Шаруалар үшін жылдың төрт мезгілі де қарбалас. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар жыл он екі ай тыным таппайды. Қыстық мал азығын әзірлеудің, қора-қопсыны жөндеудің, малшылар тұрағын ретке келтірудің бәрі – қысқа дайындықтың ажырамас бөлігі. Осы жұмыстарды тыңғылықты ұйымдастырған шаруашылық құрылымдары төрт түлікті қыстан аман алып шығудың қамына ерте кірісті.
Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, 2025-2026 жылғы мал қыстату науқанына өңір бойынша барлық санаттағы шаруашылықтарда 19 982 бас мүйізді ірі қара, 45 228 бас уақ мал, 11 242 бас жылқы, 549 бас түйе тіркелген.
Қыстату алдындағы дайындық кезінде егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардан 188 007 тонна шөп жиналып, жоспар 144 пайызға орындалған.
Сонымен қатар, 41 500 тонна сабан, 11 400 тонна пішендеме, 16 000 тонна сүрлем әзірленген.
Мал азығының бірнеше түрінен жоспардан артық көрсеткішке қол жеткізілуі – дала еңбеккерлерінің биылғы қысқы сынаққа тыңғылықты дайындығын көрсетеді.
Дайындалған шөптің негізгі бөлігі мал қыстауларына уақытылы жеткізілуде. Бүгінде қолдағы мал 144 мал қыстату нүктесінде орналасқан. Науқан барысын бақылау мақсатында 16 қыркүйекте аудан әкімінің №68-ө өкімімен арнайы жұмысшы тобы құрылған. Оған аудан әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары жетекшілік етеді. Штаб құрамына салалық бөлім басшылары мен жауапты мамандар енгізілген.
Алмалы ауылындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Ерғалиев» қожалығының басшысы Қайрат Серікқанұлы бала кезінен мал шаруашылығына бейім болып өскен. Бүгінде еңбекқор азамат шаруашылықты заман талабына сай дамытып, төрт түлікті күтудің қыр-сырын жетік меңгерген.
Қожалықтың «Тал-тал» бөлімшесінде негізінен ірі қара бағылады. Қазіргі таңда малдың көктемнің көкөзек шағына дейін жететін азығы түгел қамданған.
Шаруашылықта 3 000 тонна орам шөп, 30 тонна жем дайын тұр. Бұл малды қыстан қысылмай шығару үшін жасалған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Қыс мезгілін тиімді өткеру – көктемгі мал басының өсіміне, төлдің шығынына, жалпы өнімділікке тікелей әсер етеді. Сондықтан аудан шаруалары биыл да бұл науқанға барынша жауапкершілікпен қарап, дайындықты күшейтіп отыр.
Дұрыс жоспарланған еңбек, мерзімінде дайындалған мал азығы, малшының жағдайын ойлау – қысқы сынақтан сүрінбей өтудің басты кепілі.
Жақсылық Жомартұлы





