Қоғамда жалғызбасты әкелердің мәселесі жиі назардан тыс қалады. Әдетте, баланы тәрбиелеу мен қамқорлық тек аналарға жүктелетіндей көрінгенімен, қазіргі қоғамда әкелердің де жалғызбасты ата-ана ретінде кездесуі жиілеп келеді. Алайда бұл тақырып әлі күнге дейін талқыланып, толық зерттелмеген. Олардың психологиялық, әлеуметтік және қаржылық қиындықтары туралы да аз айтылады, бұл мәселе бала болашағына да әсер ететін маңызды фактор.
Осы мәселені ашық талқылау және жалғызбасты әкелердің құқықтары мен мүмкіндіктерін анықтау – қоғамымыздың әлеуметтік әділеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болар еді.
Бүгінде облыс бойынша асыраушысынан айырылған 10 мыңға жуық адам бар болса, соның ішінде 200-ден астамы жалғызбасты әке. Ал бұл отбасындағы тәрбиеленіп жатқан балалар саны 400-ден асады. Үйдің де, түздің де шаруасын жалғыз атқарып келетін жандардың өміріне үңіліп көруді жөн көрдік.
Ескелді ауданы бойынша баласын бір өзі бағып отырған 35 жалғызбасты әкелер отбасы бар болса, Текелі қаласында осындай 10 отбасы бар екен. Тағдырдың жазуымен жалғызбасты атанып, отбасы қамын күйттеген әкелермен тілдесудің де сәті туды.
Баспанаға зәру, психолог көмегі қажет…
Ескелділік Б. есімді жалғызбасты әке: – Өмір жолымда талай қиындықты бастан өткерген жанмын. Ата-анам жол апатына түсіп, салдарынан әкем көз жұмды, – деп бастады әңгімесін ол.
Жол апатынан кейін анасы басынан жарақаттанып, 2-топтағы мүгедек атаныпты. 30 жылдай дәрімен жүріп, ақыры жаман аурудан қайтса, әйелі де 37 жасында аяқ астынан асқазаны сыр беріп, соңында онкологиядан көз жұмған. Екі жыл бұрын, яғни 2022 жылы анасынан, одан кейін жан жарынан айырылып, 3 баласымен жалғыз қалған.
– 2007 жылы үйленіп, 15 жыл тату-тәтті ғұмыр кештік. Әйелім қайтыс болғанда ұлым 9-сыныпта, қызым 7-сыныпта, кіші қызым 2-сыныпта оқитын. Анасы көз жұмған соң екінші қызым қатты ауырды. Ол су ішкенде лоқсып, құсып жібереді. Аудандық ауруханадағы дәрігерлерге қаратқаныммен еш нәтиже шықпады. Нақты диагнозын қоя алмағандықтан бір жарым жылдай жүрдік. Содан Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы медициналық орталыққа жүгінуге тура келді. Қарабұлақтағылардан арнайы жолдама берулерін сұрап едім, «біз бере алмаймыз» деген соң өз қаражатымызбен бардық. Ондағылар анализ алып, диагнозын қойды. Айтуларынша, бала стресс алғанда өңеш қысылып қалған. Содан біраз емделіп, мамыр айында ота жасаттық. Әлі де түйілу болғандықтан өткен жолы тағы Алматыға барып тексерілдік. Соңғы барғанымызда баламен психолог жұмыс істеп, іштегі стресті шығару қажеттігін айтты. Қызым анасы қайтыс болғанда жыламай, ішінде түйін болып қалған ғой, – деп ағынан жарылды Б.
Қарабұлақтағы ауруханаға жатқанда қызымен психолог әңгіме жүргізген екен. Алайда ұлты орыс болғандықтан бір-бірін түсінбей, тіл табыса алмай сол бойы қалып қойған. Тұрып жатқан баспанасы да туысқандардың үйі. Б.-ның анасы 2-топ мүгедектігімен баспана кезегіне тіркелгенімен қол жеткізе алмапты.
«Үкіметтен асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы төленеді. Үшеуіне 91 мың теңге аламын» деген ол бұл да тоқтап қалмаса игі еді деп кейіді.
