Сөйлегеніне, іс-әрекетіне қарап-ақ мәдениеті мен тәрбиесі көрініп тұрады. Әлем аралап, өзі көрген қызықтарды қағазға түсіріп, видеоға жазып, оқырман мен көрерменге жиі ұсынып отырады. Қиыр жайлап, шет қонған, еліміздегі шегаралық аймақ саналатын Тарбағатай ауданына қарасты шағын ауылда дүниеге келіп, бүгінде Чехия астанасында тұрып, қызмет істейтін Руслан Меделбек әлемнің 50 елін аралап, кейінгі Олимпиада ойындарынан тұрақты түрде хабар таратып келеді.
Әр елден бір блог түсіріп, арнайы материал ұсынатын азаматтың алғашқы сапары неден басталғандығы және ағылшын тіліне деген қызығушылығы қалай оянғандығы бізге де қызық болды. Кейіпкеріміз: «Алғаш досым екеуіміз конкурстан 300 мың теңге ұтып алып, сол ақшаға 2011 жылы Париж қаласына бардық. Өміріме үлкен өзгеріс алып келген саяхат болды. Сол кезде ағылшын тілін үйрену керек екенін түсіндім. Елге келе сала тіл курсына жазылып, ағылшын тілін үйрене бастадым. Үш жыл оқыдым. Тіл білгенімнің арқасында жиі саяхаттадым, мүмкіндіктер көбейе түсті. Саяхатқа шықпасаң депрессия бола бастайсың. Үш ай сайын бір жерге барып тұру керек. Қазақстанға келгенімнің өзі – мен үшін саяхат. Қырғызстанға, Ыстықкөлге, Самарқанға барсаң, ол үшін мақтану керек. Адам өз-өзін көтеруі тиіс. «Ой, мен Қырғызстанға ғана барғанмын» демей, «Қырғызстанға, Өзбекстанға бардым» деп мақтанып, нық-нық айтыңыздар. Көрші елдерді аралаудың өзі – бір жетістік», – дейді. Ал тіл меңгерудің жолын сұрағанымызда, Руслан: «Тіл үйренетін адамның мақсаты болуы керек. Ол жай мақсат болмасын. Менің ең үлкен мақсатым – Олимпиада ойындарына бару болды. Халықаралық олимпиаданың журналистерге арналған академиясы бар, сонда оқу үшін ағылшын тілін білу керек болды. Үлкен мақсатыңыз болмаса үйренуді бастап, артынша тастап кете бересіз. Мысалы, жастар «Болашақ» бағдарламасынан мотивация алады. «Болашақпен» оқығысы келеді, шетелге барғысы келеді. IELTS-тан кем дегенде 5 балл алу керек деген сияқты мақсат қояды. Жұрттың бәрі ағылшынды үйреніп жатыр, мен де үйренейін дегеннен ештеңе шықпайды. Тіл үйрену үшін адамға бірінші мақсат, екінші ерік-жігер керек», – дейді.
Русланның тілді еркін меңгеруіне сол кездегі әлеуметтік желінің кең қолданысқа енбеуі де көмегін тигізгендігі анық. Жастардың басым бөлігі бүгінде уақытын ғаламторда өткізіп, онлайн өмірге үйреніп алғандығы жасырын емес. Ол жөнінде Руслан: «Әлеуметтік желіге жұмсайтын уақытты қысқарту керек. Ерік-жігерді тәрбиелеу үшін күніне бір сағат қана желіге қосылыңыз. Немесе, күніне үш сағат смартфонға қарамауға өзіңізге серт беруге болады. Оның орнына кітап оқып, басқа пайдалы іспен айналысқан абзал. Өзіңмен келісімшарт жаса. Айналаңды да өз дағдыларыңа байланысты тәрбиеле. Белгіленген уақытта Инстаграм, Тик-Ток қарамаймын деп, сол уәдеңді орындасаң, нәтиже шығады», – дейді. Алдыңа қойған мақсатты өзің біл және біреуге бір нәрсе дәлелдеудің қажеті шамалы дейді кейіпкеріміз. «Адам мақсатына жеткен сайын қарапайым бола бастайды. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емес екеніңді білгенде ғана өзіңе көңілің толады», – деп түйіндеді өз сөзін Руслан.
Жиһанкез журналист өзі барған елдердің ішінде Швейцария, Түркия, Чехия, АҚШ және Ұлыбританияның ұнағандығын айтты. Ал келешекте Уругвай, Исландия, Аустралия сынды мемлекеттер бар.
Серік ҚАНТАЙ