Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина мемлекетінің жоғары судьясы, Президенттің дін істері жөніндегі кеңесшісі Махмұд әл-Хаббашты қабылдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Палестина арасындағы дипломатиялық қатынас орнаған уақыттан бері екі елдің ынтымақтастығы достық, өзара қолдау және құрметке негізделіп дамып келе жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан Палестинаны халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде тануға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалды дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігін айтып, БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес «Қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде Палестина мемлекетін құруды қолдайтынын жеткізді.
Махмұд әл-Хаббаш кездесуде Палестина президенті Махмұд Аббастың хатын табыстап, Қазақстанның Палестина халқына көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан Палестина үшін бауырлас мемлекет саналады. Бұл ұстаным екіжақты байланыстардан, сондай-ақ БҰҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы ықпалдастықтан айқын көрінеді.
Кездесу соңында Президент Тоқаев Махмұд Аббасқа ізгі сәлемін жеткізіп, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.