– Әке ешқашан ананың орнын баса алмайтыны бесенеден белгілі. Әсіресе қыз балалармен сөйлесудің жөні бөлек. Осы жағына келгенде қатты қиналып қаламын. Аналарының жоқтығын білдіртпеуге бар күшімді салғаныммен бәрібір де орны ойсырап, білініп тұрады. Қазір жасөспірім шақта, бойжетіп қалды. Көп жағдайда ештеңе айтпай, іштен тынып, бүк түсіп жатып қалады, – дейді Б. (әке көзі жасқа шыланды).
Балаларымен қарым-қатынасы өте жақсы екенін де айтқан ол:
«Баспана бойынша тіркеуде тұрмын. Өткен жылы облыс әкімінің қабылдауына жазылған едім. Бірақ осы жылы ғана кіруге мүмкіндік туды. Барып, жағдайымды айтқанымда: «Сен секілді баспанасыз жүргендер саны көп. Сонау 2010 жылдан бері тіркелгендер кезегі енді жетті» деп аудан әкіміне жіберген еді. Аудан әкімі де: «Бізде әр санат бойынша адамдар тіркелген. Сіздің санатқа салынып жатқан үйлер шамалы ғана. Сондықтан күтуден басқа амалыңыз жоқ» деп қайтарды. Дәл қазіргі таңда қызыма психологтың көмегі ауадай қажет. Мүмкін маған айта алмаған ішкі сырын маманмен бөлісетін шығар. Бала деген бауыр етің ғой. Осылардың келешегіне қатты алаңдаймын. Түзу жолмен жүріп, айналасында жақсы жандар жолықса екен», – дейді.Әке болу – жауапкершілік
Егіз қыздарды тәрбиелеп отырған текелілік жалғызбасты Е. есімді әкенің тағдыр жолы да өзінше бір иірім…
– Бәріміз де бала үшін өмір сүреміз. Өмір жолымды айтсам, Текеліде туып-өстім. Мектепті бітірген соң әскерге бардым. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң жұмысқа кірдім, – деп бастады әңгімесін ағамыз. – 2008 жылы көлік қағып, денсаулығыма байланысты Жеңдік ауылындағы «Қаратал» емдеу-сауықтыру шипажайында емделіп жатқанмын. Әпкем хабарласып, маған келгенін, арнайы тосынсыйы барын айтты. Далаға шықсам әйелім марқұмды таныстыруға алып келген екен. Таныстым, бірақ оған аса бір көңіл аудара қоймадым. Бірден: «Менен аса бір үміт күтпей-ақ қой» дедім. Шипажайдан шығып, үйге келсем әлгі қыз жүр. «Сен неғып жүрсің?» десем, «Гүлнәр тәте үйде қал, оны тыңдама деп айтты» дейді. Сөйтіп қырық жасымда тоғыз жас кіші қызбен бас қостым. Адам деген қызық жаратылыс қой. Әскерде жүргенде армандаушы едім: үйленсем, сосын егіз ұлым немесе егіз қыздарым болса деп. Сол арманыма 2009 жылы жеттім ғой. Әйеліммен 16 жыл өмір сүрдік, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің өткен жылы ағасы, інісі, іле-шара артынан әйелі де о дүниелік болған. Үш бірдей жақынынан айырылу Е. аға үшін ауыр соққы болып тигенімен қыздары үшін мықты болуға тырысқан. Қазір егіздер 9- сыныпта оқиды. Ал үй шаруасының жұмысын әйелі барда бірге атқарып жүргендіктен еш қиындық туғыза қоймағанын айтады.
– Қазір балаларға асыраушысынан айырылған деп 71 мың теңге, өзім 2-топтағы мүгедек ретінде 76 мың теңге жәрдемақы аламын. Мүгедексің деп жұмысқа алмайды. Сондықтан ай сайын қолға алатын 156 мың теңгені жеткізіп, отбасылық бюджетті үнемдеуге тырысамын. Ең алдымен коммуналдық төлемді төлеймін, содан кейін қажетті деген азық-түлік аламын. Қыздарыма туғалы бері қарап келетіндіктен тіл табысу да қиын емес. Үшеуміз бірігіп тамақ әзірлейміз, ал үйдің тазалығы мен киім-кешекті жуу дегенді өздері жасайды. Сабақтан бөлек волейболға барады. Бөлмелерінде әр жарыстан алған медальдері мен Грамоталары ілулі тұр – деп қыздарының жеткен жетістіктерін де паш етті.
