Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қобылан Манап басшылық еткен жиында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталғандығы айтылды. Жиынға мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар қатысты.
Қобылан Тоқбергенұлы жастарға Президенттік жастар кадр резерві – жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құруға бағытталған жоба екенін жеткізді. Ол сондай-ақ, бұл шараға тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, барлық саладағы жас қатыса алатынын айтты. Бүгінге дейін іріктеуге 300-ден астам жетісулық жас өтініш беріп, арасында қызметке қабылданғандар бар. 50 үздік жас кадрлық резервтік тізімге енгізілді.
Айта кетерлік жайт, маусым айынан бастап, Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуге қатысу үшін pkrezerv.gov.kz сайтында құжаттарды қабылдау басталды. Құжаттар 30 маусымға дейін қабылданады. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен аз білмейтін Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Жиын төрағасы Қобылан Манаптың сөзінше, іріктеу бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, инфрақұрылым және өнеркәсіпті дамыту, сауда саясаты, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен, қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат пен инвестиция.
Тіркеу кезінде кандидат резервке алынған жағдайда еңбек қызметін жүзеге асырғысы келетін салалық бағытты таңдауы керек. Әрбір салалық бағыт үшін резервке алу квотасы көзделеді.
Іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Жұмыс кандидаттардың құжаттарын қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау, сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу, ұлттық комиссияның отырысы бойынша жүзеге асады. Іріктеу қорытындысының шешімімен 50 адам резервке қабылданады. Резервке алу туралы нәтижені жариялау ағымдағы жылдың 25 қазанынан кейін жоспарлануда.
Гүлжан ТҰРСЫН