Біздің ұялатын қылығымыз көбейіп барады. Неге? Жауабы жоқ. Тегін тамақ көрсек бұрын-соңды тойып тамақ ішпегендей жайпаймыз. Қазекем біреуге налыса «Дым көрмеген» деп ниет-пиғылының жамандығын бірауыз сөзбен жеткізуші еді. Баяғыда үлкендер біреудің ұятты қылығын көрсе, естісе «Мал құлағы саңырау, ести көрме Тәңір-ау» бұл жағдайды енді айтпаңдар деп тыйып тастайтын. Жаманшылық айтқан сайын балалайтындай көрінеді. Азғындықтан алдыға жан салмай келеміз. Әкесі қызын, ағасы қарындасын… айтуға ауыз бармайды. Басқасын қойшы, жай ғана мәдени демалыс, көрменің өзін жау шапқандай талқандайтын болдық. Көшедегі келеңсіз жайттарды видеоға түсіріп, ұлтымыздың мәдениетсіздігін әлем алдында әшкерелейміз. Ұяты өзімізге келетінін ескермейміз. Абай Құнанбаев: «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» демекші, ғаламтор шіркін сырымызды әлемге жайып бітті. Жер-жердегі әдепсіздігімізді ғаламтордан көріп, қылығымыздан ұялып, қып-қызыл шиқандай болып отырғанымыз.
«Мешкей» деген жақсы ат емес демеуші ме еді ата-бабам. Бұл сөз жаман атың шықпасын, өзіңді дұрыс тәрбиеле дегенді меңзеп тұр емес пе?! Әлемде бізді білмейтін де елдер бар. Олар алмаға таласып жатқан бейнетаспаны көрген соң қай ел, не жағдай деп қызығушылық танытатыны анық. Атымыз бен қылығымызды көрген соң «ашаршылық жайлаған ел екен ғой» деген түсінік пайда болады. Ал біздікі қарынның аштығы емес, рухани аштық, ішкі мәдениетіміздің төмендеп бара жатқанының көрінісі. Тіпті сонау 30-шы жылдардағы ашаршылықта да мұндай күйге түспеген шығармыз. Сол кездегі қиыншылық бойымызға әбден сіңіп қалды десек те одан бері қанша жыл өтті. Қанша буын ауысты, тоқтықтың заманы туып, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда деген кезеңде өмір сүріп жатырмыз емес пе?! Жеке менің пікірімше, бұл – сананың әлсіреуі, ойдың азғындауы, іс-әрекеттен ұяттың жоғалуы деп санаймын. Әйтпесе, сол алма мен шыршаға ілінген шоколадтарды талаған адамдардың сырт кейіпіне қарасаң аштықтан бұратылып тұрғанын көрмейсің, киген киімі де жұпыны емес, әйтеуір адам баласы жағасын ұстайтындай көрініс. Кешегі бабаларымыздың ұят болады деген қасиетті қағидасын аяққа таптап, «мұнша сорақылыққа қалай жеттік?!» деген сауал әлі күнге дейін мені мазалайды. Қазақ мұндайда ой-санаңды түзе деп жатады. Адамның бойындағы ұят, намыс деген ұлы қасиеттерді жоғалтып алғандаймыз. «Айтпсаң сөздің атасы өледі» дейді. Осы мақаланы жазарда қатты қиналғаным бар. Айтарға, жазарға сөз таппағаннан емес, намыстан жарылып, кірерге тесік таппағаннан қиналдым. Сөз етпейін десең қылығы анау, ал айтсаң өз қазағың. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Осындай келеңсіздіктің кесірінен бүтін ұлттың қадірін қашыратынын білсе ғой шіркін. Бізді осындай мамыражай өмірге жеткізген де, ұлылығымызды асырған да сол бабамның үш ауыз сөзі. Ошақтың үш бұтындай жарасқан «Ұят болады, обал болады, сауап болады» деген үш ауыз сөзбен тәрбиенің қазығын қадап, осымен тәрбиеленіп келген едік. Енді, міне, осы үш қасиеттің қадірін қашырып, үш ұлының орнына бір ғана «Арсыздық» деген қасірет келді. Біз қазір осы бір ардан безіп, арсыздықтың жетегінде жүргендейміз.
Дәл осы тұста Парламент Сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің Сенаттың жалпы отырысында мәдениет жайлы айтқан ойына көз жүгіртейікші.
«Қазақта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Дәл Жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта жайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміздің жеткен жері осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе?! Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?!», – деді Нұртөре Жүсіп. Сенат депутаты ұлт тәрбиесіне алаңдаулы. Үлкен мінберде көтер- уінің де жөні бар.
Шын мәнінде біз кері кетіп барамыз. Рухани аштыққа ұрынып, қадірімізді кетіруге бет алдық. Мұны қолға алмаса, ертең кеш болады. Нұртөре ағамыздан асып не айта аламыз? Санасы ояу, көкірегінде көзі бар жас ұрпақ, ата-ана, ойланыңыздар! Ұлт тәрбиесіне алаңдаған тұлғаның сөзіне құлақ асыңыздар. Осыны жете түсінбей келешектің күнін көзге елестету қиын. Сондықтан бала жастан, мектеп қабырғасынан тәрбиенің негізін мықтап ұстамасақ, болашағымыз бұлыңғыр. Балабақша, мектептегі тәрбие негізіне көңіл бөліп, арнайы білім бағдарламасына тәрбие жайлы негіздеме енгізуді керек деп санаймын. Ұлттық тәрбиені қолға алмай ұлттық мүдде қозғалмайды!
Гүлжан ТҰРСЫН





