Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және қадағалау органымен, сондай-ақ Чехия Республикасының полициясымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық арнаның көзін жойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz ведомстволық сайтына сілтеме жасап.
Ұзақ уақыт бойы жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары, мұқият жоспарлау және екі елдің құқық қорғау органдарының жоғары деңгейдегі үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық топтың қызметі толықтай әшкереленіп, жолы кесілді. Осы қылмыстық іс аясында күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехия Республикасының Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Қазақстанның Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында бір мезгілде ауқымды тінту жұмыстары жүргізілді. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың мәлімдеуінше, тергеу әрекеттері барысында күдіктілердің заңсыз қызметін толық дәлелдейтін көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар мен заңсыз жолмен табылған ірі көлемдегі қолма-қол ақша тәркіленген.
ІІМ таратқан ресми мәліметке сәйкес, бұл қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында күдіктілер Қазақстан мен көршілес ТМД мемлекеттері азаматтарының құпия жеке деректері шоғырланған және заңсыз саудаланатын жабық интернет-ресурс құрған. Ірі киберқылмыстық топ ішінде нақты иерархиялық құрылым мен қатаң тәртіп орнағаны белгілі болды. Онда әрбір қатысушы өзіне жүктелген арнайы міндеттерді ғана атқарып отырған: бірі қылмыстық схеманы тікелей үйлестірумен айналысса, келесілері жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты келіп түскен тапсырыстарды қабылдап, өңдейтін операторлар қызметін атқарған. Ал заңсыз жолмен тапқан миллиондаған қаражатты ізін жасырып, қолма-қол ақшаға айналдыру үшін олар бөгде тұлғалардың атына ашылған арнайы дроп-аккаунттарды пайдаланып келген.





