Кейінгі кезде облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына кірген кейбір тұрғын жөнді-жөнсіз талап қоя беруді өзіне мақсат қылып алғандай көрінеді. Бірі дәлел-дәйексіз, енді бірі аудан деңгейінде, заң аясында шешілетін мәселені көтереді. Сұрау деген осы екен деп сауалдың астына алатындар да бар. Мәселен бүгінгі қабылдауға кірген екі-ақ адамның өзі оннан астам сұрақ қойып, 1 сағаттан артық отырды.
Қоғамдық қабылдауға кірген Малайсары ауылының тұрғыны көпбалалы ана Күнсұлу Мүлкібаева заңсыз жұмыстан шығарылғанын және 2-сынып оқитын қызына мектепте қысым көрсетілетінін айтты.
Аймақ басшысы бұл мәселе бойынша қызға қысым көрсетілгені дәлелденсе, қатаң жаза қолданылатынын, жұмыстан заңсыз шығару жайы тек сот арқылы шешілетінін айтты. Сондай ақ жауапты қызметкерлерге тұрғынның мәселесін жіті бақылауға алуды тапсырды.
Қабылдауға екінші болып кірген Алматы қаласының тұрғыны Жамила Бурабаева өзінің Панфилов ауданында туғанын айтып, бірнеше сұрақ қойды. Алдымен Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай Ақжазық ауылында туған Л. Асановаға арнайы тақтайша орнатылу керектігін жеткізді. Бұл жөнінде облыс әкімі:
– 2022 жылы Ақжазық ауылының кіреберісіне демеушілер есебінен арка, арканың оң жағында Л. Асанованың, сол жағында жазушы Б.Нұржекеевтің суреттері, жазулары бар тақтайшалар орналастырылған. 2008 жылы Жаркент қаласының орталық алаңында Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановаға ескерткіш орнатылды. 1996 жылы Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына орай Ақжазық ауылы Жамбыл атындағы орта мектепте «Желтоқсан жұлдызы Ләззат Асанова» мұражайы ашылып, өзі оқыған сынып осы тақырыпта безендірілген. Аудан бойынша 6 көшеге Л. Асанованың есімі берілген, – дей келе қосымша тағы ескерткіш-тақта орнатуды аудан жұртшылығы мен әкімі шешетінін айтты.
Осыдан кейін өтініш иесі аты-жөні белгісіз әр аудан тұрғындарының арыз-шағымын жеткізді. Тіпті жиын соңында Кербұлақ ауданының зауытында өзекті мәселе барын тілге тиек етті. Әкімнің: «Қандай мәселе?» деген сауалына «Жазып алмадым, бірақ тексеру керек» деп жауап қатты.
Әр тұрғын қоғамдық қабылдауға кіріп, осылай сұрақ қоя берсе не болмақ?
Айдар ҚАЛИЕВ