Ауыл қариясы, ардагер аға Атай Жексенбаев өзі туып-өскен “Алғабас” ұжымшарының іргесін қаласып, ыстық-суығының қақ ортасында жүріп, 84 жасында өмірден озды. Бар ғұмырын елі мен жерінің өркендеуіне арнап, тер төккен азамат жайлы ой қозғауға бекіндік. «Үлкеннен – ұлағат, кішіден – салауат» деген өсиеттің бүгінгі және келешек ұрпақ тәрбиесіне ықпалы мол екені ақиқат. Саналы ғұмырында өмір сынағынан сүрінбей өткен қарттарымыздың өмір жолы жастарға үлгі.
Атай Жексенбаевтың есімін ауыл жұрты ерекше қадірлейді. Өйткені ол туған ауылын көркейтуге өлшеусіз үлес қосқан жан. Атекеңнің салиқалы еңбек жолы әріден басталады. Ол 1936 жылы есепші болып қызмет атқарды. 1940 жылы әскери борышын өтеу үшін әскерге шақырылды. Сонда жүріп Ұлы Отан соғысына аттанып, Смоленск, Харьков, Одесса бағытындағы майданның алғы шебінде жүріп, жаумен шайқасты. «Франфуртті, Берлинді алғанда Маршал Жуковтың қарамағында болдым» дейтін. Атай Жексембаев мыңдаған шақырымды артқа тастап өмір мен өлім арасында жүріп Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталып, туған ауылына оралды. Ауылға келісімен қызу еңбекке араласты. 1946 жылдан 1959 жылға дейін қой фермасының есепшісі, сиыр фермасының меңгерушісі, егіс бригадирі қызметтерін атқарды. 1959-1960 жылдары Атекең Шамалған құрылыс техникумында оқып, прораб мамандығын алып шықты. Содан 30 жыл прораб, құрылыс шебері болып еңбек етті. Бұл жылдар ішінде біріне-бірі сүйенген ұсқынсыз жер үйлер бұзылып, оның орнына көптеген еңселі ақ шатырлы үйлер салынды.
Атай аға басқарған бригада алыс отарлар қыстауларынан құ-дықтар қазып, көптеген үйлер тұрғызды. Осындай құдықтың бірі Қызылтоған бөлімшесінде қазылды. Ұзақ жылдар пайдаланып келген сыйымдылығы 500 тонналық астық қамбасын да Атекең басқарған құрылысшылар салған. 1980 жылдары зейнеткерлікке шыққаннан кейін де шаруашылықтан қол үзбей ұжымшарда керекті құрал-жабдықтарды дайындаушы қызметін атқарды. Жасының ұлғайғанына қарамастан Атай Жексенбаев жас ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп, мереке қарсаңында жастармен кездесуге арнайы қатысып, өткен күндерді еске алып, алдыңғы буын ағалар туралы жастарға естеліктер, тәлім-тәрбиелік маңызы бар әңгімелер айтып отыратын. Ардагер ағаның балаларының бәрі жоғары білімді ұстаздар. Өсіп-өнген шаңырақ иегері. Ол кісі 2004 жылы 84 жасында дүниеден қайтты.
Қара шаңырақтың отағасы баласы Еділ зайыбы Маржанмен бірге әке жолын жалғастырып отырған өнегелі отбасы. Ұрпақтары мереке сайын қара шаңыраққа жиылып, аунап-қунап қайтады. Өткен күнде ұл-қыздары берекелі тірліктерін танытып, әкелері Атай ағаның қайтыс болуына 10 жыл толуына, аналары Күлтайдың қайтыс болғанына 17 жыл толуына арнап аудан орталығындағы «Алатау» мейрамханасында еске алу ас мәзірін беріп, Құран оқытып, дұға бағыштатты. «Жақсының жақсылығын айт» дегендей, мұнда біршама адамдар естеліктер айтып, өткендерді еске түсіріп қайтты.
9 мамыр – Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Талай жанның өмірін қиған, талай жанның балалығын ұрлаған соғыс жылдары ешқашанда ұмытылмақ емес.
Аттарыңнан айналайын
ардагер,
Ұмытпайды, ұлықтайды
сендерді ел.
Амандықта жүріңдерші,
қарттарым,
Отан үшін отқа түсіп
келгендер.
Тоқдәлі АЛДОҢҒАРҰЛЫ
Алғабас ауылы,
Көксу ауданы





