Домбыра – қазақтың жаны! Шаттығы мен мұңы! Құлазыған көңіліңе қуат беретін де, қуанғанда жаныңа шуақ төгетін де осы домбыра! Бес саусақ бірде баяу шертіп, енді бірде асқақтата ойнағанда келесі бес саусағың әр пернені дөп басып, жорғалай жөнелгенде мың құбылған әуенмен жан дүниеңді тербетіп әкететіні рас. Жыр дүлдүлі Ілиястың тілімен айтсақ, «екі желі, үш қазық, тоғыз ноқта» домбыра туралы сан түрлі аңыз бар. Бір ұлттың мұң-наласы мен шадыман шаттығын шанағына сыйдырған аспаптың қай күні, қай қазақтың қолынан жонылып, қоңыр даланы қай күні қоңыр үнімен құндақтап алғаны белгісіз. Бір білетініміз, бірнеше мыңжылдықтан бері сан ғасыр үнін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқаны ақиқат! Ендеше домбыра жүрек қағысындағы «Мен қазақпын!» деген ұлы сезім бір тамырын артық соқтыратын әр қазақпен бірге жасай беретіні сөзсіз!
Күй! Қалай дәл тауып қойған десеңізші?! Шебер саусақ қос пернеде жорғалап, шанағынан сан мың әуен сорғалап, бірде тұп-тұнық бұлақтай сыңғырлай үн қатса, енді бірде ақ көбігін аспанға атқан асау өзендей арқырап, келесіде тынып қана қозғалатын терең көлдей тыңдаушысын да дәл осындай түрлі күйге бөлейтінін айтсаңызшы! Құрманғазының «Сарыарқасы» орындалғанда арқасы қозбайтын қазақ кемде-кем шығар. Күй құдіреті құлақтан кіріп алпыс екі тамырыңды аралап, баурап әкеткенде осынау Ұлы Даланың заңды мұрагері екеніңді сезінесің. Құс қанаты талатын, тұлпар тұяғы кетілетін алып даланы бір сәт кеудеңдегі жұдырықтай жүрегіңе сыйғызғанда «Менің елім, менің жерім» деген ғаламат сезім тұла бойыңда тулап сала бермей ме?! Ал Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» тыңдағанда, ай-хой, шіркін, төрт түлігін төскейге өргізіп, желіге құлынын байлаған, қозы-лағы асыр салып ойнаған, жайма-шуақ жаздың әдемі көрінісі көз алдыңызға келе қалады. Ақ жаулығы арының тазалығын көрсететін аналарымыз бен кимешегінің өзінде киесі бар әжелеріміз алаша тоқып, киіз басып отырса, үлкенге құрмет көрсеткен келіндері иіліп сәлем беріп, өреге құртын жайып, майын шайқап, шаңырағын шаттыққа бөлеген берекелі сәтке куә боласыз. Текеметтің үстінде кесте тігіп отырған бойжеткен, айналасында құрбылары бес тас ойнап отырса, енді бір шетінде асық атып, «ханталапайдың» қызығына берілген балақайларды көресіз. Көзі шарасынан шығатындай аларып, қос танауы делдиіп, жер тарпып тұрған асауға ноқта салып, ауыздығын кере тартып, үстіне қарғып мінгенде аспанға шапшыған қылқұйрықты жануардың аз уақыттан кейін жуасып, байыз тапқан сәтін де осы «Сарыжайлау» күйін тыңдап отырып, көз алдыңызға елестете аласыз.
Төлеген Момбековтың «Салтанатын» немесе Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқынын» жан дүниеңіз жайма шуақ сезімге бөленіп, арқалана отырып тыңдай аласыз ба?! Әрине, мүмкін емес! Терең ойға шомып, ойын-күлкіден аулақтап, жаңа ғана ерекше сезімге бөленіп отырсаңыз әп-сәтте басқа әлемге енесіз. Мұқағали ақын айтқандай «Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат» өмірдің өзгеше иіріміне түсіп кетесіз. Осының бәрі қос ішекті домбыраның құдіреті емей не дейсіз?!
