Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев 2023-2026 жылдарға арналған Азия Олимпиада кеңесінің (АОК) вице-президенті қызметіне қайта сайланды. Бұл Тайланд астанасы Бангкокта АОК 42-ші бас ассамблеясында белгілі болды.
Ассамблеяда қаралған басты мәселелердің бірі АОК Президенті мен атқару комитетінің мүшелерін және АОК-тың тұрақты комиссияларының төрағаларын сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев 2023-2026 жылдар кезеңіне АОК-тың вице-президенті лауазымына қайта сайланды.
Айта кетейік, Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бері ОСА Орталық Азия аймағын басқарып келеді, ал 2019 жылы оны әріптестері қайта сайлаған болатын. Ол сондай-ақ, Ұлттық олимпиада комитеттері қауымдастығының (ANOC) вице-президенті және ХОК Олимпизм 365 комиссиясының мүшесі.
Кувейттің ҰОК-і ұсынған Шейх Талал Ахмад Әл Фахад Әл Джабер Аль Сабах президент болды. Ол қарсыласы Хусаин Әл Мусалламды 4 дауыспен (24/20) жеңді.
АОК Бас ассамблеясында өткен жылдың қорытындысы шығарылды, Ханчжоу-2022 Жазғы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің (Hangzhou 2022 Asian Games) дайындық барысы туралы қорытынды есеп, сондай-ақ жаңартылған Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы (Olympic Solidarity) ұсынылды.