Асқар тау әкемен болған әңгімеден кейін егіздердің де жүрекжарды сөздерін естімей кетіп қала алмадық.
– Бәріміз бірге тамақ жасаймыз. Қолымыз қалт еткенде далаға серуендеуге шығамыз. Ал папамыз ауруханаға кезекті емін алуға жатқанда біреуміздің аяқасты ыстығымыз көтеріліп кетеді. Ауырып қаламыз. Ол кісі болмаса ас та батпайды. Әкеміз – біздің қорғанымыз ғой», – деп ақтарылды олар.
Әңгіме желісінде жалғызбасты әке кез келген проблемадан шешім шығаруға болатынын айтады. «Бала мен әке арасындағы қарым-қатынас дұрыс болып, бір-бірін түсінген жағдайда барлығы жақсы болады», – дейді ол.
Жәрдемақы жыртығыңды жамамайды
Біз тілдескен текелілік келесі бір жалғызбасты әке Тарбағатайдың тумасы екен. Текеліге қоныс тепкелі 20 жылдан асқан. 2003 жылы кеншілер қаласына қоныс аударған соң араға екі жыл салып отбасын құрады. Әйелімен 15 жыл ғана бірге тұру бұйырыпты. Дей тұрғанмен 4 бала өмірге келді.
– Әйелімнің өмірден озғанына 6 жыл болды. Бұл кезде төртінші ұлым 1-сыныпқа енді барған еді. Қазір үлкенім мен екінші балам Алматыда оқиды. Екеуі әлі мектеп жасында. Әйелім тез кетіп қалады деп үш ұйықтасам түсіме де кірмеді. Асқазан жарасынан көз жұмды ғой. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ, бұл – дәрігерлердің кінәсі. Асқазан жарасы деген соң Талдықорғанға жолдама беріңіздер, апарып көрсетейін деген едім. Бермей, өздері бір дәріні бере берді. Арада бір жарым ай өтсе де ішкен дәрісінен еш пайда болмады. Содан олардың рұқсатынсыз қалаға алып барып тексерткенімде, ондағылар кеш әкелгенімді, қатерлі ісіктің 4-сатысына кетіп қалғанын айтты. Дәрігерлердің немқұрайдылығынан әйелім небары 35 жасында өмірімен қош айтысты. Әйелдің артында қалу қай бір ер-азаматқа оңай дейсіз?! Мендегі қайғы-қасіретті ешкімнің басына бермесін (арада үнсіздік орнады).
Қатерлі ісікке шалдыққанын естігенде жүрегі алай-дүлей болған М. емдеген дәрігерге келіп келіншегін аяғынан тік тұрғызып беруін талап етіп, олай етпесеңіздер іс басқаша болады деп айтады. Алайда әлгі дәрігер оған пара беріп, аузын жапқысы келген.
– Берген ақшасы маған әйел болмайды ғой. Ал қателігін білді деу де қиын. Неге десеңіз, әйелімнің емдеу книжкасының бірінші бетіндегі диагнозы жазылған бетті жыртып алып тастаған. Бұдан асқан сорақылық бар ма!? – дейді ол.
Өзінің қатерлі ісіктен айықпасын білген әйелі: «Балаларды жерге қаратпай, дұрыстап қара. Болары болды, тағдырға не шара дейсің» депті.
– Маңдайға жазғанды көресің» демекші, қиындықтар болды, болып та жатады. Дей тұрғанмен, ер-азамат болған соң сынып кетпей, балаларды аяққа тұрғызсам деген оймен алға қадам басып келемін. «Ой, мынаның әкесі бұрын спортшы еді. Әйелі өлген соң араққа салынып кетіпті» деген сөздерді балаларым, туыстарым естімесе деймін.
Әйелім қайтқан соң спортқа зейін қоймай кеттім. Қазір сол күнделікті күнкөрістің айналасында арлы-берлі шапқылаумен жүрмін. Әкімдікте жүргізуші болып тұрақты жұмыс істегенмін. Бірақ 60 мың теңге айлық қай жыртығыңды жамайды. Есейіп қалған ұлдар бар, оларға тамақ әпересің бе, әлде коммуналдық төлемді төлейсің бе?! Қазір таксист болып жұмыс істеймін, – деген М. әйелі өмірден озған соң бір жылдай үйде болғанын айтты.
