Адам өмірінде үлкен белеске жол ашатын, тағдырын күрт өзгертетін жағдайлар болады. Мен үшін ондай сәт – грант иегерлері тізімінен өз есімімді көруден басталды.
Бас қаланың үздік оқу орындарына оқуға түсіп, қуаныштан төбем көкке жетіп, арманымның соңынан кетуге асықтым. Бір жағынан туған қалам – Талдықорғанды қимадым. Осылайша білім жолындағы үлкен сапарым басталды.
Астана – өзіндік мінезі бар қала. Ел арасында «Астананың ауа райы сияқты адамдары да суық» деген пікірді жиі еститінмін. Бірақ елордаға келген соң бұл пікірдің мүлде кереғар екенін түсіндім. Астана тұрғындары өте мейірімді, жүздері жылы әрі еңбекқор. Көшеде мақсатсыз, бос жүрген адамды кезіктіру қиын. Айналада жүріп жатқан тоқтаусыз құрылыс, бітпейтін қозғалыс үнемі алға жетелейді.
Бас қаланың ұнайтын бір тұсы – оның саяси мәртебесі. Әсіресе, шетел Президенттері келерде қала ішінде қызу дайындық басталады. Осындай қарбаласты өз көзіңмен көру – ерекше сезім. Қаланың аспанмен таласқан зәулім ғимараттары, гүлзарға толы таза саябақтары, кең көшелері сондай әдемі.
Елорданың жалынды жастарға берер мүмкіндігі де өте көп. Ойын-сауық кешендеріне, сауда орталықтарына, үлкен кітапханаларға жол ашық. Университетке келген алғашқы жылы кітапхананың ішінен бос орын таппай, қиналып қалатынмын. Кейін дәл сол көрініс жаныма сондай жақын болып кетті.
Театр – мен үшін бөлек әлем. Құрбыларыммен репертуары үнемі жаңа қойылымдармен толығып отыратын рухани ордаға жиі барамыз. Қысқасы, аз уақыт ішінде бас қала жаңа мүмкіндіктер мекеніне айналды.
Әр қаланың өзіндік ерекшелігі бар. Талдықорған перзентін құшағына басып, маңдайынан сипап, бар мейірімі мен махаббатын төгетін ананы елестетеді. Ол бойымдағы адамгершіліктің, ізгілік пен рухани тамырымның негізіндей. Ал Астана үнемі алға нық қадам басуға, талап қойып, үлкен мақсаттарға жетелейтін құдды бір әкенің бейнесіндей. Бірі – өмір сыйлап, бірі – сол өмірдің бағытын айқындап бергеніне қуанамын.
Жәнел ҚҰМАРЖАН,
ЕҰУ филология факультетінің студенті





