ТЕНДЕР. Жасқа да, жасамысқа да етене таныс термин. Тіпті, қоғамда атқарылмай қалған болмаса нәтижесі көңіл көншітпей қалған қандай да бір істі байқасақ, «тендердің сиқы осы, тендер деген бір пәле болды» деген пікір де қалыптасып үлгерді. Әсіресе, Күлтөбенің басында өтетін жиын, форумдарға қаржы көптеп құйылуда. Сол шараны басынан аяғына дейін өткізу үшін миллиондаған ақша қарастырылған. Бірақ шараның мақсаты мен міндеті сол миллионға тати ма? Мәселе осында.
Бірнеше жыл бұрын елде эпидемиологиялық жағдай орын алғанда мұндай шаралардың барлығы қашықтан ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдардың жұмысы тоқтап қалған жоқ. Жүйелі атқарылып жатты. Есесіне бюджеттің қаржысы үнемделіп, басқа «жыртығымызды жамауға» жұмсалды. Ал қазір сол баяғы әдетке қайта оралдық.
Айзада АСЛАНҚЫЗЫ, кәсіпкер:
– Адам қандай да бір іспен айналысар кезде сол саланы зерттеу керек. Білім алыңыз, оқыңыз, үйреніңіз. Тендерді мемлекет өте жақсы ұйымдастырған деп айта аламын. Бұл – мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Мен осы іспен айналысқалы он шақты жылға таяп қалды. Біз терезеге жалюзи орнатумен айналысамыз. Қазіргі таңда тапсырыс көбейді. Тендердің көлеңкесін емес, күнгейін көп көріп келеміз. Тек атқаратын ісіңізге адалдық танытсаңыз, сапалы әрі уақытылы жұмыс істесеңіз болғаны. Бізді құртатын жауапсыздық. Ең бастысы, сапалы тауар алып, уақытылы жұмысты істеп, адал ақша тапсаңыз берекеңіз де артады.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталы әрбір мемлекеттік органның және оның есеп беретін ұйымдарының жылдық жоспары бойынша есептерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар тендерге қатысатын кезде барлық талапқа сай құжаттарын рәсімдейді. Ашық конкурс арқылы мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізіледі. Алайда мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған қаржыны қалтаға басқанша құжатты қатырып жасап, барлық қажеттілікті тек қағаз жүзінде көрсетіп, тендерге қатысытандар да жоқ емес. Арды емес, пайда ойлаған алаяқтардың кесірінен басы таудай басталып, аяғы қылдай болған жұмысты көзбен көріп жүрміз. Өкінішке қарай, мұндай қитұрқылықпен айналысатындар үшін Заңды қатайтқан абзал. Тендерді ұтып алған ұйым жұмысты ары қарай қаншалықты жауапты жүргізетіні өзінің адами қасиетіне, ар-ұятына байланысты іске асады. Бірақ дәл осы тендер арқылы жүзеге асып жатқан жұмысқа көпшіліктің көңілі разы емес екені жасырын емес.
Самат ЖАҚЫП, кәсіпкер:
– Жақында жиһаз жасайтын цех аштым. Жұмыс бірден алға баспады. Тапсырысқа түскен азын-аулық жиһазды жасап жүрміз. Содан тендермен айналысып, тапсырысты көбейтейін деп іске кірістім. Бірақ нәтиже мен күткендей болмады. Тендерге еліміздің барлық өңірінен қызығушылық танытқан жандар қатысады екен. Мәселен, өскемендік шеберлер біздің бағадан да арзан баға көрсетеді. Ол жақта біз тұтынып жүрген материалдар төмен бағада сатылады. Ал бізге баға жағынан тиімді болмай тұр. Енді амалдап әзірге тапсырысқа келген жұмыстарды істейміз.
