Келелі жиында тұрақты комиссия отырысында көтерілген 9 мәселе кеңінен талқыланды. Әуелі облыстың 2021–2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жобаларға шолу жасалып, нақты көрсеткіштер арқылы өңірлік ілгерілеу айқындалды. Жалаң есеп емес, өміршең бастамалар тілге тиек болды.
Келесі кезекте 2025–2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, «Панфилов ауданындағы көпқабатты үйлерді жылумен жабдықтау үшін газдағы автономды блокты-модульді қазандықтар салу және оларға сервистік қызмет көрсету» мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің 6 жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау туралы шешіміне өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суға шомылуда тәртіп сақтау мақсатында ортақ су пайдаланудың жаңа ережесі қабылданып, облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның және құқықбұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы бекітілді.
Басқосу барысында Талдықорған қаласындағы құрамдас аумақтарға атау беру мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Әбибеков «Береке» тұрғын үй алабындағы, қаланың оңтүстік батысында орналасқан атауы жоқ көшелерге атау беру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев:
– Кейбір елді мекендерде әлі күнге дейін ескі атаулармен аталатын көшелер бар. Солардың орнына соғыста қаза тапқан ардагерлердің есімін беруді қарастыруымыз қажет. Сондай-ақ қаражатты дұрыс игеріп, елдің игілігіне пайдалануымыз керек, – деді.
Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