Талдықорғанда тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін түрлі ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істейді.
Адам көп шоғырланатын мұндай нысандарда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым басты назарда болуы тиіс. Осы бағыттағы өзекті мәселелер Тіл сарайында өткен құқық қорғау органдары өкілдері мен кәсіпкерлердің кездесуінде талқыланды.
Жиында Талдықорған қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Марат Сматов демалыс орындарындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі мәселелеріне тоқталды. Бұдан соң ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Тойбаев пен Талдықорған қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ердос Нұрпейсов сөз сөйлеп, профилактикалық жұмыстардың маңызын атап өтті.
Жиында айтылғандай, құқықбұзушылықтың алдын алуда ең тиімді тәсілдердің бірі – профилактикалық жұмыс. Полиция қызметкерлерінің рейдтері, ойын-сауық орындарындағы жағдайды бақылау, бейнебақылау жүйелерін пайдалану және азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу құқықбұзушылықты ерте анықтауға мүмкіндік береді. Талдықорғанда бейнебақылау жүйелері бұған дейін де қоғамдық орындардағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы ретінде қолданылып келеді.
Ойын-сауық мекемелерінің әкімшілігіне де жауапкершілік жүктеледі. Келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі тәртіпті сақтау, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу және кәмелетке толмағандарға қатысты заң талаптарын қатаң орындау – нысан иелері мен қызметкерлерінің маңызды міндеті. Әсіресе түнгі уақытта тәртіпке ерекше мән берген жөн. Мас күйінде қоғамдық орындарда жүру, ұсақ бұзақылық, төбелес, тыныштықты бұзу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз түнгі уақытта жүру сияқты фактілердің алдын алу үшін тұрақты бақылау қажет. Мұндай тәжірибе еліміздің өзге аймақтарында да рейдтік іс-шаралар арқылы жүзеге асырылуда.
Кездесуде алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлердің өзара іс-қимылының маңызы зор. Себебі қауіпсіз орта тек бақылау шараларымен ғана емес, ең алдымен алдын алу жұмыстары мен ортақ жауапкершілік арқылы қалыптасады.
Соңында Талдықорған қаласының полиция басқармасы мен қаладағы ойын-сауық мекемелерінің кәсіпкерлері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Аталған құжат құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмысты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Айгүл БАЙБОСЫН





