Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ақордада БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент Арменияны Қазақстанның маңызды және сенімді серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынас берік достық пен өзара құрметке негізделген.
«Қазақстанның Армения мемлекетіне және оның халқына деген ықыласы айрықша. Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келеді. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Менің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарымның қорытындысы және бүгінгі келіссөздер – соның айқын дәлелі. Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашады. Осы орайда құрметті Никол Воваевич Пашинянның Қазақстан мен Арменияның қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Никол Воваевич Пашинян халықаралық қауымдастыққа күшті басшы, көреген саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде кеңінен танымал», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің мазмұнды әрі нәтижелі өткенін атап өтті.
«Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыруға баса мән бердік. Өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға келістік. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Сонымен қатар Арменияның экспорттық әлеуетін қолдауға дайынбыз. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. Кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтатын нақты қадамдар жасалады. Жаңадан құрылған Қазақстан – Армения іскерлік кеңесі екі ел бизнес өкілдерін біріктіріп, өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», – деді Президент.





