Остеохондроз – омыртқааралық шеңберлерді зақымдайтын сырқат. Сау адамдарда омыртқааралық шеңбер жұмсақ шеміршек төсеме сияқты болады. Ол амортизатордың рөлін атқарады. Қимылдағанда омыртқалардың бір-бірін қажауына жол бермейді. Остеохондрозға шалдыққан адамда шеңбер біртіндеп қатаяды.
«Остеохондроз» деген нақтама қою үшін дәрігерлер рентген жасатып, омыртқааралық шеңберлердегі өзгерістердің қай деңгейде екендігін анықтауы керек. Ем сырқаттың сатысына қарай тағайындалады. Бастапқы сатыда болса емі жеңілдеу. Егер шеңбер қатып қалса оның көлемі кішірейіп, жүйкенің шеттерін қысады. Амортизаторлық қызметі нашарлайды. Нәтижесінде арқа ауырады. Дене қимылдағанда шеміршек қажалып, жанға батады. Ауырсыну ыңғайсыз отырып қалғанда, ұзақ жүргенде, ауыр зат көтергенде, жөтелгенде, түшкіргенде күшейеді. Кейде бұл ауру басқа сырқаттың көлеңкесінде жасырынады. Омыртқаның зақымданғанына қарай остеохондроз үш түрге бөлінеді. Бел остеохондрозында – бел, жамбас, аяқ ауырсынады. Кейде несеп шығару және жыныс ағзаларының жұмысы бұзылуы мүмкін. Бұл ауру жұмысты отырып істейтін және көлік жүргізуді ұнататын адамдарда жиі кездеседі.
Мойын остеохондрозы басты бұрғанда сезіледі. Бұл ауырсыну иыққа, қолға берілуі мүмкін. Білезік және саусақтардың ұйып калуы, қан қысымының жоғарылауы, бас ауруы, көздің көруінің нашарлауы арқылы байқалады. Әдетте мойын остеохондрозы көлікте отырғанды ұнататын, компьютерде жұмыс жасағанда пернетақтаға еңкейіп отыратын адамдарда болады. Кеуде остеохондрозы сирек кездеседі.
Ең кең тараған түрі – омыртқаның қисайған түрі. Кеуде остеохондрозы кезінде жүректе стенокардияға ұқсас ауырсынулар байқалады. Сондықтан оны жүрек ауруымен шатастырады. Егер ауру ерте сатыда анықталса, дерттің асқынуын сылап-сипап, емдік дене шынықтыру, физиотерапиялық емшаралар арқылы тоқтатуға болады. Егер сырқат асқынып кеткен болса, керісінше, остеохондрозға шалдыққан бөлікке тиіспейді. Ол жерді қозғалтпауға, күш түсірмеуге тырысу керек. Кейде бұл үшін ортопедиялық құралдар қолданылады. Ауру өршігенде арқадағы ауырсынуды болдырмас үшін қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын дәрілер қолданылады. Кейде ауру омыртқа шеңбері жарығы немесе жұлынның қысылуымен асқынса, ота жасалуы мүмкін. Остеохондрозға жол бермеу үшін денені тік ұстап, ауыр заттарды дұрыс көтеріп, жұмыста, көлікте отырғанда арқаны тік ұстау керек. Ауыр заттарды көтергенде ешқашан енкеймеңіз және арқаны бүкпеңіз. Аяқтардың арасын 30 см алшақ қойып, жүрелеп отырыңыз. Арқаны тік ұстаңыз. Егер жүкті бір жерге көтеріп апару керек болса қолды алға созбай, өзінізге қысып ұстаңыз. Егер дүкеннен көп зат әкеле жатсаңыз оларды бір сөмкеге салмаңыз. Ауыр затты бір қолмен көтергенде мойын мен иыққа салмақ түседі. Сондықтан екі жақ тең болу үшін заттарды екі сөмкеге теңдей бөліп ұстаңыз. Көлік жүргізгенде орындықты басқышқа аяғыңыз оңай жететіндей және арқаның төменгі бөлігіне жақсы тірек болатындай етіп жылжытыңыз. Компьютерде жұмыс жасағанда иықтарыңызды босаңсытып, сәл артқа шалқайып отырыңыз. Арқаның төменгі бөлігін орындыққа тіреңіз. Ешқашан орындықтың шетіне отырмаңыз. Аяқтарыңыз міндетті түрде еденге тиюі тиіс. Егер орындық тым биік болса, аяққа арнайы тіреуіш қойыңыз.
Дене қалпыңызды үнемі қадағалап отырыңыз. Басты тік ұстаңыз, оның салмағы омыртқаның жоғарғы бөлігіне түсетіндей болсын. Түрегеліп тұрғанда дене салмағын екі табанға бірдей түсіріңіз.
Остеохондроз – қауіпті сырқат. Сондықтан омыртқаға күш түсірмеу керек. Сонымен қатар, ас мәзіріңізде табиғи тамақтар болғаны дұрыс. Мал өнімдері, жеміс-жидек ағзаның дұрыс жетілуіне оңды әсерін тигізеді.
Жұлдыз Рахимжанова,
облыстық кардиология
орталығының медбикесі