Елбасымен түйдей құрдаспын. «Құрдастың құны бір» дегенді халқымыз тегін айтпаған. Нұрсұлтандай тұлғаны қазаққа ХХ ғасырда ұлы Құдіреттің өзі сый етті. Өйткені, ғасырда бір туатын Назарбаевтай перзент тым сирек. Сондай қасиетті кісімен төрт рет жылы шырайлы кездескенімді өзіме үлкен бақыт санаймын.
Дегерес ауылында мектеп директоры болып жүргенімде 1981-1983 жылдары қатарынан үш рет Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаевты қарсы алдық. Димекең Дегерес жылқы зауытына соңғы келгенінде жанындағы он жеті кісінің бірі қазіргі Елбасымыз екен. Отырғандарға: «Мына жігіт осы елдің тумасы, Қарағандыда қызмет істеп жүрген жерінен жаныма ауыстырып алдым, болашағынан үлкен үміт күтемін!», – деп көзі жайнаған әдемі жігітті таныстырды. Сонда құрдасым екеуміз де қырықтан жаңа асқан екенбіз ғой.
1991 жылғы желтоқсанның онында Алматыдағы Республика сарайында өткен Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті қызметіне кірісуіне арналған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сессиясының салтанатты мәжілісіне арнайы шақырту алдым. Онда Нұрекеңнің жанына жақын бара алмадым. Кейінгі ұрпағыма ескерткіш болсын деген оймен сол шақыру қағазымды қымбат дүние ретінде әлі сақтап жүрмін. Одан кейінгі кездесуім 2005 жылы болды. Сол жылғы Президент сайлауының алдында Елбасымыз Ұзынағашқа келді. Сол жолы мен халық атынан тілек айтып, құрдасыма бата бергенмін. Сонда былай дедім:
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Елге келген қадамыңызға гүл бітсін! Біз, Жамбыл ауданындағы жерлестеріңіз, өзіңізді әрдайым мақтан тұтамыз. Қасиетті Қарасай батырдың, Сүйінбай мен Жамбылдай саңлақ ақындардың топырағынан нәр алған, текті атадан жаралған сіздей азаматтың алдымызда абыроймен жүргені Алланың қазаққа көзі түзу екенін көрсетеді. Өсіп-өнген, өркендеген ынтымақты еліңіз бар, ұлан-байтақ жеріңіз бар. Барлық Алаш баласының қазіргі бақытын біз бүгін сіздің есіміңізбен байланыстырамыз. Бейбіт өмірдегі баянды күлкі-қуанышымыз, қол жеткен байлығымыз сіздің арқаңызда жүзеге асып жатқанын білеміз. Сол үшін де сізге айтар рахметіміз шексіз. Біз әрқашан сізбен біргеміз. Сізді қолдаймыз, қуаттаймыз. Енді мына жиылған халқымыздың атынан сізге бата берейін:
Құрдасым бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Нұрсұлтаным, ардағым,
Халқыңның болдың қорғаны.
Көтере білдің илікпей,
Заманның ауыр салмағын.
Қорған болдың халқыңа,
Ел сүйсінді даңқыңа.
Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпей,
Өзің бастап аңқылда.
Жай оғындай жарқылда,
Қиындықтан тартынба.
Бәріміз дауыс береміз,
Сене бергін, ардағым,
Мұндағы туған халқыңа! – деп игі тілек тілегенмін.
Елбасымен 2007 жылғы 8 тамызда тағы кездесіп, қолын алып, алдында тілек айту тағы да маған бұйырды.
Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы!
Ғасырлар бойы азаттықты, тәуелсіздікті арман еткен ұлтымыздың ой-тілеуі орындалды. Қазақстан әлемге жаңа келбетімен танылды. Қазақстан сіз ұсынған әлеуметтік-экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асырудың нәтижесінде бүгінгі зор жетістікке жетті. Халықаралық қоғамдастыққа сенімді әріптес ретінде танылды. Мұның бәрі ел бірлігін, мемлекет тұтастығын ойлаған сіздің білгір басшылығыңыздың, алысты көздеген даналығыңыздың арқасы екені көкірегі ояу, көзі ашық адамға айдан анық. Сіздің саясаткерлігіңіз әлем мен халықтың назарында. Сіздің халық өнерінің дамуына, көркем-өнерпаздар ұжымдары мен отандық өнер жұлдыздарына деген қамқорлығыңыз бен ерекше ықыласыңызға тәнті болудамыз. Республикада жүргізіліп жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы мен таяуда ғана тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет көркем туындылар бойынша өткен мемлекеттік грант байқауы соның айғағы. Мен ана ретінде ұрпақтың қамын ойлап, еліміздің амандығын тілеймін. Халқымыздың кемел келешегі, жарқын болашағы сіздің білікті басшылығыңыз, өрісті ойларыңыз бен бағдарлы жұмыс бағыттарыңызға байланысты. Сіздің басқарған – «Нұр Отан» партиясы ел болашағының, жасампаздықтың партиясы. Ертеңгі болатын сайлауда біздің таңдауымыз да осы партия болмақ. «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасында әйел-еңбекқор, әйел-ана, жастар, соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық көрсету шаралары маңызды орын алған. Бұл бағдарламалардың жүзеге асатынына күмән жоқ. Себебі, «Нұр Отан» партиясын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз басқарып отырсыз.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Жұлдызыңыз әрқашан жарық, ғұмырыңыз ұзақ болсын! Елдің қыранына, ұрпақтың ұранына айналыңыз! Сіз бастаған тәуелсіз қазақ елінің көші келісті, өрісі кеңісті болсын деген құрдастық ақ тілегімді қабыл алыңыз!» – дедім сонда.
2011 жылдың 5 наурызында өткен республикалық әйелдердің І съезіне ауданнан делегат болып барғанымда, Елбасының сөзін тыңдап, жиыннан кейін бәріміз қолынан күміс алқа алдық. Сонда Елбасының арқасында Қазақстан бүкіл әлемге танылғанының тағы бір куәсі болдық. Қаншама елден делегаттар келді, елімізді көрді. Сондағы Елбасының сөзі әлі есімде. Қысқаша айтқанда бүй деді: «… Бүкіл 20 жыл ішінде экономикада толық дағдарыс орнаған аса күрделі және одан кейінгі мемлекеттік құрылыстың табысты жылдарында сіздер әр кезде бірге болып, менің бағытыма, барлық қадамыма қолдау көрсетіп отырдыңыздар. Ол кезде көптеген адамдар сенбесе де, сіздер мен біз жеңіске жеттік, сол үшін сіздерге зор рахмет, қымбатты Қазақстан әйелдері! Әйелдермен өткізген уақытты бос кеткен уақыт деп есептеуге болмайды, өйткені, әйел жаңа жасампаздыққа рухтандырады. Съезге қатысып, Қазақстанның ең лайықты әйелдерімен тілдесуді мен дәл осы тұрғыдан қарастырдым. Әйелдер жиі күлетіндіктен еркектерге қарағанда ұзақ өмір сүреді. Сіздерді әр кезде де күлкі әсемдендіре түссін!
Алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің байлығымыз. Сондықтан ана мен бала тағдыры мемлекет қамқорлығынан бір сәт те тыс қалған емес. Өйткені, олар біздің болашағымыз. Біз болашаққа бірге барамыз, кемел келешектің берік іргесін бірге қалаймыз!», – деді. Міне, Елбасымыздың көп еңбегінің бастысы – әйелдердің жағдайын жан-жақты ойлап, балаларын өсіруге, өздерінің билік басына баруына, мемлекет ісіне араласуына ықпал жасауы. Осы жақсылықтардың барлығын мен де көріп келемін.
Мен Елбасының барлық Президент сайлауы мен «Нұр Отан» партиясы сайлауында үзбей аудандық штабта жұмыс істедім. Нұрекеңнің еңбектерін ауданда, ауылдарда өткізілген жиындарда халыққа түсіндіріп, Елбасына арнаған өлеңдерімді оқып, өзім жетекшілік ететін «Ақ әжелер» халықтық ансамблінің күшімен концерт бердік. Осылайша халық аса құрметтейтін Президентімізге деген сүйіспеншілігімізді үнемі жарқырата көрсете білдік. 2019 жылғы Президент сайлауында қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді өкілі болып Алғыс хат алсам, оған дейін Н. Назарбаевтан 5 рет Алғыс хат алған екенмін.
Сонау 1940 жылы дүниеге келген біздер биыл сексеннің сеңгіріне шықтық. Әйел қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар екенін терең түсінген құрдасыма – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Жамбыл атамыздың жасын берсін деп тілеймін!
Күміс ПАРМАШҚЫЗЫ,
ҚР Оқу ісінің үздігі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Жамбыл аудандық аналар кеңесінің төрайымы





