ҒАЛЫМ МҰРАСЫН ҰЛЫҚТАУ
Мұхамеджан Тынышбаев есімі елімізде белгілі деңгейде ұлықталып келеді. Алматыдағы көлік және коммуникация академиясы мен Талдықорғанда тарихи-өлкетану музейі де тұлғаның атымен аталады. Мерейтойлық даталарда ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, кітаптар мен мақалалар жарық көрді. Соған қарамастан кең көлемдегі насихат әлі де жеткіліксіз. Тынышбаев туралы толыққанды деректі және көркем фильмдер аз, мектеп пен жоғары оқу орындары бағдарламаларында еңбегі жан-жақты қамтылмайды. Жастар арасында да есімі кең танымал емес.
Бүгінгі күні Тынышбаевты өз деңгейінде насихаттау – тек өткенге тағзым емес, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытудың бір жолы. Сондықтан оның еңбегін жаңа бағытта дәріптеу – киноөндіріс, білім беру, мәдени жобаларда жүзеге асуы тиіс. Сол қазынаның қадіріне жетпей жүргеніміз қынжылтады.
ҚАЙ ЖЫЛАНДЫ?
Мұхамеджан Тынышбаевтың туған жері туралы әралуан пікір бар. Wikipedia-ның қазақшасында: «Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақан- шы – Садыр болысында, қазіргі Жыланды ауылында дүниеге келген» десе, e-History порталында: «Ол Жыланды тауының баурайында Әлдекеұлы Тынышбайдың отбасында дүниеге келген» деп көрсетіледі. Басқа әдеби және дереккөздер де Мақаншы – Садыр болысында туғанын растайды. Түптеп келгенде Мұхамеджан Тынышбаев Сарқан ауданының Черкасск ауылдық округіне қарасты Ешкіөлмес тауының баурайында, қазіргі Қарғалы ауылының аумағында дүниеге келген. Мұны тәптіштеп отыруымыздың себебі – кезінде Тынышбаевтың туған жері туралы біраз пікірталас орын алды. Кейбір азаматтар Алакөл ауданының Лепсі ауылына ғалымның еңселі ескерткішін тұрғызбақшы болып та көрді. Кейін ақсақалдар мен көнекөз қариялардың дәлелі бойынша ғалымның туған жері нақтыланды.
– Ежелден қазақ баласына қорған болған өңірді ХХ ғасырдың басында ақтар да, қызылдар да жынойнаққа айналдырды. Қазақ баласының басына талай зобалаң әкелді. Сол қатарда Мұхамеджанның әкесі Тынышбай да жазықсыз өлім құшты. Әсіресе, Алматыдан Тарбағатайға дейінгі қазақ ауылдарының басына қара бұлт үйірген Мамонтовтың жасақтары бір реткі жорық жолында осы сайдың аузында намаз оқып отырған жерінде Тынышбайды қылышпен кескілеп өлтіреді. Содан бері бұл сай Тынышбай сайы атанады. Кезінде осы жерде 30-ға тарта отбасы қоныстанып еді. Қазір жалғыз шаруа қожалығы ғана қалды. Ешкіөлмес тауының бұл беті жазда шұрайлы болғанымен қыста қары қалың, шаруаға қолайсыз келетіндіктен көктем шыға ел Ешкіөлмес тауының жалпақ жартасты арғы бетіне көшіп барып, малын төлдетеді. Көктем шыға іннен шыққан жыландар жартастардың бетіне шығып, шуақтап жататындықтан жұрт «Жыланды» атап кеткен. Мұхамеджан, міне, осы жерде көктем шыға дүниеге келген. Кейінгілердің жаңылып, Жыландыда туған деп жүргені осы, – дейді Черкасск ауылының бұрынғы әкімі, зейнеткер Төлеухан Битембинов.
Ешкіөлмес ұзындығы 22 шақырымға созылып жатқан тау жотасы. Оның қия беткейлері, асқар шыңдары, жазиралы даласы ауылдың айналасына ерекше көрік беріп тұр. Тау баурайына орналасқан бұл ауыл табиғатының көркемдігімен ғана емес, тарихи-мәдени құндылығымен де ерекше. Ешкіөлмес тауының баурайы жаз айларында жайқалған жайлау, қыста қарлы шыңдарымен көз тартады. Бұл өңір мал шаруашылығына қолайлы, сонымен бірге этнотуризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Тарихи деректерге сүйенсек, Ешкіөлмес жотасында қола дәуірінен қалған жартас суреттері, археологиялық ескерткіштер көптеп кездеседі.
Қарғалы ауылы аудан орталығы Сарқан қаласынан шамамен 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Кеңес заманында іргелі елді мекен саналған ауылдың тұрғындары уақыт өте азая бастады. Табиғаты сұлу ауыл маңы мәдени-тарихи мұраға да бай. Халық санының азайып бара жатқанына қарамастан ауылдың мәдени келбеті, табиғи сұлулығы, тарихи маңызы сақталып отыр.
