«Таза Қазақстаным, таза Атамекенім!» республикалық челленджі облыстық бизнес-қауымдастығы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерін игі іске жұмылдырды.
Сенбілік Текелі қаласындағы кәсіпкерлер аллеясында өтті.
Орталық саябақта 2014 жылы кәсіпкерлер аллеясы ашылған. Осы жылдар ішінде ол Текелі қаласы бизнес-қауымдастығының бірлігі мен әлеуметтік жауапкершілігінің символы ретінде қалыптасты. Қалалық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Ертай Дүйсебаев аллеяны құру – кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділовтың идеясы екенін атап өтті.
– Бұл – қаланы дамыту үшін жаңа идеялар ұсынатын жанның бастамасы еді. Сол кезде біз, кәсіпкерлер, бірнеше қайың мен шырша отырғыздық. Содан бері ағаштарға өзіміз күтім жасадық. Ал қазір бұл жұмысты жас кәсіпкерлер жалғастыруда. Бүгінде ортақ еңбектің нәтижесін көріп, шаһарды көркейтуге үлес қосқанымызға қуанамыз, – дейді Ертай Дүйсебаев.
Экологиялық бастамаларды қолдау және бизнестің қоғам үшін маңызы бар жобаларға қатысу өңір кәсіпкерлер қауымдастығының әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды бөлігі болып қала береді.
– «Таза Қазақстаным, таза Атамекенім!» челленджі – бұл жай экологиялық акция емес, кәсіпкерлерді ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірудің үлгісі. Шараға тәжірибелі кәсіпкерлер де, жастар да қатысып жатқаны өте маңызды. Мұндай бастамалар жауапкершілікті қалыптастырып, ел дамуына үлес қосуға ұмтылыс тудырады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев.
Челлендж қатысушылары қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, аумақтарды көгалдандыру және қоршаған ортаға жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Игі бастама ұрпақ арасындағы байланысты нығайтып, кәсіпкерлер қауымдастығын туған жерді құрметтеу сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіреді.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Текелі қаласы





