Жасөспірім психологиясын түсінуге негізделген дәріс оқушыларға арналған шағын сауалнамадан басталды. Сұрақтар тек құқықтық білімге ғана емес, отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа да бағытталды. «Қазір анаңызға немесе әкеңізге не айтқыңыз келеді?», «Үйде ата-аналар арасында жанжал жиі бола ма?» деген сияқты сұрақтар оқушыларды шынайы жауап беруге жетеледі. Шын жауап бергендеріне шағын сыйлықтар табыс етілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндет. Осы орайда өз ісінің маманы оқушыларға сағат 21.00-ден кейін үйден рұқсатсыз шығудың ата-аналарына әкімшілік жауапкершілік жүктейтінін түсіндірді. Сонымен бірге облыста тіркелген бірнеше ауыр қылмыс мысалға алынып, кейбір әрекеттер үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны айтылды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақпал Құсмолдина дәрістің оқушыларға ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.
– Бұл кездесу балаларға ой салды. Олар нақты құқықбұзушылық фактілерімен танысып, әр адамның өз іс-әрекеті үшін жауапты екенін түсінді. Заңды сақтау – қорқыныштан емес, азаматтық борыштан туатыны ерекше айтылды. Полиция қызметкерлерінің кеңестері мен өмірден алынған мысалдар оқушылардың сезімі мен санасына әсер етті. Енді олар жауапкершілікке көбірек мән береді деп сенемін, – деді ол.
Облыс әкімінің «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасы аясында өткізілген жиында өнегелі әңгіме айтылып, жол апаттарының салдарын көрсететін бейнематериалдар ұсынылып, балаларға қауіпсіздік ережесінің маңыздылығы да ескертілді.
Мектеп инспекторы, полиция лейтенанты Алмас Өтеғұлов та бұл форматтың тиімділігін жеткізді.
– Біздің мақсат – баланы қорқыту емес. Әрбір тәрбиеленушіні түсініп, оған дұрыс бағыт беру. Құқықбұзушылықтың алдын алу салдарымен күрескеннен әлдеқайда тиімді. Біз сауалнамасы бар дәріс форматын әдейі таңдадық. Егер 200 баланың кем дегенде 80 пайызы «жақсы» мен «жаманды» айыра білсе бұл біздің үлкен жеңісіміз, – деді ол.
Дәрісті ұйымдастырған мектеп әкімшілігі мен тәлімгер Бақтияр Жақсыкелдиновтың бала тәрбиесіне жан ауыртып, көңіл бөлгендігі қуантарлық іс. Осындай кездесулердің жиі өтуі құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, жас буынның дұрыс бағыт таңдауына ықпал ететіні сөзсіз.
Медет ЖҰМАБАЙ