Бұл жерде Мұхамеджан Тынышбаев атындағы орта мектеп жұмыс істейді. Білім ошағы – ауыл балаларының мәдени әрі рухани орталығы. Қазақтың тұңғыш инженері, Алаш арысы Мұхамеджан Тынышбаев есімімен аталуы – жас ұрпаққа тарихи тұлғаны үлгі ету жолындағы үлкен қадам.
– Қарғалы орта мектебі шамамен 1885 жылы Лепсі уезінің Қарғалы ауылында төрт сыныптық шіркеу- приход мектебі ретінде ашылған. Азаматтық соғыстан кейін 7 жылдық мектеп болып, 1947 жылы онжылдық білім ордасына айналды. Соғыс жылдарында мектепті Филипп Криниченко басқарды. 1961 жылы ата-аналар мен ұстаздардың көмегімен жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, 1962 жылы оқушылар жаңа ғимаратта оқуды бастады. 1990 жылы үш қабатты жаңа мектеп салынып, Соколовка ауылының мектебімен біріктірілді. 2017 жылы мектепке Алаш қайраткері, ағартушы, тарихшы, тұңғыш қазақ теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі берілді. Мектеп – ғасырлық тарихын жалғастырып, сапалы білім мен тәрбие беріп келе жатқан іргелі оқу орны. 2024-2025 оқу жылында М. Тынышбаев атындағы Қарғалы орта мектебін 240 оқушы аяқтады. 1-сыныпқа 16 бала қабылданды. 11-сыныпты бітірген 23 түлектің ішінде 2 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 3 оқушы ерекше үлгідегі аттестатпен бітірді. Оқушылардың білім сапасы жақсы. Олимпиадалық және ғылыми, спорттық жетістіктері де мол. Білім шаңырағын бітірген түлектер үнемі көмектесіп, материалдық қажеттіліктерін толықтап тұрады, – дейді мектеп директоры Айман Амангелдіқызы.
Мектеп қабырғасында ұлттық тарихқа, Алаш қозғалысына қатысты тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, ауылда мешіт, Мәдениет үйі, шағын дүкендер бар. Дегенмен, әлеуметтік инфрақұрылымның даму деңгейі қалаға қарағанда баяу. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы мектептің ауласында ұлы тұлғаның бюсті бой көтерген.
Осы бюсті дәтке қуат демесеңіз, «Мұхамеджан Тынышбаев осы ауылдың тумасы» екендігін білдіретін басқа бірде-бір белгі жоқ. Демек, қазақтың ел болуы жолында үлкен еңбек еткен, тарихын түгендеуге сеп болған тұлғаның туған жеріне сәулесі түспей тұрғанын осыдан-ақ көруге болады.
ТҰЛҒА АТЫНДАҒЫ ҚОР
Бүгінде ұлт перзентінің мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында М. Тынышбаев атындағы қор жұмыс істейді.
Қордың жетекшісі – қайраткердің ұрпағы Нұршакен Жүнісқызы. Оның бастамасымен қор құрылғаннан бері, әсіресе 2024 жылы тұлғаның 145 жылдығына орай бірқатар ауқымды іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, «Ғасыр жобасы» атты ғылыми-танымдық фильм түсіріліп, тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен конференциялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауыл мектептері мен жоғары оқу орындарында таныстырылымдар, тәрбие сағаттары өткізілді.
Талдықорғанда орналасқан М. Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі де тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректерді жинақтап, халыққа ұсынып келеді.
– Ұлт перзентінің 145 жылдығына орай М. Тынышбаев атындағы Қарғалы орта мектебінде ғалымның туған күніне орай спорттық шаралар ұйымдастырылып, конференция өтті. Оған ғалымдар, тарихшының ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты, – дейді мектеп директоры Айман Амангелдіқызы.
М. Тынышбаев қорының басты миссиясы – ұлттың тарихи жадын жаңғыртып, Алаш арыстарының еңбегін кеңінен насихаттау. Бұл – тек өткенге тағзым емес, келер ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік дарытудың бір жолы. Бірақ аталмыш қордың айтулы даталарда шара өткізгені болмаса, алдаспандай өткір азаматтың атын асқақтатып, ұрпаққа өнеге болар игі бастамаларды жүйелі қолға алып, шалғайдағы шағын ауылдың еңсесін көтерер жұмыс істемегені байқалып тұр. Ұлт перзентін ұлықтауға тек ұрпақтары ғана емес, осы өңірде туған әр азамат мүдделі болса, Алаш арысының рухы асқақтап, атасына ұқсағысы келетін буын тәрбиеленіп-ақ шығатын еді. Бір кем дүние…
Қажет АНДАС





