«Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін» деп алдағы күннен жақсылық күтіп, өткенге ризашылық білдіретін текті жұрттың жылнамасы тағы бір жылмен жаңармақ. Осыған орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ қатысуымен «Қош келдің Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты Президент шыршасы аталып өтті.
Талдықорған қаласындағы Көрме кешенінде өрнек тапқан мерекелік шараға Жетісу жерінің әр өңіріндегі 200 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беруді қажет ететін балалар, аз қамтылған көп балалы отбасының балалары арасындағы озаттары мен дарындылары қатысып, қуанышты күнге куә болды.
Жаңа жыл мерекесіне сай безендірілген ғимарат ішінде ән әуелеп, күй күмбірелді. Шаттықтың шанағы басылып, өнерлі балапандар мың бұрала биледі. Осындай ғажайып кешке арнайы келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтау сөз алып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен кең байтақ Қазақстанымыздың түпкір-түпкірінде дәл осындай іс-шаралар өтіп жатқанын жеткізді. Барша өренді Мемлекет басшысы атынан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Биылғы жыл Балалар жылы болды. Осы жылдың аясында жас ұрпаққа арналған көптеген пайдалы іс-шаралар өткізілді. Бүгінгі мерекелік қуаныш та – мемлекетіміздің балаларға деген қамқорлығының көрінісі, мейірім мен жанашырлықты сезініп өссін деген игі ниеті. Осындай мақсатта облысымызда жаңа мектептер салынып, оқу кабинеттері қажетті құралдармен жабдықталуда. Осылайша еліміздің ертеңі – бүгінгі балғындардың алаңсыз оқып, еркін білім алуына барынша жағдай жасалып отыр. Соның арқасында 2022 жылы ғылыми жобалар мен пән олимпиадаларында оқушыларымыз жүлделі орындар алып, облысымыздың атын республикалық, халықаралық деңгейде танытты. Ал бүгінгі күнгі Жаңа жылдық шыршаға қатысушылардың арасында сол оқу озаттары да бар. Сол сияқты түрлі байқауларда жеңімпаз атанып, спорт саласында жетістікке жеткен оқушылар да қатысып отыр. Біз сіздердің оқуда да, өнер мен спортта да белсенді болғандарыңызға қуанамыз және мақтан тұтамыз, – деді аймақ басшысы.

Ізгі тілектен кейін өрендер ортаға шығып ән салып, өлең оқып, мың бұрала биледі. Өнерді асқақтатқан өрендерге арнайы дайындалған концерттік бағдарламалар ұсынылды. Берекелі өткен игі шарада барыс келіп ескі жылдың есендігін термелеп, қоян алдағы жылдан мол несібе күтуді сұрады. Аяз ата мен Ақшақар Жетісу жерінің бүлдіршіндеріне өз тартуын ұсынды.
Осынау мерейлі сәтті пайдаланып Президент шыршасына келген облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекованы сөзге тартық. Ол:
— Әрбір жас біздің болашағымыз. Бүгінгі қуанышқа сол келешектің кемел көшін бастайтын бүлдіршіндер, озат оқушылар облыстың түпір-түкпірінен келіп қатысып отыр. Өрендердің өнерін тамашалап отырсыздар. Бақытты балалық шақты бастан өткеріп жатқан барша жасты, ата-аналар мен қазақ елін Жаңа жылмен құттықтаймын. Еліміз аман, іргеміз тыныш, шаңырағымыз күн сәулесі сүйген күйінде асқақ болсын, — деп Айжн Маманқызы да ақ тілегін арнады.
«Тик-ток», «Клаб дэнс», «Елочки – снежинки», «Большие снежинки», «Унисон» вокалдық тобы, «Танец со снежками», «Антипод», «Туған тель» би ансамблі, «Талдықорған әуендері», «Контраст», «Клаб дэнс», «Горец» би ансамблдері, «ЛАССО», «Үлгілі» «Солнышко» хореографиялық би ансамблі сынды өнер ұжымдары ән әуелетіп, мың бұрала билеген мерекелік кеште облыс әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері бүліршіндермен бірге биілеп думанды қыздырды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облысы





