Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері бір жыл бойы іздеуде жүрген шетелдік азаматты іздеп тапты.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іздестіру тобының жедел уәкілдері Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметкерлерімен бірлесіп, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізген. Нәтижесінде, Рахат ауылының 29 жастағы тұрғыны бір жылдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде мемлекетаралық іздеуде жүргені анықталды.
Ер адамды Қарақалпақстанда тұратын ата-анасы іздеп жатқаны белгілі болды. Іздеу жарияланған азамат туралы, оның нақты тұрғылықты мекенжайы мен уақытша тіркеуі жайлы мәлімет іздеп жатқан органға жолданды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





