Жаныма жақын «Жетісу»

«Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің қызметкерлері аудандар мен қалаларды аралап, тыныс-тіршіліктерімен танысуда. Бұл жолғы іссапар Кербұлақ ауданында жалғасты. Күреңбел өңіріне арнайы ат басын бұрған біз алдымен аудандық әкімдікке бас сұғып, өңір басшысы Махаббат БИГЕЛДИЕВПЕН кездестік. Тілшілерді қарсы алған Махаббат Сәдуақасұлы газетке жазылу мен бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі ойын және өңірдің бүгінгі бет алысы жайында айтып берді. Кездесуге аудан әкімінің аппарат басшысы Ақниет ТУМАТАЕВ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира БЕКБАТЫРОВА және аудан әкімінің баспасөз хатшысы Мөлдір ИМАНМӘДИ қатысты.
Ойын алаңы

Сарыөзек ауылының орталығында балалар ойнайтын алаң жұмысын бастады. Бұл, әсіресе, ата-аналар мен бүлдіршіндер үшін үлкен қуаныш. Мұндай орынды Ақмарал Сопбекова ашып отыр.
Осыны естіп біз де сол жерге бардық. Ғимараттың ішіне кірген мезетте-ақ жүздері бал-бұл жанған жас жеткіншектерге сүйсіне көз тоқтаттық. Олар ешнәрсеге мән берместен ойынға кірісіп кеткен. Дәл сол сәтте «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген мақал еріксіз ойға оралды. Ойыншықтар да сан түрлі. Алаң шағын болса да бүлдіршіндердің күлкісімен-ақ көріктеніп тұрғандай әсер сыйлады.
Сол сәтте сүйкімді балапандардың өмірдің мәні, сәні, гүлі екеніне тағы көз жеткізгендей болдық. Осылайша жас жеткіншектердің ойынын тамашалаған соң кәсіпкерді сөзге тарттық. Алдымен өзін таныстырып, кәсіп ашқандағы мақсатын сөз етті. Ақмарал Алматы қаласынан ойдағыдай жұмыс таппаған соң туған жеріне келіп, кәсіппен шұғылдануды арман етіпті.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқудан өтіп, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 29 жасқа дейінгі жастарға берілетін грантын ұтып алады. Өзінің біраз қаражатын қосып, бірінші қараша күні ойын-сауық орталығын ашады. Мамандығы да сәйкес келеді. Бастауыш сынып мұғалімі және екі баланың анасы.
– Біз өте ризамыз. Бала ойынмен өседі. Ой-өрісі, ойлау қабілеті осы арқылы дамиды. Өзімнің ұл-қызым бар, үшіншісін күтіп отырмыз. Сондықтан баланы бір мезгіл осындай орындарға әкелген дұрыс. Мұндай жерге келген бүлдіршін, әсіресе, көппен араласуды үйренеді, татулыққа тәрбиеленеді, – дейді Диана Ержанқызы.
Жас кәсіпкер балалармен жұмыс істеудің оңай еместігін, әрқайсының тілін таба білу керектігін, ата- анамен де дұрыс қатынаста бола білу қажеттігін, осы ретте білімінің көп көмектесетінін әңгімеледі. Алдағы уақытта ол мұнымен шектеліп қалмай, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Қолдау танытамыз
– «Жетісу» – жүрегімізге жақын газеттердің бірі. Ол жерден іздегеніңнің бәрі табылады. Сүйсініп оқитын дүниелер көп. Десек те, жастар туралы мақалалар көп қамтылса дейміз. Басылымға жұртшылық болып қолдау танытамыз. Бірақ газетке жазылуға қатысты бір айта кететін ой бар. Ол таралым мәселесі. Біз жазыламыз, ал ол жұртшылыққа уақытылы жеткізілмейді. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, дер кезінде келмеген хабар-ошардың халыққа қандай пайдасы бар?
Газет ауыл-ауылдарға кешігіп барады. Міне, осы мәселе дұрыс шешімін тапса, басылымға жазылу бойынша басқа проблема жоқ. Осыған байланысты аудандық пошта мекемесінің басшысымен де сөйлестік. Жалпы, баспасөздің өзгелерден ерекшелігі бар. Мәселен, теледидарды уақытың болса көресің, радио да сол сияқты мүмкіндікке байланысты тыңдалады. Ал газетті қолыңа алып асықпай оқуға болады. Жасыратыны жоқ, ғаламтор пайда болғалы кітап оқудан алыстап барамыз.
Енді газеттен алшақтасақ, болашақ ұрпағымыз не болады?! Басылымды үнемі ғаламтордан оқуға екінің бірінің мүмкіндігі келе бермейді. Өйткені, халқымыздың басым бөлігі ауылды жерлерде, енді бірі таулы аймақтарда тұрады. Ал ондай жерлер ғаламтор жүйесімен қамтыла бермейтінін, кей аймақтарда тіпті болмайтынын да жақсы білесіздер. Осыны ескерсек, халыққа баспасөз басылымдары өте керек дүние. Осы арқылы еліміз, жастарымыз тәрбиеленеді.
Сондықтан газеттің болашағы бұдан да жарқын болуы тиіс. Себебі, онда қаншама журналист еңбек етеді әрі сол арқылы жұмыспен қамтылып, отбасыларын асырап отыр. Міне, алдымен осыны ойлауымыз керек. Газет қашанда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қызметін атқарған. Қай уақытта, қай қоғамда болсын жұртты ақпаратпен сусындатқан басылымдар ел сұранысына ие. Олай болса, ұлт рухының ұраншысына, әрбір Алаш баласының жансерігіне айналған сүйікті газетімізге жазылу мәртебелі іс деп білемін.
Күреңбел тынысы
Күреңбелдіктер негізінен төрт түлік өсіріп, егін егумен айналысады. Қай салада болсын алға басу бар.
Жалпы, ауылшаруашылығы саласында 2 мыңнан аса нысан жұмыс атқарады. Биыл өткен жылға қарағанда егістік алқабының көлемі бірнеше есеге ұлғайып, өнім берекесі артты. Астық ору науқаны да сәтті аяқталып, қамбаға 176 623 тонна астық құйылды. Мал басы көбеюде. Өңірде 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бұл жерде төрт жүзден аса бұқа бордақыланып, етке өткізілуде. Нәтижесінде 80 тонна ет қырғыз еліне экспортталды. Қысқа қажет жемшөп те толық дайындалды. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді электронды картаға енгізу жұмыстары да талапқа сай.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 миллиард теңгеден асты. Ал кәсіпкерлік саласы бойынша 13 мың 340 адам еңбек етеді. Шағын және орта бизнестен түскен бюджеттік төлемдер 316 млн. 600 мың теңгені құрап отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржылай көмек алған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер де жетерлік.
Халықты жұмыспен қамту бойынша 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмысқа орналасуға өтініш білдірген азаматтар да бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражатқа әлеуметтік сала бойынша бірнеше маман қамтылған. Әлеуметтік көмектер де көрсетілуде. Ал көпбалалы аналар саны 2 мыңнан асады. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бөлініп жатқан қаражат мақсатты жұмсалып, нәтижесінде биыл жиырма, жеке кәсіпкерлердің демеуімен он алты баспана сатып алынған.
«2015–2019 жылдарға арналған аймақтарды индустрияландыру картасы» бағдарламасына енгізілген «Ала-Цем» ЖШС цемент өндіру зауыты іске қосылса, 400 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылмақ. Алға қойылған міндеттер де ауқымды. Осыған байланысты суармалы алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары өз ретімен жүргізілуде. Бұл іс сәтімен жүзеге асатын болса, 23 655 гектар суармалы егістік айналымға қосылады. Өңірде, сондай-ақ, 3 мыңнан аса адам шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Барлығы 92 шағын кәсіпорын, 1 мыңнан аса жеке кәсіпкер бар.
Әкімнің сөзінше, ендігі кезекте инвестор тарту, оларға жағдай жасау, жаңа өндіріс ошақтарын құру, жергілікті тұрғындарды таза ауызсумен қамту сияқты мәселелер өз ретімен шешімін таппақ. Бұл бағытта қазір тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар жүріп жатқан көрінеді.
Жарнамалық қызмет

Сарыөзек ауылының тұрғыны Айдана Төребаева шағын бизнестің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып отыр. Ол жергілікті тұрғындар үшін баспа қызметтерін ұсынады.
Шағын кәсіпкерлікпен айналысып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкердің жүргізіп отырған ісін көру үшін арнайы сол жерге келдік. Біз барған сәтте Айнұр Асқарқызы кезекте тұрған жұртшылыққа өзінің қызметін ұсынып жатты. Кәсіпкерлігін «IPRINT» деп атапты.
Жас кәсіпкермен әңгімелесудің сәті түсті. Айнұрдың мамандығы дизайнер. Ол осы сала бойынша жарнамалық қызмет агенттігінде алғашқыда Талдықорғанда, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтапты. Еңбек ете жүріп жеке бизнесін ашуды армандайды. Біраз уақыт өткен соң алдағы мақсаты туралы анасы Жанар Сағынайқызына айтып, ойы бірден қолдау табады.
Сөйтіп, ол кәсіпкерлігін елордадан бастайды. Бір жылдан соң анасының өтінішімен ауылына, яғни, Сарыөзекке қайта оралып, кәсібін одан әрі дөңгелетеді. Айнұрдың бизнеспен шұғылданып, қанаттануына көбіне анасы қол ұшын созыпты. Нәтижесі жаман емес. Оған кәсіпкерлігінің жандана бастағаны дәлел. Бизнесті өз қаражаттарының есебінен құрған. Кәсіпкер қыз көбіне аудан, ауыл тұрғындарының тапсырысы бойынша баспа және полиграфиялық қызметін көрсетеді.
Сұраныс бойынша баннер, киім-кешек, ыдыс-аяқ, стенд, қағаз, тағы басқа дүниелерге баспа өнімдерін ұсынады. Жарнамалық қызметті көбіне мектеп пен балабақша секілді мекемелер пайдаланады. Бұл жұмыстың бәрі баспа құрылғылары арқылы жүзеге асады. Айнұр енді кең форматты принтер алып, бизнесінің ауқымын кеңейтуді мақсат етіп отыр. Бұл ойы орындалса, екі адамды жұмыспен қамту ниеті бар.
Әзірге бір өзі жұмыс істейді. «Ол үшін әлі де еңбектену керек», – дейді жас кәсіпкер. Күніне мұнда жиырмаға жуық адам келеді.
Мал бағудың пайдасы

Соңғы жылдары жұртшылық берекенің ауылда екенін, егін егіп, мал бағудың көл-көсір пайда әкелетінін жақсы түсіне бастағандай. Біз оған іссапармен ауылдарды аралап, шаруалармен тілдескенде көз жеткіздік.
Сөйтіп, Алтынемел ауылдық округіне қарасты «Омаров» шаруа қожалығына келдік. Бізбен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жалғас Катжанов бірге жүрді. Тілшілерді аталған қожалықтың жетекшісі Жанат Омаров күтіп алды. Ол бізбен тілдесіп, өзінің жүргізіп отырған шаруасы жайында айтып берді. Қожалық 1998 жылы құрылыпты. Содан бері кәсібінің тасы өрге дөңгелеп келеді. Шаруашылықта негізінен егін егіліп, мал бағылады. Оларда барлығы 1821 гектар жер, оның ішінде шабындық, егістік және жайылымдық алқап бар. Егістіктен биыл 900 тонна бидай, 250 тонна арпа жиналған.
– Сарыөзек ауылының тумасымын. Мамандығым – мұғалім. Математика пәнінен сабақ бердім. Кейіннен ауылшаруашылығының пайдасын түсініп, осы салаға бет бұрдым. Мектеп директоры қызметін де атқардым. Екі қыз, бір ұлым бар. Зайыбым да ұстаз. Қазір бізде сегіз адам еңбек етеді. Олардың отын-сулары мен тұратын, тамақтанатын жерлері тегін. Бәрі жергілікті тұрғындар. Бірақ малшы, сауыншы сияқты жұмысшылар жетіспейді. Осы проблема болып тұр, – дейді шаруашылық жетекшісі Жанат Сайланбайұлы.
Қыстан қысылмай шығу үшін мал азығы молынан дайындалыпты. Үш жүз бас мүйізді ірі қара бар. Жылқылары мен ұсақ мал да жетеді. Ірі қара мал тұқымын асылдандыру бағытында «Әулиекөл» бұқасы бағылуда. Шаруаға қажет сегіз техника сақадай сай жұмыс атқарып тұр. Соның үшеуі лизингке сатып алыныпты.
Кербұлақ ауданы




