23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай ұйымдастырылған Алматы облысы мемлекеттік қызметшілері арасындағы XIII жазғы спартакиада өз мәресіне жетті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырған спартакиадаға облыстың 17 ауданы мен 3 қаласынан мемлекеттік қызметшілердің, облыс әкімдігінің, құқыққорғау органдарының командалары қатысып, өздерінің спортқа деген құштарлығын танытты.
Шағын футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, үстел теннисі сынды спорттың 7 түрінен өткізілген спартакиада салауатты өмір салтын насихаттауға негізделген. Сондықтан құқыққорғау органдары мен орталық атқарушы органдардан құрылған топ ішінде І орынды облыстық полиция департаментінің мамандары иеленсе, ІІ орынды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің командасы еншіледі. Ал, жүлделі ІІІ орын облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне бұйырды. Ал, жергілікті атқарушы органдар арасындағы жарыста І орынды Талдықорған қаласының әкімдігі, ІІ орынды Алматы облысының әкімдігі, ІІІ орынды Алакөл ауданының әкімдігі жеңіп алды. Жүлдегер командалар дипломмен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Спорт – әділдік пен тәртіпке шақыратын өнер болғандықтан заманауи мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы тиіс басты құндылықтар – ашықтық, тиімділік, нәтижелілік, жауапкершілік пен бастамашылдық жарысқа қатысушылардан анық көрінді.
Арнайы бет ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті ұсынған мәліметтерден дайындалды.
Мәди АЛЖАНБАЙ