Балалардың ойын бөлуге, соларға барынша қамқорлық көрсетуге тырысыпты. Сабақтан кейін тамақтарын беріп, спорт үйірмесіне қатыстыруға, уақыттарын бос қалдырмауға, көңілін басқа дүниеге бұруды ойлаған. Әсіресе, анасын күнде іздеген кіші ұлының тағдырына қатты алаңдапты.
– Балаларға асыраушысынан айырылған деп 100 мыңнан сәл асатын жәрдемақы төленеді. Бұл деген жоқтан бар қаражат. Қанша ақша төлесе де бұл, ананың орнын толтыра алмайды ғой. Балалар мектепте тегін тамақтанады, сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында қажетті заттар да беріледі. Әйелім өмірден озған 6 жылда маған сенім артып, қолдау көрсеткен достарымның барына қуанамын. Балаларымның жетістіктерін естісем құлазыған көңілім көтеріліп қалады. Оларды үнемі жаман жолға түспей, жақсы адам болуға құлақтандырып отырамын.
Келіншегім барда: «Сенің жасаған тамағың менікінен дәмді болып шығады» деп айтатын-ды. Бала кезден даланың ғана емес, үй шаруасына да араласып өскендіктен әйелім қайтқанда бұл жағынан қиналғаным жоқ. Түздің жұмысын атқарып жүрсем де тамақ жасап, нан пісіріп, үй жинауға әркезде уақыт табамын. Абай атамыз: «Есектің артын жусаң да мал тап» деген ғой. Сол айтқандай, әр адам өз ісін өзі атқаруы тиіс деп есептеймін. Такси жүргізушісі ретінде Алматыға кеткенде екі балаға үлкен апайым бас-көз болып қалады. Барымды асырып келетін апайымның болғанына шүкір деймін, – дейді М.
Алты бала «алты қуыршақ» емес…
Жалғыздықтың кермек дәмін татып келетін келесі кейіпкеріміздің тағдыры алдыңғы әкелерден өзгеше. Асырауында 6 баласы бар «А» есімді азаматтың әйелі бәрін тәрк етіп, Павлодар қаласына кетіп қалған. Текелілік отағасы алты жылдан бері 3 қызы мен 3 ұлын өзі бағып-қағып келеді.
– Талдықорған қаласының тумасымын. Жасым 38-де. 1987 жылы ата-анам жұмыс бабы бойынша Павлодар қаласына қоныс теуіп, сол жақта мектепті тамамдап, үйлендім. 2005 жылы отбасыммен Текелі қаласына көшіп келдім. Бұл қалада екі жыл тұрған соң әкем қайтыс болып, анамның қасына Павлодарға қайта бардық. Бес жыл сол қалада тұрдық. Әйеліме көпбалалы ана ретінде баспана берілді. Сөйтіп жүргенде ол ішімдікке бейім бола бастады. Үйге келсем дау-жанжал. Ақырында үйден кетуге тура келді. 2019 жылдың күз айында анаммен бірге Текеліге көштім. Бір жарым айдан кейін әйелім телефон шалып: «Мен ішуді қойдым. Екеуміз қосылайық. Мен саған келемін» деді. Сөйтіп, Павлодардағы үйін, заттарын сатып, жаңа жылға қарсы уақытта балалармен келді, – дейді көпбалалы әке.А. әдеттегідей жұмысына кетіп, кешкісін үйіне келсе әйелі жоқ екенін көреді. Содан оның ұялы телефонына қоңырау шалады. Ол Павлодарға бір құжаттарын алып келгелі кеткенін айтып, содан бері оралмаған. Бұл кезде баласының алды 11-де, кішісі небары 2 жаста екен.
– Жарты жыл бойы балаға төленетін жәрдем-ақыны өзі алып тұрды. Себебі бүкіл құжатты бірге алып кеткен ғой. Алты айдан кейін ғана әрқайсының туу туралы куәліктерін «жоғалды» деп қайта жасаттым. Бір жылдан соң ажырасуға бердім. Бұл коронавирустың кезі еді. Сот онлайн өтті. Ал 2021 жылы аналық құқығынан айыру бойынша сот үкімі шықты. 2022 жылы «Делай добро» волонтерлер ұйымының төрайымы Халида Кусанованың көмегімен баспаналы болдық. Бүгінге дейін көмек қолын созып келеді. Күні кеше ғана 5 тонна көмір түсіріп берді – дейді ол.
