Талдықорған қаласындағы Жетісу облыстық жинақтау пунктінде күзгі әскер қатарына шақырылған жастарды аттандыруға арналған арнайы іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен басталған салтанатты шараға аймақтағы қорғаныс істер департаментінің жауаптылары, Қарулы күштер, Ауған және Ауған-тәжік соғысының ардагерлері мен әскерге аттанушы жастардың ата-ана, туыс-туғандары қатысты.
Жауаптылардың сөзінше, биыл өңірден 2 мыңнан астам адам әскерге аттандырылады деп жоспарланған. Қазіргі әскер қатарына шақырылып жатқан жастардың көңіл күйі жақсы, әскери борышты өтеуге деген ынтасы зор. Өйткені, бұл сарбаздарға Қазақстан Республикасы Президентінің ұйғарымымен жоғары оқу орындарына түсуге бар мүмкіндік қарастырылған. Бастысы әскер ең алдымен ішкі тәртіпті қалыптастырып, жастарды жауапкершілік жүгін арқалай білуге баулитын бірден — бір орта.
– «Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азаматтың міндеті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қашанда халықтың ұлы болу – әрбір азаматтың биік арманы», – деді подполковник Рүстем Рахымбаев.
Шара барсында сөз алған ата-аналар балаларының Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, аман-есен оралуын тілеп, ақ батасын беріп аттандырды.
Айдын КӘЛІМХАН





