда өзіңнен таланты кем, табаны тайғақтар да сенен зор құрметке бөленді-ау», – деп күйінеді екенсің.
Жүректі тулатқан көкөрім ойдың көкшыбық күйіндегі солқылдақ хәлін қалайша діңі мықты емендей зорайтпақсың?! Солқылдасын, жасамық хәлден жанының жапырағын шулатсын. Өйткені ақиқаты аз қоғамда, адамдығы мен адалдығы елінің жолына төселген тұлғалардың табан ет, маңдай тері еленбей қалған мына тіршілікте бәрімен тағдырлас, замандас хәлде бүрлеген жоқсың ба?! Еңсесі биік емендердің көшеті ретінде қара жерге жаңа ғана тамыр тартқан едің ғой…
Бұл да біздің көңілдің тебіренісі. Жүректің үні. Сол жас жүректің солқылдақ күйін үдеткен қойылым Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында сахналанғанда дәл осылай толқыдық. Өмірінің дені кетіп, аз алар демі қалған шақта дегбірін қашырған марапатты аурухана төсегінде табыстағаны Шәмшінің емес, елінің маңдайына басылған таңбадай айғызданған уақиға. Осынау жалқы деталь сахнада көрініс тапқан қойылым бізді ғана емес, жетісулықтарды тұтас тебіренткендей көрінгені жасырын емес.
Премьера атауы – «Медаль». Авторы – Қанат Тілеухан.
Қазақ әдебиетіне айшықты қолтаңбасымен келген Қанат Тілеуханның «Медаль» әңгімесі желісінде сахналанған спектакль заманның үнін, заңғарлардың демін, қоғамның күйін ашық көрсеткендей. Терсіңді еңбек, тегеурінді екпін арқасында елінің бір саласын жандандырып, 10, тіпті 100 адамның атқарар ісін жалғыз өзі тамамдаған тұлғалар халық арасында жетерлік. Олар мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ұлы өнердің (кез келген саланың) жандануына жарқын жол ашты. Соның бірі әрине, Шәмші Қалдаяқов. «Қазақ вальсінің королі» атанған композитордың еңбегі лайықты бағаланбады. Сол секілді қоғамда мыңдаған тұлғаның таскешті заманда тағдыры үшін емес, ұлтының танымы үшін тынбай еткен еңбегі лайықты бағасын ала алмады. Керісінше, жауын-жауынның арасында күн кешіп, ұлттың құндылығын емес, құлқынның қомдылығын ойлағандар кеудесінде медаль жарқыратты. Марапатқа малтықты.
Қоғамның осынау теңсіздігін, жөнсіздігін шығармасына арқау еткен Қанат Тілеуханның «Медаль» әңгімесі жақсы сахналанды. Белгілі режиссер Фархат Молдағалидің сахналауымен көрерменге жол тартқан қойылымда қарапайым ауыл мұғалімінің тағдырынан бастап, ел үшін еңбек еткен тұлғалардың өмірінен де сыр шертіледі. Ақша үшін атақ сатқан, медаль жасап шығарғандардың да, сол атаққа құмар жандардың да далбаса хәлі лайықты бедерленген. Шебер суреттелген.
Өмір шындығын ашып көрсеткен «Медаль» премьерасымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 48 маусымын жапты. Жан толқытқан қойылым соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз алып, аталмыш премьераға айрықша тоқталды. Өз кезегінде жетісулықтар, Қанат Тілеуханның жерлестері жазушыға құрмет-қошемет көрсетті.
Айта кетерлігі, аталмыш қойылым БИ апа театрының биылғы маусымдағы 5-ші премьерасы. Бір жыл ішінде көрерменге 5 бірдей қойылым ұсыну театр үшін телегей тердің жемісі деп білген жөн. Осы орайда тағы бір айта кететін дүние, «Медаль» спектакліндегі Шәмші Қалдаяқов бейнесі, Бауыржан Момышұлының даңқы мен атағы айшықталған тұс режиссерлік шешім арқасында көрініс берді әрі көрерменге лайықты әсер етті. Бұл орайда «қоғамның айнасы» саналған театр өнері өз уақытының үнін, заманының демін осындай жайнақ дүниелер арқылы көрерменге жиі ұсына берсе екен деп тілейміз.
АРДА БИ