Әңгіме желісінде А. жарты жыл ішінде белінен грыжа болып ауыр жұмысқа жарамай қалғанын айтты. Дей тұрғанмен, жұмысшы болып еңбек ететін мектепте ай сайын жалақы алып тұрады.
– Көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы төленеді. Ал әлеуметтік атаулы көмек берілмейді. Неге десеңіз, сот орындаушысынан «алимент алмайды» деген анықтама қағазын алу керек. Осы уақытқа дейін бір тоқсан алып, екі тоқсан алмай жүрмін. Себебі, сот орындаушыны таба алмай қаламын. Қысқасы, артынан жүгіру керек. 87 мың теңге жәрдемақы және бір жарым ставкамен берілетін 115 мың теңге айлықпен өмір сүріп келеміз, – дейді А.
Оның айтуынша, балаларын тастап кеткен әйелі тағы да тұрмысқа шығып, екі баланы дүниеге әкелген.– Қыздарым апасымен шүйіркелесіп, сыр шертісіп жатады. Анамның болғанына шүкір. Негізі үлкен қызым анасы қайтып оралады деп ойлап жүрді. Соңғы рет сөйлескенде оған ауыр сөз айтқан. Содан бері көңілі қалған-ау деймін. Қазір анасы туралы естігісі жоқ. Ал енді екінші мәрте үйлену деген мәселені үлкен қызым айтып еді. Бірақ мен үшін бұл эгоизм болып саналады. Неге десеңіз, балаларың ол әйелді қалай қабылдайды? Алты бала «алты қуыршақ» емес қой. Алтауы – алты мінез дегендей, – дейді жалғызбасты әке.
Кейіпкерімізбен тілдесуде балаларын өтірік айтпауға, әр кезде шыншыл болуға, турасын айтуға тәрбиелейтінін, әрқайсымен ашық сөйлесетінін айтты. «Отбасылық тәрбиеде темірдей тәртіптің де болғаны жөн» дейді ол.
– Отбасында орын алатын түрлі жағдайларға екі адам бірдей кәнәлі болады. Сондықтан мен өзімді судан ақ, сүттен тазамын дей алмаймын. Ал әйелімнің кінәсы – балаларын тастап, артқа қайырылмай кеткені, бары сол ғана, – деген әке өмір жолында ешқашан берілмей, алдыға қадам басу керек екенін де тілге тиек етті.
Кеншілер қаласында тұратын жалғызбасты әкелердің жайын естіп жан ауырды. Әсіресе, бауыр еті балаларынан бас тартқан ананың ісі мен шеше мейірімін көрмей өсіп келетін балалардың өмірі ойландырмай қоймайды. Қалай дегенмен де ананың орнын әке, әкенің орнын ана баса алмасы анық.
«Әкемізді батыл әрі батыр адам деп санаймыз. Біздің анасыз өсіп жатқанымызды сырт көз ешқашан да байқаған емес. Қоғамда толық емес отбасы деп саналғанымен, өзге балалардан кем қалып жатқанымыз жоқ. Киетін киіміміз, ішетін тамағымыз бар. Бізде бәрі жақсы» – деп ақтарылды үйдің тұңғышы.
Қалай дегенмен, біздің қоғам әйелдерге көбірек назар аударып, ер-азаматтарға мүлде көңіл бөлмейтіндей. Оларды мықты деп айтқанымызбен де қолдау таныту қажет-ақ. Психолог мамандардың пікірінше, әлемдік статистика бойынша ерлердің әйелдерге қарағанда өмір сүру ұзақтығы төмен. Сондықтан олар шынайы көмекке мұқтаж екен.Психолог пікірі
ҚР Президенті жанындағы басқару академиясының аға оқытушысы, психолог Мариям Негметжанованың сөзінше, ана мен әке өсірген баланың тәрбиесі екі түрлі болады. Мәселен, әкесі қайтыс болып, анасы қалса психологиялық тұрғыда мұны бала жеңіл қабылдайды екен. Өйткені оған анасының махаббаты жеткілікті. Ал әкенің махаббаты жеткіліксіз болады, әсіресе қыз бала үшін бұл қиын дейді. Сондықтан ер-азаматтар баламен арадағы байланыстың оны құшақтап, тамағын беру ғана емес, сөйлесу арқылы жылулық танытудан тұратынын ескеру керек.
