Бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізіп жатқанның салдарынан қаншама адамның тағдыры тәлкекке түсіп, қаншама шаңырақ шайқалуда. Тіпті бар жиған-тергенін құмар ойынға тігу арқылы бүкіл дүние-мүлкінен айырылғандар да аз емес. Оның арты суицидке апарып соқтырған жағдайлар да жетерлік.
Көріп отырғанымыздай, бұл мәселеге дер кезінде тегеурінді тосқауыл қойылмаса, аталмыш дертке шалдығушылар саны күннен-күнге көбейе түсері анық. Өкінішке қарай, «лудомания» дертіне шалдыққандар бұл жағдайды ауру ретінде мойындамай, әдет ретінде қабылдайды. Ал оның ауру екені медициналық тұрғыда дәлелденген. Сондықтан аталмыш мәселеге қарсы тегеурінді күрес жүргізу қажет.
2026 жылы «лудомания» дертіне шалдыққандардың санын екі есеге қысқарту мақсатында мемлекет есебінен тегін медициналық және психологиялық көмек көрсету орталықтарын ашып, тиісті профилактикалық шараларды қолға алып жатқанын айта кетейік. Егерде балаларыңыздың немесе туған-туыстарыңыздың бойынан құмар ойынға қызығушылықты байқаған жағдайда аталмыш орталықтарға дер кезінде апарып, аурудың алдын алған абзал.
Сондай-ақ, құмар ойынға қатысуға байланысты мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын қатаң шектеуге ерекше тоқтала кетуді жөн көрдік. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабының 1 тармағының 6-тармақшасына сәйкес құзыреттен тыс жерлерде немесе телекоммуникациялық желілер, соның ішінде интернет желісі арқылы өткізілетін құмар ойындарға немесе бәстесулерге қатысу сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер талабына жатады.
Сонымен қатар аталмыш Заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу орын алса мемлекеттік қызметтен босатылады. Сондықтан мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар аталмыш шектеулерді назардан тыс қалдырмай, өздері ғана емес, туған-туыстары мен отбасы мүшелерін де сақтандырып жүргендері абзал. Бұған мысал ретінде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекетіндегі іс-шараларды атап айтуға болады. Кеден бекетінің лауазымды тұлғаларының арасында құмар ойынға қатысудың зардабы мен шектеулері жөнінде сабақтар өткізіліп, тиісті нормативтік-құқықтық актілермен таныстырылды. Тиісті орындарға сұрау салу арқылы тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесінде құмар ойынға қатысқан лауазымды тұлғалар анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тартылумен қатар жұмыстан шығарылды. Бұған қоса әр қызметкер жазбаша түрде және «eGov mobile» мобильді қосымшасына өтініш беру арқылы шектеулермен қамтамасыз етілді.
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті
«Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары