Ауыл шаруашылығы саласын өркендету мен майлы дақылдар өндірісін ұлғайту бағытында Жетісу облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Өңірдегі аграрлық сектордың әлеуеті жыл сайын артып, диқандар жаңа белестерді бағындырып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі сайтына сілтеме жасап.
Аймақтағы жалпы егістік көлемі 510-511 мың гектарға жетіп, соның ішінде 106-107 мың гектары майлы дақылдарға тиесілі. Әсіресе ішкі мен сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие күнбағыс дақылына ерекше назар аударылуда. Шаруалар аталмыш бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, нәтижесінде 34-35 мың гектар жерге өсімдік екті. Мамандардың пайымынша, алдағы уақытта шаруашылықтар 62 мың тоннаға жуық мол өнім алады.
Осындай тың бастамаларды сәтті жүзеге асырып жатқандардың қатарында Кербұлақ ауданындағы «Абыхан» шаруа қожалығы бар. Мұнда бір жыл ішінде күнбағыс алқабы төрт есеге ұлғайып, 400 гектарға жетті. Алқапта «Суматра» және «Пионер» гибридті сорттары өсіріледі. Шаруашылықтың жерлері жасанды суару жүйесі жоқ тәлімі жерлерде орналасқан. Мұндай жағдайда дақыл өсірудің әр кезеңі ерекше маңызды. Сырт көзге күтімі жеңіл болып көрінгенімен, күнбағыстан мол өнім алу үшін агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажет. Заманауи техникалар мен мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялардың арқасында шығындардың бір бөлігі өтеліп, жұмыс қарқынды жүруде.
Шаруашылық басшысы Серік Абықанов:
– Алғашқы лизингті 1994-1995 жылдары алып, мемлекет қолдауының арқасында «КАМАЗ» жүк көліктерін, комбайндар мен МТЗ тракторларын сатып алдық. Соңғы рет 2024 жылы лизинг рәсімдеп, бірқатар техниканы, оның ішінде К-700 тракторын сатып алдық. Оның құны шамамен 100 млн теңге болды. Сонымен қатар күнбағыс тұқымдары мен тыңайтқыштар сатып алуға субсидия алдық. Шығындардың бір бөлігін мемлекет өтейді. Қолдау көлемі шамамен 25-30% құрайды. Өткен жылы алғаш рет күнбағыс егіп, сынақтан өткіздік. Нәтижесі көңіл қуантып, әр гектардан шамамен 2 тоннадан өнім жиналды. Осыған байланысты биыл күнбағыс алқабының көлемі 400 гектарға дейін ұлғайтылды, – деді.
Диқан өз жоспары туралы былай деп бөлісті:
– Биыл ауа райы қолайлы болып тұр. Сондықтан әр гектардан 2 тоннадан астам өнім аламыз деп межелеудеміз. Күнбағысты қазан айында жинауға кірісеміз. Жиналған өнімді Талдықорған қаласындағы «Жетісу Мажико» агрокомплексі» ЖШС-не өңдеуге өткізуді жоспарлап отырмыз.
«Абыхан» шаруа қожалығының оң нәтижесі өзге де шаруашылықтарға үлгі болып, бүгінде бұл дақылға деген қызығушылық едәуір артты. Серік Абықановтың айтуынша, биыл округте күнбағыс егуге шамамен 3-4 мың гектар жер бөлінген.
Өңірдегі күнбағыс, Жетісу облысы, ауыл шаруашылығы жаңалықтарын қалт жібермеу үшін сайтымызды тұрақты түрде бақылап отырыңыз. Күнбағыс егіп жатқан шаруалардың жетістіктері өңірдің экономикасына үлкен серпін беруде. Тұрғындар мен кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы бағытындағы жаңа жобаларды қолдап, өз пікірлерін қалдыра алады.