Айтуынша, жалғызілікті әкелер бұрын да болған. Бірақ оның орны тез арада толтырылып отырған. Қазақи психологияда жалғызбасты әкелерді ұзағынан қалдырмаған. Мәселен, тұрмыс құрмай қалған қыздар болса атастырып, қыздың бағы ашылсын деп өздері әкеп қосқан. Яки жесір қалған келіншектермен қосуды ұйғарған. Тәрбие көзі мықты болғандықтан балалар да қарсылық көрсетпеген. Ал қазір ше? Балаларда құқықтық мәселе деген алдыңғы орынға шықты дейді маман.
12-15 жас аралығында балада пубертатты кезең өтеді. Осы жаста қыз бен ұлға барынша зейін қойып, ықлас танытқан жөн. Әсіресе анасының болмауы қыз үшін өте күрделі. Сондықтан психологпен арнайы жұмыс істеу қажет. Егер бұл процесті босаңсытып, жіберіп алатын болса, кейін баланың үйден кетіп қалу жағдайы, кері-жүріс тұрысқа бейімделу сынды көптеген кедергіге душар етеді.
Психолог сөзінше, шетелде жалғызбасты әкелер позицясы бар. Бірақ бұл елде эмоционалды контентте балаларды тәрбиелемейді. Олар туғаннан баланы бөлектеп тастайды. Және олар бала тәрбиесінде суыққандылықты ұстанады. Оларда бала үшін өмір сүру деген позиция жоқ.
Жалғызбасты әкелер позициясында балалардың эмоциясы тұрақты. Себебі, олар ата-анасынан бөлек тұруға дайын. Және мұндай балалар үшін мемлекеттен көрсетілер әлеуметтік көмек мықты. Баланың анасы болмаса психолог, түрлі орталықтардан мамандар, әлеуметтік қызметкер олармен күніге жұмыс істейді. Әлеуметтік орталықтардың көмегімен бала өзінің кризисін жояды.
– Ал бізде өз қайғың өзіңде. Адамдардың өзі әлеуметтік орталықтағы адамдар мен психолог жұмысына сенбейді. «Өз жайымды өзім шешіп алайын» деп жүре береді. Бұл қате. Сондықтан бала үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланған абзал – дейді Мариям Қадырқызы.
Әлеуметтанушы не дейді?
«Жалғызбасты әке сөзі құлағымызға түрпідей тигенімен балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелердің бұл қоғамда барын ешкім жоққа шығармайды» деген әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов бұрын әке мен ананың өз атқаратын рөлі бар еді дейді. Қазір ер мен әйел рөлі өзгеріске ұшырады. Сондықтан да отбасылық құндылықтар мәселесінде түсінбеушіліктер орын алған.
– Әлеуметтік қолдау тек мүгедектерге ғана емес, осындай жалғызбасты әкелер үшін ауадай қажет. Балаларын әкесі ғана тәрбиелеп отырған үйге арнайы бағдарламалар жасалып, психологиялық жәрдем көрсетілуі тиіс. Бұл, әрине, жалғыз мемлекеттің ғана емес, қоғамның міндеті деп санаймын – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Таниұлы.
P.S. Жалғызбасты әкелердің құқықтары мен қажеттіліктеріне бейжай қарамау – әрқайсымыздың міндетіміз. «Айқын» басылымында жарияланған сұхбатта Мәжіліс депутаты Жұлдыз Омарбекова айтқандай-ақ, балаларын өздері тәрбиелейтін әкелерге қолдау көрсетуіміз керек. Баласын тістелеп жүріп өсіріп келетін әкелердің жайына назар аудару, оларға белгілі бір санатта арнайы жәрдемақы беру – болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам болар ма еді!? Бұл тұрғыда сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
Сарби ӘЙТЕНОВА