Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын көтеру мен білім беру саласын қолдаудың мемлекеттік саясаттағы басымдығын атап өтті, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе өсіп, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салу жоспарланып, бүгінде оның 128-і пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен алпыстан астам мектеп тұрғызылып, тағы 30-ға жуығының құрылысы жалғасуда.
Сала қызметкерлерін қолдау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы бекітілді. Қазір бұл құрметті атаққа 74 мұғалім ие болса, былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды.
Соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе артты, 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленуде. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы аясында 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылып, назарын тек бала оқытуға бағыттай алады.
«Қазір – білім мен ғылымның заманы. Саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан білім беру саласын қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.





