Жетісу тауларында қар барысы көзге түсті. Бұл жайында «Табиғат» аңшылар қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы мәлім етті.
Наурыз айының соңында «Табиғат» қауымдастығы зоолог ғалымдар, аңшылар және аңшылық шаруашылығы мүшелерімен бірлесіп, Жетісу Алатауында жануарларға мониторинг жүргізген.
«Мұнда аңшылық шаруашылықтары аумағында «Тұрақты туризмді дамыту» жобасы аясында қар барысы мен басқа да сүт қоректілердің санын есепке алу жұмысы жалғасуда. Нәтиже өте жақсы. Ондаған камера сирек кездесетін жыртқыштарды тіркеді. Бүкіл дерек мамандарға жіберіледі», – дейді қауымдастық мамандары.
Бейнетұзақтан ақпарат алудан бөлек жануарларды визуалды есепке алу да ұмыт қалмайды. Бұл үдеріс барысында сирек кездесетін аңдар, атап айтқанда, Қызыл кітапқа енген арқарлар мен аюлар түскен. Аталған жоба CEPF және WWF атты халықаралық экология қорларының қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Айгүл Байжұмақызы