Жалпы, тендер дегеніміздің өзі білікті де білімді маманның іс-қағаз жүргізуінен басталады. Мұндағы басты талап – сапалы тауар мен әр істің өз уақытында орындалуы. Талап сапалы, уақытылы орындалмаса актіге қол қойылмайды. Демек, ақша берілмейді. Тендерлік кепілдік кері қайтарылмайды. Мұндай істі бастауға ниет еткен азамат қаржылай сауатты болмаса, «қап-қап ақша аламын» деп алақанын ысқыламақ түгілі салымын да қайтара алмай қалады. Тендерге қатысқан әрбір жеке тұлға ақша алып, жұмыс істеп кете алмайды. Мұның да өз тәртібі мен ережесі бар. Алайда осы тәртіпке бағынып, ережені сақтап жатқандар шамалы. Мемлекеттік сатып алумен айналысатындардың басым көпшілігі, тендерді ұтқан мекемені анықтауда төмен бағаны ұсынудан бөлек, жүктелген міндетті сапалы орындау жағына да баса назар аударылса дейді. Мемлекеттік активтердің саудасына қатысып жүргендер бағасы төмен қойылған саудалардың былығы көп екенін айтуда. Нәпақасын осы істен тауып жүрген Ербол Берікұлы, тендерге қатысып, таласуға тұратын лоттарды адал жолмен сатып алудың ешқандай мүмкіндігі жоғын алға тартады. «Бағасы азайтылатын лоттардың саудасын өткізу кезінде төмендетілген қолайлы баға жазылады. Ал электронды аукцион залында ол «сатылған» деп шығып тұрады. Яғни, ондай лотты сатып ала алмайсың. Небәрі 1-2 секунд бұрын ғана өзге кәсіпкер сатып алып қояды. Соған қарағанда сервердегі уақытқа, сағатқа қатысты әлдебір манипуляция жасалатын секілді деп ойлаймын өз басым. Қымбат лоттар осылай сатылып келе жатқанына сан мәрте куә болдым. Осындай алаяқтардың кесірінен жұмысын тиянақты орындайтын кәсіпкерлер жапа шегеді. Артынша мемлекеттің қаржысы талан-таражға түседі. Әр тиын адалынан келсін деп еңбек етемін», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлердің басым көпшілігі мұндай қитұрқы әрекеттің іске асуын былайша сипаттайды. Порталдың және аукциондар өткізудің ережесі бойынша бастапқыда мемлекеттік актив дұрыс нарықтық баға бойынша саудаға шығарады. Оның қатысушылары кепіл жарна енгізуі керек. Алаяқ компания ең жоғары бағаны ұсынып, бүкіл қарсыласын жолда қалдырады. Әйткенмен жеңімпаз ретінде артынша активті сатып алмайды. Кепіл жарнасын құрбан етеді. Ол бюджетке аударылады. Екінші рет дәл сол актив бағасы төмендетілетін аукционға шығарылады және әлгі компания ымыраластарымен бірге портал сағатының тілін әрлі-берлі жылжыту арқылы жеңіске жетеді. Аукционның соңғы секундтарында кім жақсырақ ұсыныс енгізсе, сол жеңетіні белгілі. Дегенмен де мұндай олқылықтың орнын заң шеңберінде шешкен жөн.
Сәуле СӘКЕНҚЫЗЫ, экономист:
– Кәсіпкерлер үшін тендерге қатысу үлкен мүмкіндік. Тендер – бұл бірден жақсы ақша табу, өнімді немесе қызметті сенімді жеткізушілер үшін өте ыңғайлы. Барлық құжаттамасы рәсімделген жеке кәсіпкерлер де жеке шаруа серіктестіктерімен тең дәрежеде қатыса алады. Егер олардың өнімі немесе қызметі тұтынушының талаптарына сәйкес келсе болғаны. Аз мөлшерден бастап, республикалық маңызы бар тендерге дейін қол жеткізуге болады. Сол себепті де мемлекет бюджет қаражатын өте жақсы жеңілдікпен бөлу мақсатында тендер өткізіп жатыр. Мемлекеттік кірістер органдары үшін де үлкен артықшылық бар, өйткені тендерге қатысу ашық түрде рәсімделеді.
Еліміздің әр саласында атқарылатын жұмыстың өзі тендермен орындалады. Бұл – табыс табудың тиімді жолы. Бірақ әр тендерді ұтып алған адам, ең бірінші, жауапкершілікті сезінсе екен дейміз. Жол, құрылыс саласы, мәдени шаралардың барлығы дерлік тендермен ұтып алған фирма, компания мойнында. Жолдың сапасын айтпасақ та түсінікті. Көпқабатты үйдің құрылысы да көңілге қуаныш сыйламайды. Тіпті, мектеп, балабақша асханасындағы астың өзін белгілі бір фирмалар тендер арқылы ұтып алады. Бірақ олар сапаға емес, ақшаға жұмыс істеп жатқаны белгілі. Өкініштісі де осы.
ТҮЙІН:
Шетелге емес, өз елімізге, бөтенге емес, өзімізге арнап жасалатын іске неге немқұрайдылық танытып, жауапкершілікпен қарамаймыз? НЕГЕ ОСЫ БІЗ өзімізге келгенде тарылып, өзгеге келгенде шашылып жүреміз? Мойнымызға артылған міндетті мінсіз атқаруға келгенде селқостық танытамыз? Өзімізден аяп, өзгені жарылқап жүретін әдеттен арылатын уақыт әлдеқашан жеткен. Бірақ біз ештеңеден сабақ алуға асқыпаймыз. Өкінішті-ақ.
Еңлік Кенебай
Фото: ғаламтордан алынды