Ал енді әлгі сан түрлі күйге бөлеген әуен сөзбен өріліп әуезді әнге айналған кезде ше? Бұл сәтте домбыраның да үні басқа арнаға бұрылады. Айтпақшы, ұлт руханиятына бар ғұмырын арнаған Ақселеу Сейдімбек ағамыз күй мен жырды бір арнада тоғыстырып, қазақтың асқақ жыр әлеміне тыңнан сүрлеу салды емес пе? Қателеспесем, Ақселеу ақсақал Қазанғаптың «Көкіл» күйі мен Сүгірдің «Ыңғайтөгіне» Қазтуғанның «Қайран Еділі» мен Ақтамбердінің «Күлдір де күлдір кісінетіп» жырын әдемі үйлестіріп, қазақтың жыр әлеміне ғаламат жаңалық әкелді. Тіпті, осы аталған қос күй Қазтуған мен Ақтамбердінің төл туындысындай болып кетті. Міне, домбыраның кереметі! Қазақтың жанына айналып, мұңы мен қуанышында бойына демеу болатыны.
Домбыра дегенде есімізге бірден оралатын ұлт перзентінің бірі Нұрғиса Тілендиев. Нұрағаңның да ұрпағына қалдырған рухани мұрасы телегей теңіз. Жаратылысы солақай күйшінің бір ғана «Әлқиссасының» өзі бірде шалқытып, бірде толқытып әкетеді. Осы Нұрағаңның оркестрге лайықталып жасалған «Махамбет» күй-поэмасын тыңдаған шығарсыз. Бас-аяғы үш-төрт минуттық күйден батыр Махамбеттің, ақын Махамбеттің, еркіндіктің символындай болған асқақ та азат рухты Махамбеттің бар болмысын көресіз. Құдды Махамбет жайлы тұтас бір поэма немесе роман оқып шыққандай сезімге бөленесіз. Нарынның құмында азаттық үшін атқа қонып, жортып келе жатқан адуынды Махамбетпен кездесесіз. Еркіндік үшін «Ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып» алдаспандай жарқ еткен Махамбетке жолығасыз. Бірде «Исатайынан айырылып, жалғыздықпен дос болған» Махамбетпен бірге мұң кешесіз. Осының бәрі он саусағына күй қонған Нұрғиса ағамыздың асқан шеберлігінің жемісі.
«Қыз Жібек» фильмінің түсірілімі кезінде болған аңызға бергісіз мына бір оқиғаны бәріміз естіп өстік. Кеңестік кезеңде ұлттық құндылығымызды құрдымға жібермей сақтап қалған бірден бір көркем туынды осы. Режиссер Сұлтан Қожықовтың жүрегіндегі «қазақты сүю» сезімі айқын байқалатын фильм. Бізге ертедегі аңыздай болып жеткен әңгіменің бірі былай өрбиді. Осы киноны түсіру барысында Жайыққа қонған аққулардың әдемі сәтін түсіру біраз қиындық туғызады. Анығы айдынға келіп қонақтаған аққуларды жақындап келіп түсірейін десе үркіп кете береді. Осы сәтте Нұрағаңның «Аққу» күйін Жайықтың жағасына дауыс ұлғайтқышпен қосады. Құдайдың құдіреті, күйдің әсерін қараңыз, әдемі әуенге еліткен аққулар айдынға қонып, тіпті бір бірімен жарасым тауып, билей жөнеледі. Фильмді қарап көріңіз. Осыдан кейін Нұрағаңның есімі аталғанда «Аққуды күймен қайырған» деген теңеу де бірге айтылатын болды.
Әлқисса, қос ішекті домбыраның шанағынан төгілген күй мен әуезді әнге айналған кестелі жыр әр қазақтың жүрегін тебірентпей қоймайды. Ұлттың ұлы құндылығына айналған қасиетті домбырамыздың құрметіне күнтізбенің бір күнін арнайы белгілеп, «Ұлттық домбыра күні» деп айдар тағып, айтулы мерекеге айналдырдық. Айтарымыз – қазақтың рухын асқақтатқан домбыраға бір күн ғана құрмет көрсетпей, әр қазақтың шаңырағының төрінде бір домбыра ілулі тұрса екен дейміз. Иә, сәндік үшін ілініп тұрса, шежіремізді жырлайтын домбыраны шерлі күйге түсіргеніміз. Одан да әр қазақтың әулетінен жоқ дегенде бір баланың домбыра шертуі керек. Сонда ғана бабамнан қалған мұраға құрметпен қарағанымыз. «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» екенін ақиқатқа айналдырғанымыз. Шаңырағыңызды домбыра үні шаттыққа бөлеп тұрсын, ағайын!
Жұматай ӘМІРЕ