«Жасыңды көрсет, болашағыңды бажайлайын» депті бір данышпан. Шыны сол, бүгінгі жас қандай, ертеңіміз сондай болмақ. Бүгінгі ағаштың жұпыны өсуі кешегі бағбаннан. Бабын келтірмегесін бұта қисық өсіп, көлеңкесі де көмескілеу көрінеді. Осындай тәмсілден кейін келешекті ойлағандар ұрпағына тәлімді тәрбие дарытып, жастарына бағыт көрсетуде.
Апта ортасында Жетісу өңірінде өскелең ұрпаққа бағдаршам болар ақжолтай бастаманың тұсауы кесілді. Баламасыз бастаманың атауы да ерек. «Ашық аспан астындағы ашық әңгіме» атауымен қолға алынған жоба жастар мен аға буын арасында еркін форматтағы кездесу.
Бұл бастаманың алғашқы қонағы Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов. Жеңіс саябағында өткен кездесуде қос тараптың қысқа әрі жылышырай сәлемдесуінен кейін сөз тізгінін тартқан «Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеев жуырда өткен «Level up: Жастардың даму мектебі» жобасы туралы таразылады.
Айтуынша, бұл жобаның жастарға берері көп. Әсіресе көшбасшы жастарға. Олар әрбір жаспен жұмыс жүргізу тәсілін меңгерген. Мәселен, қазіргі жастар дүниетаным, ой-өріске сай бірнеше топқа бөлінеді екен. Альфа ұрпақ, зуммерлер, миллиниалдар әрқайсысы қоршаған ортаны, қоғамды өзінше қабылдайды. Демек, олармен жұмыс істеу, жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу күн тәртібіндегі маңызды мәселе.
– Әр буынның өз пайым-танымы бар. Олармен жұмыс істеуде тілдесу маңызды рөлге ие. Альфа ұрпақ, миллиниалдар, зуммерлермен өз тілінде сөйлесу аса қажет. Осындай ауқымды мәселелер «Level up» алаңында таразыланды. Одан бөлек, еліміздің жастар саясатындағы өзекті тақырыптарға тоқталдық. Қазір жастар саясатында әлемнің озық елдерінің тәжірибелерін қолға алудамыз. Әсіресе, қоғамдық мәселелерді лекция форматында емес, кеш, фестиваль форматында шешуге тырысып жатырмыз, – дейді Шамиль Ванкеев.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы мен жастар ашық диалог құрды. Билік пен жастар арасындағы сенімді нығайту мәселелері, жаңа идеялар мен бастамалар ұсынылды. Әкім орынбасары көшбасшы жастарға тілеулестік танытып, өңірдегі өзекті тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітті.
– Жастар – еліміздің болашағы, қоғамның қозғаушы күші. Мемлекетіміз оларға үлкен сенім артып, жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – жастардың қолында. Жастарымыз – тың идеяның өзегі. Дейтұрғанмен, өмірде талай қиындық орын алады. Бірақ, әрбір қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Жастарымыз жан-жақты ізденіп, білім алып, тәжірибе жинақтап, еліміздің дамуына өз үлесін қосады деп білемін, – деді Диас Рахметұлы
«Текелі жастары» филиалының жетекшісі Айым Әбзелбаева жаңа форматтағы кездесуден қанаттанғанын жасырмады. Айтуынша, мұндай кездесулер көшбасшы жастарға мотивация болмақ.
– Өзімді басшы емес, көшбасшы деп санаймын. Сондықтан жастармен жұмыс жүргізуде жаңаша әдіс-тәсілдер қажет. Облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлымен кездесу және «Level up» Жастардың даму мектебі көп тәжірибе жинақтауға септесті, – дейді Айым Әбзелбаева.
Кездесу жастар мен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналып, еркін пікір алмасуға, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік берді. Қатысушылар болашаққа қатысты жоспарларымен бөлісіп, жаңа серпін алғанын да жасырмады.
Іс-шара жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға және оларды өңірлік бастамаларға қатыстыруға бағытталған.
Дастанбек САДЫҚ