Белсенді инвестициялық жобалардың нәтижесінде Панфилов ауданында өнеркәсіп саласы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Өңірде ірі көлемде өнім өндіретін кәсіпорындар саны артып, олардың әрқайсысы өз бағытында табысты еңбек етіп отыр. Былтыр ғана бұл кәсіпорындар 2,2 миллиард теңгенің өнімін шығарып, ауданның қаржы қорына қомақты салық түсірді.
Өткен жылы Жаркент өңірінде 40 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асса, биыл да бұл бағытта жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Аудан әкімі Марат Сағымбек жуырда берген сұхбатында:
– Өңірде жұмыссыздық мүлде жоқ деуге болады. Жұмыс істеймін деген адамға орын жеткілікті, қазір керісінше жұмысшы таппай отырған кәсіпорындар бар, – деген еді.
Расында ауданның шағын және орта кәсіпкерлігі жыл сайын дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып келеді. Бүгінде ауданда өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Универсал» полипропилен зауыты» ЖШС, «Панфилов су құбыры» ШЖҚ МКК, «Жетісу Энерготрейд» Панфилов филиалы, «SSA Feed Mills» құрамажем зауыты, «Стандарт Стиль» металл бұйымдары зауыты, «APL Construction» газ тарату кәсіпорны сияқты 7 ірі кәсіпорын бар.
Бұл кәсіпорындар өңірдің экономикасына серпін беріп, ондаған, жүздеген тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, өңірде шағын кәсіпкерліктің 89 нысаны бар. Олардың дені металл және ағаш өңдеу, азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысады. Тек Жаркент қаласының өзінде 20-дан астам наубайхана мен қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді.
Жыл соңына дейін ауданда өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 31,5 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл облыс бойынша жалпы өнеркәсіп үлесінің 9 пайызына тең. Солардың қатарында өндірістік қуаты жоғары кәсіпорын «Жаркент крахмал-сірне зауыты». 20 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт «дала аруы» саналатын жүгеріні терең өңдеп, жылына 150 мың тоннаға дейін өнім қабылдайды. Оннан астам өнім түрін шығарып, ішкі нарықпен қатар шетелге экспорттайды. «Универсал» полипропилен зауыты жылына 50 миллионға жуық қап шығарады. Құны 3 миллиард теңгеден асатын өнім елдің түкпір-түкпіріне таралады. Зауытта 100-ден астам адам еңбек етеді. «SSA Feed Mills» құрамажем зауыты жылына 60 мың тоннаға дейін құрамажем өндіреді. 20-дан астам өнім түрі бар. Заманауи зертхана мал азығындағы барлық көрсеткіштерді қатаң бақылап отырады.
2017 жылдан бері «APL Construction» ЖШС Жаркент қаласын толық газдандырып, тұрғындарға сервистік қызмет көрсетіп келеді. Аудандағы 42 елді мекеннің 33-і көгілдір отын желісіне қосылған. Биыл аудан экономикасына құйылған 41 млрд. теңге инвестицияның 24 млрд. теңгесі жеке инвесторлардың қаржысы. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға артық. Биыл «KTZE Gateway» ЖШС 2,8 млрд. теңге жұмсап, Құрғақ портта 10 қосымша теміржол жолын салды. «Бося», «Айлин Трейдинг», «Верказ», «Хелп Транс», «Бай Биг» серіктестіктері 4,3 млрд. теңгеге 20 000 шаршы метр қойма кешенін жүзеге асырды. Жаркенттегі жаңа «Лукойл» жанармай бекетін салуға 1,2 млрд. теңге қаржы құйылып, 15 жұмыс орны ашылды. «Хоргос CAT» ЖШС 550 млн. теңге қаржы жұмсап, орта Азия тағамдары мейрамханасын ашты. «Қасенова» ШҚ 100 млн. теңгеге ірі қара бордақылау алаңының құрылысын аяқтады.
Алдағы уақытта, яғни 2029 жылға дейінгі «SKYHANSA» ЖШС 250 млрд. теңгеге сағатына 500 жолаушы қабылдайтын әуежай жобасын жүзеге асырады. Ал «SILK WAY ENERGY» ЖШС 135 млрд. теңгеге сұйытылған табиғи газ зауытын салып бітіреді. «Теплоинвест-монтаж» ЖШС 1,5 млрд. теңгелік құрылыс материалдары зауытын салмақ. «Жаркент құс» ЖШС 161 млрд. теңгеге құс фабрикасын салса, «Каусар Карго» ЖШС 4 млрд. теңгеге халықаралық автобекетін іске қоспақшы.
Өнеркәсібі өркендеген Панфилов ауданы алдағы жылдары да экономикалық дамудың жаңа межелерін бағындыруға дайын. Инвестициялық белсенділіктің артуы – тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірдің өркендеуіне негіз болады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ





