Заманында қазақтың ғажайып ақыны Олжас Сүлейменовтің 1961 жылдың 12 сәуірінен бастап бір жетіде аяқтаған «Адамға табын, жер, енді» атты поэмасы арада бір ай өтпестен кітап ретінде оқырманға жол тартқан. Осы бір жеделдікке, уақытқа дер кезінде үн қата алған жаңа үрдіске сүйсінген Мұзафар Әлімбаев: «Міне, дәуір талабына ақындық үн қосу үлгісі!» – деп тебірене жазады естелігінде. Біз бүгінгі рухани өмірімізде болып жатқан түрлі оқиғаға, қоғам туындатқан мәселелер мен жаңалықтарға дер кезінде үн қатып жатырмыз ба? Ой омартасын ойран етер сауал сынды бұл.
Жауабын біржақты кесіп айту қиын. Рухани өрісіміздегі кей дүниеге қоюлатып, қанықтырып жауап қатқанымызбен көпшілігін қоғам туындатқан, жаһандану дәуірі тудырған мәселе ретінде қарап, лайықты бағасын бере алмай жатамыз. Осы тұрғыдан алғанда Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында премьерасы өткен «Таптым-ау сені» иммерсивті қойылымы бүгінгі жастардың рухани ахуалына берілген жалқы жауап, болжамды диагноз іспетті әсер қалдырды.
Жетісулық өнер ордасында лабораториялық жұмыс ретінде жас режиссер Рамазан Үсеннің терсіңді еңбегімен қойылған қойылым драматург, жазушы Әлібек Байболдың «Жалғызбын демеші» шығармасы желісі негізінде сахналанды. Аталған қойылымда ажырасқан жас қыздың өмірі көрініс табады. Ерен күш, елеулі еңбекпен жағдайын түзеп, кең сарайдай үйінде ғұмыр кешіп жатқан, алайда жан қайығын жарға ұрып алғандай өмірлік деп қосылған серігімен сезімі сетінеп, ақырында ажырасқан Банудың бұлыңғыр тағдырына сәуле дарып, шуақ өте ме? Ойда жоқта жауыннан сағалап келген Асқар азаматтық таныта ала ма? Бұл сауалдардың жауабын аталған қойылымның соңында таптық.
Театр фойесі, яғни, екі сахнада өткен (екі бөлме) қойылым көрермені санаулы ғана болды. Қырық қаралы көрерменнің жан ділі, рухы мен санасы қос әртістің өнеріне байланды. Жеңіл әзіл, жарасымды диалог болғанымен қарапайымдылықтың қарабайырлыққа ұласпағаны ұтымды екен. Жауыннан сағалаған Асқар есік қоңырауына жауап қатпаған жас келіншектің үйіне еніп, онымен тіл табысу мақсатында түрлі айлаға барады. Ақырында өзімен қатар оқыған қыз екенін, бала кезден көкірегінде сезім гүлі бүр жарғанын айтып, арудың еске түсірмегеніне таңданыс білдіреді. Үйленгенін, алайда туыттан кеткен әйелінің артында 5 жасар қызы қалғанын айтады. Бану да мұнартқан махаббаттың баянсыз болғанын желдірте баяндап, ақыр соңында екеуі тіл табысып тілек қосысады ғой.
Негізгі шығарма композициясы осы! Дегенмен мұндағы жалпы элементтер жиынтығы мен ару монологы көңілге мұң ұялатады. «…Күйеуіммен осылайша ажырастым. Одан кейінгі елдің ойы белгілі, тіпті күйеуімнің жолдастары да көлігімен келіп есігімді торыды. Бәрі ажырасқан әйелді пайдаланғысы бар. Ойлары – бір ғана нәрсе» деген сарындағы тағдырға, яки тәңірге, бәлкім Асқарға шағынған Бану сөздері сананы төңкеріп тастайды-ақ. Жасыратыны жоқ, бүгінде тағдыр сынына төтеп бере алмаған жастар арасында жалғызбасты тірлік кешіп жатқан қыздар аз емес. Оның бәрін бір санатқа жатқызып, нәпсіқұмарлықпен байланыс орнату қазақ азаматына тән қылық па? Мұң езгісінде жүрген тағдырды тағы да сынауға рухани деңгейі төмен жігіт қана баруға тиіс еді…
«Біреумен араласа қалсаң анандай, кездесе қалсаң көңілдес деп күндейді» деген Бану сөзі де өтіріктен құралған, әсер үшін айтылған дүние емес-ау. Осы ретте уақыт туындатқан жағдаятқа жалқы да болса жауап қатқан қойылым жар жағалатқан жалғыздықтың соңы шыдамды қыз үшін жақсылықпен аяқталатынына көзімізді жеткізді. Көңілді қанағаттандырды.
Жалпы, «Бүлінбедім, мен бірақ бүлінбедім, бір бүлінсем жиналмас үгінді едім», – деп Алаштың аяулы ақыны Әбубәкір Қайран жырлаған құмыра-ғұмырдың ернеуі кетілді екен деп езгіге, жеңіл жолға түсуге де болмас. Бұл ретте өзінің әртістік шеберлігінің әрі шығарма авторы мен режиссердің еңбегі арқылы көрініс тапқан қойылым ғибрат алуға тұрарлық деп санаймыз. Толғанай Ізтілеу мен Мейіржан Нұров сахналаған иммерсивті қойылым театрсүйер көрермен ретінде жалқы жанымыздың аңқасына тамшы тамызғандай әсер қалдырды.
Иммерсивті қойылым демекші, бүгінде театр жанры көп. Бәрінің тамыры сонау еуропалықтардан тарайды. Әдетте мұндай атаудың соңына «қойылым» емес, «театр» сөзі тіркелетін. Мәселен, сахна өнерінің жаңа бағыттары қатарына физикалық, документальді (вербатим), сторителлинг, суретшілік, поп-ап, постдрамалықтың бәрі «театр» атауымен ұштасқан. Хош, не де болса осы негізде «қатысу эффектісін қалыптастыру» дегенді білдіретін, көрерменнің өзі қойылымның толыққанды бір мүшесі болып актерлердің айтуымен бір штрихтарды орындайтын туындыны иммерсивті театр деп атайтынын қарапайым оқырман назарына ұсына кеткіміз келді. «Таптым-ау сені» премьерасында да үйден қуып шыққан Асқарды балконнан кіргізу элементіне көрерменнің бірі септескенін де атап өткен жөн болар.
Қазақ театр өнерінде қолданыла бастаған жаңа бағыттағы қойылымдарды көріп жүрміз. Соның бірі ретінде алғаш рет Би-апа театрында сахналанған қойылым Жюль Верннің: «Біз сонау Гомер заманындағы боямалардан бас тартуымыз керек» деген сөзін еске түсірді. Уақыт дамыған сайын өнер де өркендеп, жасанып тұруы керек. Үнемі дәстүрлі драмаларды сахнада көре бермей осындай шағын аудиторияда сүйсіне өнермен сусындаудың өзі бақыт-ау. Бұл ретте өмір айнасы болған театрдың заманға, уақытқа үн қатып, жаңашылдыққа да ден қойғаны көңіл қуантты. Жанымыз жадырап, шынайы өмірді көргендей әсермен қайтып бара жатсақ та іштей қазақ қызы жалғыздық жарын жағаламаса екен деген тілекті де тілде үйірдік…
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





