Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Шара барысында Мемлекет басшысы Үкімет пен бизнес-қоғамдастықтың үйлесімді жұмыс істеуі, әсіресе цифрлық ықпалдастықты күшейту қажеттігін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, экономиканы сапалы дамыту үшін реформаларды жалғастыру басты міндет болып қала береді.
«Экономиканың тиімділігі мен әлеуетін арттыру – негізгі мақсат. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жарияланды. Бәсекелестік ортаға берілетін 473 нысанның тізімі дайындалды. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл кәсіпкерлерге шамамен 3,5 триллион теңге пайда табуға мүмкіндік береді. Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұған дейін заңнаманы қайта қарап, реттеуді жетілдіру жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
«Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Міндетті талаптар тізімі енгізіледі. Сондықтан Үкімет пен бизнес-қоғамдастықтың өзара іс-қимылын күшейту, цифрлық ықпалдастықты арттыру қажет. Кәсіпкерлер бюрократияның азайғанын сезінуі тиіс – бұл өткеннің еншісінде қалуы керек. Үкімет пен қадағалаушы органдарға осындай міндет жүктеймін. Бағаның еркін нарық талаптарына сай қалыптасуы, жекешелендіру және икемді реттеу саясаты экономиканың табысты трансформациясының кепілі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





