Жаркент өңірінің диқандары аудандағы жалпы егістік көлемін 44 мың гектардан асыруды жоспарлапты. Оның ішінде жүгері дақылы егістігін 23 мың гектардан асырмақ.
Қазір жүгері тұқымын егу жұмыстары қарқын алды. Бүгінге дейін 13 мың гектарға жуық алқапқа «дала аруының» дәні егілді. Жүгерішілер биыл жер ылғалының молдығы мен күн қызуын пайдаланып, сәуір айының алғашқы аптасынан бастап жер жыртып, тұқым себуді бастап кеткен. Оған дейін топырақ жылуын көп талғамайтын жаздық арпа, бидай, көп және бір жылдық шөп, картоп, бақша, майлы дақылдар егу жұмыстары қолға алынып, жоспарланған іс тиянақты тындырылды.
– Көктемгі егін егу науқаны, алдын ала жоспарлағандай, ретімен атқарылуда. Бүгінге дейін жаздық дәнді дақылдардан 321 гектар алқапқа арпа-бидай, 84,6 гектарға майлы дақылдар, 754 гектарға картоп, 518 гектарға көкөніс түрлері мен 139 гектар жерге бақша егіліп, бұл бағыттағы жұмыс толық аяқталды. Ал жүгері тұқымын егу мамыр айының соңына дейін аяқталады. Науқанға жалпы 1273 ауылшаруашылығы техникалары қатыстырылуда. Олардың 738-і шынжыр табанды және доңғалақты тракторлар, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Қуанышбай Есмұрат.
Биылғы науқанға қажет 550 тонна «дала аруының» сұрыпты, буданды тұқымдары әзірленген. Қожалықтардың мемлекеттік агропорталына берген өтінімдеріне сәйкес көктемгі дала жұмыстарына 231 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Қазір арзандатылған жанармайдың бәрі тиесілі қожалықтардың қолына тиді. Жалпы бұл жұмысқа 1800 тонна жанармай жұмсалмақ. Егіннен мол өнім жинау үшін өңір қожалықтарына 15 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқаштар қажет.
Бұл мәселені шешу үшін өткен жылдан бері арнайы шұғылданатын кәсіпорын құрылып, олар Ақтау мен Тараз қалаларындағы тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорындармен байланыс орнатып, биыл ауданға 10 мың тоннадан аса тыңайтқыш жеткізіп, таратты. Жалпы көктемгі егін егуге қажет барлық жұмыс талап деңгейінде атқарылған. Нәтижесінде науқан сәтті өтуде.
Мырзағали Нұрсейіт